Тұсаукесер «НАРТАЙ САЗЫ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Қазақтың саз өнері тағы бір толымды, сүбелі, салмақты дүниемен толықты. Халықтың белгілі ақыны әрі композиторы Нартай Бекежановтың ел аузында айтылып жүрген ән-күй, термелері нотаға түсіріліп, жеке жинақ болып жарыққа шықты. Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан 500 данамен шыққан кітап термеші-ұстаз Жақып Спатаевтың ұйытқы болуымен қолға алынғанын да айрықша айта кетейік.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі Оңтүстік Қазақстан Саз колледжінде өтті. Оған Нартай Бекежановтың өнер жолындағы ізбасар шәкірттері, студент-жастар, сөз өнерін, саз өнерін ардақ тұтатын ағайын қатысты. Сахна шымылдығы Саз колледжі өнерпаздарынан құралған оркестірдің күмбірлі күйімен ашылғаннан кейін, сөз кезегі алыс-жақыннан ат арылтып келген қонақтарға берілді.
Жалпы, Нартайды саз өнеріндегі ұстаздардың ұстазы деуге болады. Сол күнгі салтанатты шараға Нартай Бекежановтың тікелей шәкірті болған Құтпай Дүрбаев пен Арзықұл Молжігітовтың көзін көріп, өнерін ұлықтаған, ізінде жүріп термелерін тыңдаған ізбасар шәкірттері де арнайы келіп қатысты. Атап айтсақ, ақын-сазгердің туып-өскен жері – Сыр елінен ҚР Мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейісов пен Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, өнер жанашыры, бірнеше кітаптың авторы Оразқожа Бекахметов сахнаға шығып, Нартай өнері төңірегінде жан тебірентерлік естеліктер айтты. Оның жүзге жуық ән-термелерін нотаға түсіріп, өнерсүйер қауымға құнды дүние жасап берген Жақып Сынабайұлына алғыстарын білдірді. Өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырған Ұлықбек Мәжитов басшылық ететін колледж ұжымы дәстүрге сай ел ағаларының иығына зерлі шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Ал, кітаптың тұсауын кескен Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділханов пен колледж директорының орынбасары Күмісай Толыбаева жинақтың өте сапалы шыққанын сөз ете келе, оған еңбек сіңірген Жақып Спатаевтың жұмысын жоғары бағалады. Тағы бір айта кететін жайт, Ж.Спатаев өзінің тартымды да әсерлі термелерімен танылып қана қоймай жастарды осы өнерге баулып жүрген бірегей ұстаз. Сол күні оның тәрбиесін алып, өнерін үйреніп жүрген шәкірттері бірінен соң бірі сахнаға шығып, көпшілікті өздерінің өнерімен тәнті етті. Соның ішінде Нартайдың «Базарым тарқап барады» термесін нақышына келтіре орындаған облыстық Мәдениет және халық шығармашылық орталығының маманы Құнанбай Байтеновке елдің ықыласы да ерекше болды.
Иә, бұл кез-келген адамның қолынан келе беретін дүние емес. Біз реті келгенде идея авторы Жақып Спатаевты бір-екі ауыз сөзге тарттық. «Нартай – саз өнерінде өзіндік із қалдырған ұстаз. Ол кісінің өнерін жалғастырып келе жатқан термешілер аз емес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осынау өнер, ауызекі айтылатын ән-термелер әр жерде әр түрлі мақаммен орындалып жүргені жасырын емес. Міне, осыны бір жүйеге келтіріп, оңтүстіктің өз мақамы бар дейтіндей нақтылы тоқтамға келуді көптен бері ойластырып жүрген едік. Ол үшін, әрине, оны нотаға түсіру керек. Соның сәті бүгін түсіп, міне, осындағы өнер жолында жүрген азаматтармен бірлесіп бұл ойымызды да жүзеге асырдық. Кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген Мәдениет басқармасындағы өнер жанашырларына, басшылық қызметтегі ағаларға, жалпы осындағы әріптестеріме үлкен рахметімді айтамын».
Бұған дейін Нартай Бекежановтың өнерін, өмірін зерттеген еңбектер болғанымен ән-термелерінің ноталы нұсқасы тұңғыш рет шығып отыр. Сол себепті шығар, бүгінде бұл кітапқа деген сұраныс та жоғары болып тұр. Терме өнерін үйреніп жүрген жастар үшін көмекші құрал ретінде пайдалынылатын кітапты Алматыдағы Қазақ Ұлттық консерватория басшылығы да сұратып жатқан көрінеді.
Айдын СӘТЖАН