ТҮРКІСТАННЫҢ БАС ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында бас шыршаның шамы жағылды. 18 метрлік шырша 500-дей ойыншық пен жарықшаммен көркемделіп, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген. Балаларға шаттық сыйлаған мерекелік іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бас шыршаның шамын жағып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісті.
Әсем ән шырқалып, бұраң бел би биленген әдемі кеште түрлі ертегі кейіпкерлері мен аяз аталар және қаршақыздар көпшілікке, әсіресе, балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірге биледі. Талантты әнші Айзада Әлімбек «Жаңа жыл» әнін шырқап, балалардың ән тобы да өнер көрсетіп, мерекені әсем әнмен өрнектеді. Кеш көпшілікті балалық шаққа жетелеп, әдемі әсер сыйлады. Балақайларға сыйлықтар таратылып, түркістандықтар мен қала қонақтары шыршаның жанында суретке түсті.
Шырша демеушілер есебінен орнатылған. Сондай-ақ Түркістандағы мәдени-рухани орталық пен «Жеңіс» саябағында да шырша орнатылып, олар көз тартатын әсем ойыншықтармен безендірілген.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.