ТҮРКІСТАНДА ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен облыс әкімдігінің басқармалар үйінде «Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) азаматтық орталығы» ашылды. Аталмыш шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТҚ төрағасы Шәріпбек Жамалбекұлы, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, аудан, қалалардағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз алған қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев шараның маңыздылығына тоқталып,үкіметтік емес ұйымдардың негізі мақсат-міндеттерін тілге тиек етті. «Үкіметтік емес ұйымдар — негізгі азаматтық қоғам институттары болып табылады. Конституцияның кіріспесінде ел мақсатының бірі — азаматтық қоғам құру екендігі айқын көрсетілген. Ал азаматтық қоғамға барар негізгі жол қоғамдық институттарды дамыту арқылы жүзеге асады»,- деді Аңсар Өсербаев.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы29 желтоқсандағы №917 «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары(бірінші кезең:2020-2025 жылдар)» қаулысында үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспары нақтыланған. Алдағы кезеңдерде жергілікті атқарушы билік пен азаматтық қоғам институттарының ынтымағын ары қарай нығайту, бірлескен жұмыстарды күшейту, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар, жоғары деңгейде жүргізіле береді.
Жиында сөз алған «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТҚ төрағасы Шәріпбек Жамалбекұлы, облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева облыс көлемінде тіркелген ҮЕҰ атқарып жатқан жұмыстары, тыныс-тіршіліктері туралы ойларымен бөлісті.
Орталықтықтың ашылу рәсімі аяқталған соң, «Оңтүстік жастары» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Абай Андабаевтың жетекшілігімен «ҮЕҰ дерекқорына, ұйымның қызметі жайлы ақпарат енгізу» тақырыбында семинар өтті. «Қызылорда жастары» ЗТҚ төрағасы Ардақ Аукенов, семинарға қатысушыларға дерекқорға мәлімет тапсыру тәртібі туралы ақпараттарды жеткізді. Семинарға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, осы бағыттағы толғандырған сұрақтарға жауаптарын алды.