ТҮРКІСТАНДА «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ САНЫ АРТТЫ
Бүгін Түркістанда 1 наурыз – Партия күніне орай, бірқатар азаматты «Nur Otan» партиясына қабылдау іс-шарасы өтті. Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев аудан, қалалардан келген 10 азаматқа партия куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.
«Осыдан 22 жыл бұрын 1 наурызда «Nur Otan» партиясы құрылып, содан бері 1 наурыз – Партия күні ретінде аталып өтіліп келеді. Бүгін осы айтулы сәтке және Алғыс айту күніне орай, партиямыздың Түркістан облысында 100-ге жуық азамат «Nur Otan» партиясы қатарына қабылданып отыр. Оның ішінде өздеріңізді «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында қабылдауды жөн көрдік. Мүшелікке өткендер арасында спортшылар, кәсіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер және өзге де сала өкілдері бар. Баршаңызды құттықтай отырып, елге адал қызмет етеді деп сенемін», – деген Б.Дәулетұлы көпшілікті Алғыс айту күні мерекесімен де құттықтап өтті.
Жалпы бүгінде Түркістан облысында 244 бастауыш партия ұйымының құрамында 79305 партия мүшесі бар. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар – 5833 болса, әйелдер 52 879-ді құраған. Партия мүшелерінің басым көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнес және өзге де сала өкілдерінен жасақталған.
2020 жылдан бері партияны қайта жаңғырту бойынша 14 мыңдай адам партия мүшесінен шығарылып, 7 мыңнан астам адам қабылданған. Олардың көбісі былтыр праймериз кезінде қатарға қосылған.
Бүгін партия қатарына қабылданғандар арасында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, Азия чемпионатының қола жүлдегері Назым Әбдіхан және өз салаларында жетістікке жетіп жүрген өзге де үздік мамандар бар.
«Мақсатымыз – елге қызмет ету», – дейді жаңадан партияға қабылданған азаматтар.