ТҮРКІСТАНДА ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТКІЗІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші Ұлттық құрылтайдың отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тақырып аясында көтерген рухани мәселелерді жүзеге асыруды мақсат еткен дөңгелек үстелге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Закиева, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының өкілдері және құқық қорғау органдарының өкілдері, дін (мешіт) қызметкерлері, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ) мүшелері, оңалту саласына жауапты дінтанушы-теолог мамандар, қала, аудан әкім орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің дін саласына жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
— Әзірет қонған қасиетті төріміз, күллі түркі дүниесі қастер тұтқан алтын қазығымыз Түркістанда жиналып отыруымыздың маңызы зор. Естеріңізде болса, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Марал ишан бабамыз Кенесары ханға сыйлаған құранды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына беруді тапсырған болатын. Аталған асыл мұра күллі түркі әлемінің ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылмақ. Бұл халқымыздың рухани өміріндегі елеулі оқиға болары анық. Таяуда Сенат төрағасының басшылығымен Мысыр, Шам, Құдыс қалаларында болып Байбарыс бабамызға қатысты іс-шараларға қатыстық. Күллі мұсылман әлеміне әмірін жүргізген, өзін қос құбыланың сардары атаған Байбарыс бабамыздың Ясауи ілімінен сусындағанын жаңа деректер айғақтап отыр. Бұл тақырыпта жаңа зерттеулерге толы ауқымды еңбек жуықта жарық көреді. Алдағы уақытта «Ислам энциклопедиясы» атты көлемді еңбек дайындалып жатыр. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президентіміз ортаға салған сындарлы тұжырымдарын, сарабдал ойлары мен тапсырмалары бүгінгі басқосуда тереңнен талқыланады деген ойдамыз. Діннің өзегі тәрбие екенін ескерсек, жастарымыз тура жолдан тайқып, жат ағымдардың жетегіне ермеуі үшін отбасы құндылықтары ұлттық тәрбиенің негізі болуы тиіс. Бұл ретте қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірі дәстүр мен дінді берік сақтап, ұлттық болмысымыздың алтын арқауын үзбей келеді. Отан отбасыдан басталатындығын ескеретін болсақ, қоғамда әулет құндылықтарын дәріптеу дін қызметшілері жұмысының басым бағыты болуы тиіс. Бүгінгі жиынымыз Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымы аясында қоғамда ізгілік құндылықтарын қалыптастыруда өз септігін тигізеді деп сенеміз. Осы орайда, «Рухани астанамызда» рухани бағдарымызды бағамдап, өзекті мәселелерді көтеріп, ұтымды ұсыныстар айтылады деген ойдамыз,-деді өз сөзінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі.
Әл-Фарабидің қайырымды қоғам тұжырымы, Жүсіп Баласағұн негіздеген мемлекет ұстыны, Қожа Ахмет Ясауидың кемел мұсылманы, Абай өлеңдеріндегі 5 асыл іс – мұның бәрі де әділетті мемлекет, ізгі қоғам, адал адам үштағанына іргетасы. Министр соңғы кездері жастардың белсенді рухани ізденістері айқын байқалатынын, діннің қоғамдағы орны мен маңызы артып келетінін атап өтті. Бұл бағытта Мүфтияттың заман мен қоғам талаптарына сай шығарып жатқан пәтуалары мен ғылыми ізденістері, жастардың талпынысы артып келе жатқанын мәлімдеді.
Маңызды шарада сөз алған Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қалыптастырудың қажет екенін мәлім етті. Осы орайда киелі Түркістанның тарихы мен Ясауидің мұрасы және Кесененің тұрғызылуы туралы тарихи фильм түсіруді ұсынды.
— Бүгінгі жиынның маңызы Түркістан өңірі үшін өте жоғары. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осыдан екі ай бұрын киелі Түркістанда өткізген Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын «Киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы» – деп атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырды. Қазіргі уақытта осы бағытта тиісті заң жобасы әзірленді. Түркістан қаласына берілетін жаңа мәртебе, қаламыздың одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сан ғасыр Орта Азия, одан әрі бүкіл түркі дүниесінің киелі шахары болған Түркістан қаласы, қазіргі өркениеттің де маңызды орталығына айналып отыр. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы сабақтасып жатыр. Ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылдаған киелі шаһардың әлі де ашылмаған сырлары көп. Бұл тұрғыда біз, Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерттеуді жалғастыруымыз керек. Ұлы дала дарасы өзінің «Диуани хикмет» еңбегі арқылы күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабын түрік тілінде сөйлете алды. Президентіміз айтқандай, «Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Биыл ұлы ойшылдың туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін» — қозғаған болатын. Міне, бүгін осы залда отырған әрбіріміз – бұл іске өз үлесімізді қосуымыз қажет деп санаймын. Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қалыптастыру қажет деп естептеймін. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, ғалымдары ғұлама бабамыздың еңбектерін жаңа қырынан танытуға зор үлес қосады деп білемін. Біз оған барынша қолдау көрсетуге дайын екендігімізді жеткізгім келеді. Сондықтан, киелі Түркістанның тарихы мен Ясауидің мұрасы және Кесененің тұрғызылуы туралы тарихи фильм түсіруді ұсынамын. Осы фильм арқылы біз келешек ұрпаққа аса үлкен мұраны аманат етіп жеткіземіз деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды атқаруға дайынбыз,-деді Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды.
Іс-шараның мақсаты — ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуды, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуді мақсат еткен шара аясында еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, дін саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіру және ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау.
Түркістанда өткен «Дін мәселелеріне» арналған дөңгелек үстелге қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелер, діни экстремизге қарсы күрес жайында сөз сөйлеп, пікір алмасты. Іс-шараның нәтижесінде алда атқарылар жұмыс барысы пысықталып, нақты шараларды әзірлеу көзделуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі