ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Қыран елім – Қазақстан» атты салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Ұлттық мерекенің мәні ашылып, отаншылдық дәріптелді. Шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, облыс тұрғындары мен қонақтарын Республика күнімен құттықтады.

– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлытауда өткен құрылтайдағы шешімінен кейін екінші жылы Республика күні ұлттық мерекесін жаңа мазмұнда атап өтудеміз. 1990-шы жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Егемендік декларациясы – қастерлі Тәуелсіздігіміздің негізі. Бұл күн –елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Бұл – өткен ғасырда азаттық жолында шейіт болған Алаш арыстарының жанкешті еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан азаттықтың, осы бейбіт күннің қадірін білу аса маңызды. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру бастамасымен елімізде тың бастамалар қолға алынып, экономикалық, саяси реформалар жүзеге асуда. Түркістан облысы құрылды, Түркістан орталық ретінде қалыптасты. Бес жылда өңірде ауқымды жұмыс атқарылды. Ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, газ, тұрғын үй, білім салаларындағы өзекті мәселелері бар құрылыс нысандарын аяқтау бағытында нақты шешімдер қабылданып, жұмыстар атқарылды. Өңірдің экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті арта түсті. Біз бірлігімізді сақтап, ұлт мүддесі жолында еңбек етуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – бірлігіміздің негізгі темірқазығы! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деген Дархан Сатыбалды мемлекетті, өңірді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Қоғамның түрлі саласында еңбегімен дараланған азаматтарға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары табысталды. Еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Шарада елімізге танымал өнер жұлдыздары мен «Конгресс холл» мекемесіне жаңадан қабылданған өнерпаздардың «Jana Lep!» деп ат берілген жастар толқыны өнер көрсетті. Театрландрылған қойылымдар ұсынылып, қазақтың тарихынан сыр шертілді. Қазақтың ұлттық аспаптарынан күй күмбірлеп, отаншылдық бағытындағы әндер шырқалды.

Түркістан жұртшылығы Республика күнін толайым табыстармен қарсы алды. Бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есеге артты. Биылғы жарты жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 трлн. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 803 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2 пайызды құрады. Ет экспорты бойынша облысы көш басында тұр. Қарқынды бау 5 мың гектарға ендіріліп, жылыжайлар 1640 гектарға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 12 млрд. теңгеге 2 070 жоба қаржыландырылды. Биыл өнеркәсіп көлемі 681 млрд. теңгені құрады (4,7 пайызға артты). Жыл басынан 669 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7%-ға артты. Білім беру саласында мектеп тапшылығын шешу және 5 апатты, 6 үш ауысымды мектептер санын қысқарту мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 96 нысан салынады. Құрылысы кешіккен 17 мектептің қаржыландыру мәселесі шешіліп, жұмыстар басталды.

Жыл қорытындысымен, мүлдем ауыз суы жоқ 18 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 28 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде 8 елді мекеннің тұрғындары ауыз сумен қамтылып, тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды.

Облыс аумағында біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар еді. Атап айтқанда, құрылысы аяқталғанымен, 33 елді мекен түрлі себептермен табиғи газға қосылмай қалған болатын. Бүгінде 16 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қалған 17 елді мекенді жыл соңына дейін газға қосу жоспарланған. Облыстың экономикалық дамуы қарқынды әрі жоспарлары ауқымды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.