Уаххабиліктің белгілері

Уаххаби өкілдерінің алдарына қойған мақсаттары, көзқарастары және қозғалыс-әрекеттері арқылы діни, қоғамдық және саяси мәнге ие ағым екендігін көруге болады. Олар тарихта доктриналары мен мақсаттары тұрғысынан “Алланы бірлеушілер” (муаххиддун), пайғамбардың жолындағылар (салафиуун) немесе уаххабтың жолындағылар (уаххабиун) деген атпен белгілі. Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық, экономикалық, діни және саяси жағдайлары себеп болды. Ағымды негіздеген Мұхаммед Ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың орталарында Орталық Арабстанда Нежд және ал-Хаса аймақтарында қозғалыс жетекшісі болды. Бұл ағым негізінен араб ұлтшылдығын, Осман империясынан азат болу идеясын ту етіп көтерді. Бұл аймақта ешқандай империяның ықпалы болмады. Уаххабилік ілімі жеке-жеке тайпалардан құралған арабтардың басын қосып, бір идеологияға біріктіру, ұлт жарату, ортақ мүдде, ұлттық мемлекет құруға негізделді.

Уаххаби қоғамдағы құбылыстар мен діни, философиялық мәселелерді терең талдамайды, біржақты тұжырым, үкім береді. Олар үшін Құран мен Суннадан кейін Ибн Таймийа мен Ибн Жаузийа еңбектері негіз ретінде қабылданады. Бірақ бұл ғалымдарды да дұрыс түсініп, меңгере алмағандары белгілі. Абдулуаххаб “дінді тазалау”, яғни пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойынша, тек бәдәуи арабтар емес, барлық мұсылмандар таза ислам доктринасынан алыстаған болып есептеледі. Таухид жүйесіне қауіп төнді. Таухидті дұрыс түсінбеуімізден, ұмытуымыздан саяси, экономикалық, этикалық бодандықтамыз деп түсіндірді. Пайғамбар қабірін зияраттың өзі таухид теориясына қарама-қайшы келеді.

Уаххабилер үшін пайғамбардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету, Аллаға жеткізуші құрал (тауассул) Аллаға серік қосу болып есептеледі (ширк). Олар өте қағидашыл. Мысалы, “бас ауруға анальгин ем” десеңіз, бұл сөз Аллаға серік қосу (ширк) болып есептеледі. “Иасауидей әулиенің құрметі үшін мына дұғамды қабыл қыл” десең діннен безгенсің (мушриксің) дейді.

Бұлар өз дінінен жат, алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаххаб “Құран мен Сунна” басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) топшалайды.

Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді “дінсіз” деп қарайды. Абдулуаххаб “біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы” деп қарайды. Олардың қас дұшпаны мұсылмандар. Өйткені таухид ұстанымы христиан, йахудилерге сәйкес келмеді. Сонда да оларға мұсылманға қылған әрекеттерін қыла алмайды. Олардың иман мәселесі бойынша айтқан идеялары, жолдары мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушілікке апарып соғуда. Сонымен уаххабилер Қазақстанда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан дәстүрлі ханафи мазхабына қарама-қайшы көзқарастағы ағым. Мысалы, өмірден өткендердің  рухына Құран бағыштау, тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат деп уағыз айтуда. Бұл қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға апарып соқтырады. Музыка, театр, өнер, туылған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар, уаххаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат).

Осылай қазақтардың мұсылмандық түсінігінің негіздері ашық түрде жоққа шығарылып отыр. Бұл жағдайлар қазақтардың ойына біздің ата-бабаларымыз қай ислам дініне сенген? деген психологиялық танымдық қобалжу тудырып отыр.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.