ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХХХ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласында жуырда ашылған «Olympic Center» спорт кешенінде волейболдан жоғарғы лигада әйелдер арасында Қазақстан Республикасының ХХХ чемпионатының І тур ойындары басталды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңындағы бәсекені Түркістан облысы әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Тұран» спорт ойын түрлері клубы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Волейболдан бұрымдылар арасындағы жарысқа елімізден 6 команда қатысып жатыр.
Атап айтқанда, «Тұран» (Түркістан облысы), «Шымкент» (Шымкент), «Тараз» (Тараз), «Грация KZ» (Орал), «Қостанай» (Қостанай), «Теміртау» (Қарағанды облысы) командалары қатысып, өзара бақ сынауда. Жарыстың алғашқы күні ойындар өте тартысты өтті. Алаң иелері «Тұран» бұрымдылары мен Оралдың «Грация KZ» командасы арасында өтті. Бұл тартысты кездесуге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі арнайы келіп, тамашалап, Түркістан облысының «Тұран» аруларына қолдау білдірді. Аса тартысты кездесуде 3:0 есебімен «Тұран» командасының волейболшылары жеңіске жетті. Оралдық клуб өткен жылғы ел чемпионы болғанын да айта кеткен жөн. Енді «тұрандықтар» екінші кездесуін Шымкент қаласының командасына қарсы өткізеді.
Волейболдан жоғарғы лига командалары арасындағы жарыстың бас төрешісі Ким Людмила чемпионаттың басталуымен барша команданы құттықтап, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Рухани шаһарда бой түзеген спорт кешенін жоғары бағалап, енді Түркістан өңірі спорттың орталығына айналарына сенім білдірді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.