ТҮРКІСТАНДА «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ТҮРКІСТАН ТУРИЗМІ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Түркістан облысында Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен  Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Рухани Жаңғыру: Түркістан Туризмі» тақырыбанда семинар өтті. Жиынға белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Өтешов пен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев модераторлық етті.   Сондай-ақ, туризм саласындағы  кәсіпкерлер мен сала мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Спикер ретінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы Ясауитану орталығының директоры, профессор Досай Кенжетай, тарихшы Марат Тұяқбаев, Халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева, өлкетанушы Ерлан Сыздық және өлкетанушы Ғани Назарбек және Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков қатысып, тақырып аясында баяндама жасады.

Профессор Досай Кенжетай «Дін мен мәдениет қатынасының болмыстық мәні» бағытында сөз қозғады. Оның сөзінше, біздің бүгінгі білім беру жүйесіндегі оқулықтар мен оқу құралдарында және гуманитарлық-әлеуметтік ғылымда дін мен мәдениетке қатысты зерттеулер, монографиялар мен сараптамалардың барлығы кешегі позитивистік, атеистік ұстанымдар негізінде тұжырымдалған. Демек бүгінгі егемен елдің азаматы, яғни қазақтың бүгінгі ұрпағы дін мен мәдениеттің болмысы мен мәнінің не екендігін, оның өзара байланыстарының танымдық, құндылықтық қабаттарын қалай ұштастыру керек екендігін біле алмайды. Яғни, жас егемен елдің болашағына баянды тұғыр мен дұрыс пайымдық, түйсік берер жаңа теориялық, болмыстық ойлау кешені қажет екенін айтты. Профессор аталған мәселемен күресу жолдарына тоқталды.

Тарихшы Марат Тұяқбаев рухани жаңғыру туған жерді танып білуден басталатынын айтты. Ол жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек деп санайды. Осы құндылықтарды жаңғырту мақсатында «Туған жер», «Туған ел» бағдарламасы аясында тарихи көне қалаларымызды зерттеп, зерделеп кітап етіп басып шығару және сол мәліметтерді өскелең ұрпаққа сіңіру арқылы жастардың патриоттық сезімдерін оята түсуге болады деген ұсынысын білдірді.

Өз кезегінде сөз алған халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қандай жетістіктерге қол жеткізе алатынымызды айтты.

« Рухани Жаңғыру бағдарламасы өте өзекті және орынды деп ойлаймын, өйткені ол осы жүйелердің үйлесімді дамуына жетіспей тұрған пазлды қамтамасыз етеді. Бұл пазл жан-жақты дамыған, санасы, тәні, рухы, ділі мен діні тең дамыған адам. Онсыз біз тиімді экономиканы, үйлесімді қоршаған ортаны, қалалар мен ел болашағын құра алмаймыз», — Зарина Биюмбаева.

Жиын барысында сөз алған өлкетанушы Ерлан Сыздық өңірдегі туризм саласын дамытудың тиімді тетіктеріне тоқталды. Ол тарихи мәнге ие «Ұлы жібек жолын» жағыртып туристік нысанға айналдыру керек деген ойын білдірді. Сондай-ақ, сол жолдың бойында жатқан көне қалаларға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан аясындағы мұражайға айналдыру керек екенін айтты. Одан бөлек, аталған нысандарды түйе керуені мен атпен туристерді қыдыртатын жағдай жасау керектігі айтылды.

Ал, өлкетанушы Ғани Назарбек халықтың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын көтеру өзекті мәселенің біріне айналғанын жеткізді. Яғни, табиғат аясына демалуға шыққан азаматтар күл-қоқыстарын шашып қоршаған ортаға орасан зиян келтіріп жатқанын айтады. Ол мұны елімізге туристерді тарту бағытында атқарылып жатқан шаруаларға кедергі келтіретін фактор деп санайды.

Сондай-ақ, Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков өңідегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және туризм саласын дамыту бағытын атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның сөзінше, облысқа келуші туристердің саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, 2018 жылы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген туристер саны 152 мың адамды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ға артып отыр.

«Жалпы облыста туризмді дамыту шаралары Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, Жобалық басқару және «Өңірлерді 2016-2020 жылдарға арналған Даму Бағдарламасы» аясындағы тапсырмаларға негізделе отырып жүргізіледі. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Біздің облыста аталған жоба аясында өңіріміздегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жобасы аясында өңірімізде 104 киелі орынның тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ, 2018 жылы өңірдің киелі, тарихи орындары, тұлғалары туралы бірнеше анимациялық фильмдер мен телехикая таспаланды. Атап айтсақ, «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» мультфильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты телесериал түсірілді. Одан бөлек, Төлеби туралы телехикая дайындалуда.

Сонымен қатар, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған салт дәстүрлерін жаңғыру және туризм саласын дамыту мақсатында аудан, қалаларда халықаралық, республикалық және облыстық 12 түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылды. Мысал ретінде Қазығұрт ауданындағы «Наурыз Қазығұрттан басталады», Бәйдібек ауданындағы «Қымызмұрындық», Шардара ауданындағы «Сафари Шардара», Мақтаарал ауданындағы «Қауын Фест», Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш OPEN», Төлеби ауданындағы «Қасқасу», Түлкібас ауданындағы «Ақсу Жабағылы алауым – Шұбайқызыл жалауым» және «Салбурын» фестивальдерін айтуға болады.

Жалпы Түркістан облысы елімізде ең көп турист келетін аймақ саналады. Біздің таңғажайып табиғатымыз бен тарихи орындарымызды көруге келетіндер қатары мол. Мәселен, 2018 жылы Түркістан қаласының өзіне 1,5 млн. аса турист табан тіреген. 2025 жылға қарай туристер санын 5 млн-ға жетеді деген болжам бар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.