ТҮРКІСТАНДА БЮДЖЕТТІҢ АШЫҚТЫҒЫН ЖӘНЕ ТИІМДІ ЖҰМСАЛУЫН БАҚЫЛАУ БОЙЫНША ОНЛАЙН ОҚЫТУ ТРЕНИНГІ ӨТТІ
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері «Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету» тақырыбында ZOOM платформасы арқылы оқыту семинарын өткізді.
Ақпаратқа қолжетімділікті нығайту және мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмсалуы бойынша онлайн режимде өткізілген бейне-дәріске облысқа қарасты Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жергілікті менеджерлері қатысып, семинар барысында облыстық бюджеттің ашықтығы мен жүзеге асырылуы, сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығы бойынша толымды мәлімет алды.
Атап айтсақ, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі істер жөніндегі офицері Нұрлан Құдайберген және Департаменттің бас маманы Нұрсерік Оразалы 2 бағыт бойынша өрбіген оқыту семинарына спикерлік етті.
Семинар барысында Агенттікпен іске қосылған «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы арқылы нақты уақыт режимінде қала нысандарды салуға, жөндеуге бөлінген бюджеттік қаражат туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді білуге, бөлінген сомалар мен бюджеттік шығындардан толық хабардар болуға мүмкіндік беретіндігі түсіндіріліп, бүгінгі күні жоба аясында Түркістан облысында жалпы құны 785,23 млрд теңгеге 2694 бюджет жариялағандығы хабардар етілді.
Сондай-ақ, жыл басынан бері Департаментпен «Мемлекеттік сатып алу» Веб-порталына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, 1,7 млрд.теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделгені атап өтіліп, мониторинг жүргізудің жолдары мен жүзеге асырылу барысы баяндалды.
Тренинг соңында тақырып аясында қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауап беріліп, ел бюджетінің жүзеге асырылуы бойынша жолданған ұсыныс-пікірлер талқыланды.