ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтеріп жатқан ғимараттарға сапалы ауыз су жеткізу мақсатында заманауи су қоры жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Ондағы барлық қондырғылар отандық өнімнен жасақталып жатыр. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа су жүйесінің құрылыс жұмыстарын бақылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Жоспар бойынша жаңа су құбырының құрылысы алдағы маусым айында толығымен іске қосылуы тиіс.

Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұмысын қадағалаған облыс әкімі «Арыс-Түркістан» арнасынан бастау алатын ирригациялақ су арнасының құрылыс басында болды. Канал суынан шаһардағы саябақтар мен гүлзарлар, жол бойын жайқалтқан жасыл желек пен егістік алқаптар суарылады. Ұзындығы 3,6 шақырымға созылған су арнасы толығымен бетондалған. Айналасына аяқжолдар мен веложол төселуде. Жағалауын жарықтандырып, орындықтар орнату жұмыстары жалғаспақ.

Облыс әкімі сондай-ақ жаңа «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ішкі және сыртқы құрылыс жұмыстарын тексерді. Әзірге құрылыстың 90 пайызы орындалған. Абаттандырылуы мен әрлеу жұмыстары бір ай көлемінде аяқталады. Жалпы, әкімшілік-тұрмыстық кешенінің бірінші қабатында көрме орталығы ашылмақ. Одан бөлек, мәжіліс залы мен «бір терезе» қағидасымен жұмыс жасайтын орталық орналасады. Ауласында салынған футбол алаңы мен теннис корты да жақын арада пайдалуға берілмек.

Ерекше дизайнде салынған жаңа орталықта кеңсе, өндірістік алаңымен қатар Браунфилд, яғни, кәсіпорындар өздерінің құрал-жабдықтарымен келіп дайын жұмыс орындарына жайғаса алатын арнайы алаңдардың құрылысы жүргізілуде. Әлемдік тәжірибеге сай жұмыс жайлары кәсіпкерлерге жеңілдетілген жалдау ақысымен беріледі. Алғашқы Браунфилд наурыз айының соңында ашылады деп күтілуде. Екінші өндірістік ғимарат сәуір айының соңында пайдалануға берілмек. Жалпы, жыл соңына дейін Түркістан қаласында бұдан бөлек 5 Браунфилд бой көтереді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.