Түркістандық ақсақал қорық-музей қорына қолжазбалар мен көне кітаптар тапсырды
Түркістан қаласының тұрғыны, зейнеткер Алиакбар Артықұлы Жалилов «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорына 23 дана діни сипаттағы көне қолжазбалар мен тарихи кітаптарын, сондай-ақ, Ясауи кесенесі бейнеленген жарты ғасырлық тарихы бар кілемшені сыйға тартты.
Алиакбар Артықұлының айтуынша ХІХ ғасырға тән құнды дүниелер ата-бабаларынан және өзі білім алып жүрген кезеңде ұстаздарының берген кітаптарынан жинақталыпты. Тарихи деректері мол мұраларды қорық-музей қорына табыстап, көздің қарашығындай сақтап болашаққа аманаттауды жөн санағанын жеткізді.
Алиакбар Артықұлы табыстаған жазба ескерткіштері қатарында Әлішер Науаидің еңбектері, Софы Аллаярдың «Мәсләкул муттақин» (Тақуалар жолы), «Мухтасар ал-уиқая», Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистері туралы, «Далаил хайрият» (Жақсылық дәлелдері), Ислам шарттары, Араб тілінің синтаксисі, «Фикһ» сынды кітаптар мен қолжазбалар бар.
Музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы музей қорына тапсырылған баға жетпес құнды кітаптар үшін Алиакбар ақсақалға зор алғысын жеткізді.