«Түркістанды бірге түлетейік» республикалық байқауы басталды
QAZYGURT.KZ: Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістанды бірге түлетейік» республикалық байқауы басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа облыс орталығы — Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани мекеніне айналдырып, туристерді тарту мақсатында барлық салада түбегейлі бетбұрыс жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көне шаһарды дамытудың кешенді жоспарлары мен оңтайлы өзгерістерін кең көлемде насихаттау тұрғысында облыс әкімдігі қолдауымен «Түркістанды бірге түлетейік» республикалық байқауы өткізіледі. 2019 жылдың 1 ақпаны мен 10 маусым аралығында өтетін шараға кәсіби журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері қатысып, авторлық мақалалар мен бейнетүсірілімдерін жолдай алады. Ұсынылған жұмыстар үздік газет пен сайт материалдары, әлеуметтік желідегі жарияланымдар (Фейсбук пен Инстаграм), YouTubе видеохостингіндегі имиждік бейнетүсірілім аталымдары бойынша қарастырылады. Сондай-ақ, материалдардың саны мен көлеміне шектеу қойылмайды. Әлеуметтік желідегі таралымы мен сапасына, мазмұнына мән беріледі. Материалдар мен жазбалар әлеуметтік желіде #Түркістанды бірге түлетейік хэштегімен жарияланып, сілтемесі qanshaiym777@gmail.com поштасына жіберілуі тиіс. Әлеуметтік желіні пайдалану этикасы мен құқықтық ережелер сақталуы міндетті. «Жүлдегерлер әр аталым бойынша марапатталады. І-орынға — 350 мың теңге, ІІ-орын — 250 мың теңге, ІІІ-орынға — 150 мың теңге беріледі. Үздік шыққан 9 жеңімпаз Түркістан қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақырылып, облыс көлемінде жоспарланған пресс-турға қатысады», — делінген хабарламада.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz