ТҮРКІСТАНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БИЫЛ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев брифингте мәлімдеді.

«Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасып тауып отыр. 12 сәуір күні алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашады. Шара — ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль сәуір-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетеді. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады» – деді Ержан Ибадуллаұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан байқауды өткізу барысына тоқталды.

«Байқау барысында ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанады. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан-қала көрермендерге мерекелік Гала-концерт ұсынады. Онда халық шығармашылығының жанрларынан театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Оның ішінде ән-би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық және фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер бар» – деді Асылхан Темірхан.

Фестиваль соңында бас жүлдеге ие болған өңірге арнайы дайындалған ауыспалы «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылады. Одан бөлек, бас жүлдеге ие болған аймаққа — газель автокөлігі, І орынға — жеңіл автокөлік, ІІ орынға — дыбыс жазу студиясы, ІІІ орынға — музыкалық аппаратуралар мен аспаптар табысталады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.