ТЫЛ  АРДАГЕРІНІҢ  ТАЛАП-ТIЛЕГIН  ТЫҢДАЙТЫН  КIМ  БАР?

Иә, жазмыштан озмыш жоқ. Десек те елу жылдан бері сыңар өкпенің сырқатынан азап тартып, күндерінің басым бөлігін емдеу мекемелерінде өткізіп жүрген сексен жастағы тыл ардагерінің талап-тілегін тыңдайтын бір адам табылатын шығар. Осыдан елу жыл бұрын қызмет бабында алған жарақаты өмір бойы жанын жаралап, бес рет отаға жатқызады деп кім ойлаған.

Кейіпкеріміз тыл ардагері Асан Бултековтың редакцияға жолдаған арызы бізді де бей-жай қалдырмады. – Мен 23 шілде 1937 жылы бұрынғы Қаратас ауданы, Ақпарақ селсоветі, «Қызыл октябрь» колхозында, Еңбек ері Ермек Байбековты ең алғаш ССРО Жоғарғы советіне депутаттыққа сайлауда дауыс беріп жатқан күні дүниеге келіппін, — дейді өз арызында Асан ақсақал. – Соғыс кезінде 7-13 жастағы балалар белді азамат деп есептелінді. Аштан аш таң ертеңнен түн ортасына дейін қалғып отырып жұмыс істедік. Әйелдер жағы шұлық, қолғап тоқыса, қарттар мен балалар, мүгедектер де қарап отырмай қол жұмысын атқарып, көсек аршыдық. Тапқан-таян­ғанымызды түгелдей майданға жіберіп отырдық.  Оның үстіне салықтың неше түрі халықты зар қақсатты. Ішерге тамақ, киерге киім таппай отырсақ та төзімділік танытып, еңбек еттік. Әрине, Жеңіс жолында қан майданда толарсақтан қан кешкен майдангерлердің ерлігі ерен, сонымен бірге тылда тынымсыз еңбек еткендердің де ерлікке пара-пар еңбегі бар.

Батыр Бауыржан бір сөзінде «Біз жеңеміз, өйткені біздің тылдағы тілеу­лес­теріміз мықты» деген емес пе? Сол кездегі белі қатпаған баланың еңбегін түсіну үшін сол кездің көзімен ғана қарап, жүрекпен ғана сезіну керек. Қолына қару алып, жауға қарсы оқ атпады дегені болмаса түні-күні тыным таппай, сүрлігіп еңбек еткен ашқұрсақ ананың, бұғанасы қатпаған баланың талай азапты тартқаны анық. Соның салдарынан денсаулығы сыр беріп, бақилық болып кеткендері қаншама. Ендігі міндет, арамызда жүргендерін лайықты құрметтеу ғана емес пе?

Иә, осылай деген тыл ардагері, тағдырдың жазуы шығар, бертіндегі бейбіт заманда жан жарасымен бірге тән жарасын да қатар тартып келеді. Әлеуметтік жеңілдік алайын десе қағаз­бастылық қоғамда оның да орайы болмай жүр. Ал, мүгедектігін ескеріп, пәтер алуға жеңілдік жағын сұрап, Шымкент қалалық аудандық әкімдігінде болып, қаншама есікті тоздырмады. Болса да, есітетін жауабы жаттанды «Күтесізден» де күдер үзбей күн өткізіп жатқан жайы бар көрінеді.

«Адам ауырған кезде жанымен қайғы болып кетеді ғой. Ондайда жаныңа желеу болатын жағдай керек. Қалада тұрғын үй кезегінде тұрамын. Менің алдымда ұзын-сонар бес мыңдай адам бар. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, жылына бес жүз отбасы баспаналы болған күннің өзінде менің кезегім он жылдан кейін келеді екен. Жасым сексеннен асты, 50 жылдан бері ІІ топтағы мүгедекпін, төрт қабырғаны милицияда қызметте жүргенде Қарағандының көше бұзықтарының пышағына жарақаттап,өкпемен бірге ота жасатып, әрең дегенде аман қалдық. Елге келген соң арзымайтын зейнетақыға қарап қашанғы отырайын, көзтаныс кісілердің көмегімен ауылдағы Тұтынушылар кооперативіне қарасты азық-түлік дүкеніне күзетші болдым».Соңғы үш айдан бері Түлкібаста, Балықты ауылындағы ОҚО Денсаулық сақтау басқарамасының мамандандырылған туберкулезге қарсы санаториінде жатқан ардагер жабыр­қаулы жанына осы жерден ғана сая тапқандай. Өзінің оңаша бөлмесі бар. Жастайынан зерек өскен ол қалам-қағазды жанына серік етіп, өмірден көргені мен көңілге түйгенін өлең сөзбен өрнектеп жатыр. Құдды мұзбалақ ақын Мұқағали айтқандай, болашаққа арнап арыз жазып жатқандай…

Әрине, қанша жерден қоғамнан оқшауланғанымен отбасының орны бөлек. Ондайда сағыныш мауқын басу үшін кешегі Сарыағаш,бүгінгі Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округіндегі отбасына барып келеді. Өмірлік жары Шерментаева Пернекүлмен бірге тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарының, немерелерінің тәтті қылығына жететін ештеңе жоқ. Бірақ олардың жанында үнемі болу үшін лайықты жағдай керек. Ал, біреудің дүкені болған қуықтай екі бөлмені жалға алып отырған жанұясында оның жағдайын жасайтын кім бар.

Міне, осылайша кешегі албырт жас тәртіп сақшысы боламын деп жүрген жерінен көше бұзақыларына тап болып, төрт қабырғасымен бірге өкпесіне ауыр жарақат алып, алып ұшқан арманымен бірге денсаулығынан да айырылады. Сөз реті келгенде Асан ағамыздан оқиғаның қалай орын алғаны жайлы сұрадық.

«Бұл бір жазатайым жағдай ғой, 1964 жылы әскери борышымды өтеп келген соң Қарағандыға ішкі істер саласына жұмысқа шақыртылдым. Бір күні қалада дабыл қағылып, сонда жеттік. Көше бұзақыларының бірі суық қару қолданып, сол жақ қабырғама пышақпен жарақат салды. Ол өкпеге зақым келтірген екен. Үш рет Ташкентте, екі рет Мәскеуде емделіп, әрең дегенде адам қатарына қосылдым. Содан бері міне, жарты ғасырға жуық уақыт өтті, сыңар өкпемен амалдап өмір сүріп келемін. Жас ұлғайған сайын күтімді де күшейту керек екен»,-дейді.

Ардагердің күтімі жаман емес. Бірақ, бала-шағадан жырақтап қашанғы санаторияда жатады. Ал, ауылға барайын десе, өзі дімкес өкпені одан ары «өкпелетіп» алудан қорқады. Әрине, өз үйі, өлең төсегі болғанға не жетсін!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.