ТҮРКІСТАНДА «ЕЛДІКТІҢ ЖОЛЫН ЕРЛІКПЕН САЛҒАН ЕЛБАСЫ» АТТЫ ШАРА ӨТТІ
1991 жылы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тағайындалған еді. Осы атаулы күннің құрметіне 2011 жылы парламент сенатының толық отырысында 1 желтоқсанды «Тұңғыш Президент күні» деп атау ұсынылған болатын. Содан бері бұл күн мемлекеттік мереке ретінде атап өтіліп келеді.
Осыған орай, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен «Елдіктің жолын ерлікпен салған Елбасы» атты мерекелік шара болып өтті.
Елбасының Мемлекет құрудағы қайраткерлігін танытып, елге сіңірген еңбектерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Даурен Сариев, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Елбасытанушы Сейдулла Садықов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төраға орынбасары Шора Исмолдаев, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Досыбеков Пернетай Қамбарұлы, сондай-ақ, жергілікті белсенді жастар қатысты.
Елбасытанушы Сейдулла Садықовтың Елбасының өмір жолы мен мемлекет басқарудағы озық істері жайлы айтылған баяндамасымен басталған жиын тарихи естеліктер мен әсерлі әңгімелерге толы болды.
Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Д.Сариев: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Түркістан қаласының тарихи және бүгінгі мазмұнын сабақтастыра, танып біле отырып жаңа облыс орталығы етіп құрғаны да тарихи, елеулі оқиға болды. Бұл Елбасымыздың қазақ халқы үшін, күллі түркі әлемі үшін қадір-қасиеті ерекше болған Түркістанға деген айрықша қамқорлығының арқасы болып отыр», — деп Тұңғыш Президенттің Түркістанды түлетудегі басшылыққа алған бастамаларын атап өтті.
Салтанатты шараның соңы Түркістан өнерпаздарының өнерімен жалғасын тапты.