ТҮРКІСТАНДА ЖЕРГІЛІКТІ ҚАМТУДЫ БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ БІРІНШІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.
Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның жұмысы — мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды бақылауды қамтамасыз етуге және мониторинг жүргізуге, отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен қызметтерді отандық жеткізушілерге қолдау көрсетуге бағытталған.
Кездесуде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік сатып алудағы ағымдағы жағдай туралы мәселелер талқыланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 2019 жылға арналған сатып алу жоспары – 275 млрд.теңгені құрайды. Оның ішінде жұмыстар –167 млрд. теңге, тауарлар – 27,2 млрд. теңге, қызметтер – 80,8 млрд. теңге.
Комиссия жұмысының бекітілген регламентіне сәйкес, мониторингке негізгі 4 бағыт кіреді. Олар тамақ өнеркәсібі (992 064 885 тг), жиһаз өнеркәсібі (59 882 338 тг), жеңіл өнеркәсіп (16 301 609 тг), құрылыс материалдары (124 221 055 тг). Жалпы құны – 1 192 469 887 теңге. Бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы құны 65,7 млрд. теңге болатын 148 құрылыс нысаны бар.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында анықталған проблемалық мәселелер талқыланды. Жалпы жиында қорытындылаған комиссия төрағасы Мейіржан Мырзалиев жергілікті тауар өндірушілер үшін атқарылар жұмыстың маңыздылығын және Комиссия мүшелерінің кәсіпкерлер алдындағы жоғары жауапкершілігін атап өтті.