Ұйымдасқан қылмыстық топ жазасын алды

Шымкентте сот нақты уақыт режимінде интернет арқылы порнография таратумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырушыны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Еске салайық, 2021 жылдың шілдесінде криминалдық полицияның жедел уәкілдері әлеуметтік желіге жүргізген мониторингі барысында онлайн трансляция жасайтын порностудияны анықтаған болатын. Полицейлер бұл ақпаратқа қызығушылық танытып, жарты жыл ішінде барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде тергеушілер Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындарының ізіне түсті, оның ішінде 5 Қырғызстан және 5 Қазақстан азаматы бар. Полиция департаментінің қызметкерлері оларды үш мегаполистегі жалдамалы пәтерлерде ұстады. Тінту кезінде күдіктілерден  44 мың АҚШ доллары көлемінде ақша және Алматыдағы жылжымайтын мүлік пен есірткі де тәркіленді. Ірі қалалардағы жалдамалы пәтерлерде жабдықталған 10-нан астам веб-порно-студиялар бар екені анықталды. Онда 50-ге жуық қыз жұмыс істеген, оның ішінде екеуі кәмелетке толмаған.

«Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің бес бабына сәйкес 9 айдан астам уақыт бойы жүргізілді, оның ішінде «кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді дайындауға тарту», «ұйымдасқан топты құру және басқару», «порнографиялық материалдарды заңсыз тарату» және «кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және олардың айналымы немесе порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуы»- дейді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Талғат Әбуов .

— Бұл онлайн режимде жұмыс істеген Қазақстандағы порностудияны анықтаудың алғашқы жағдайы екенін атап өткім келеді.  Осы қылмыстық істің бірегейлігі мен күрделілігін ескере отырып, ол полиция департаменті мен прокуратура басшылығының ерекше бақылауында болды.

Тергеу барысында тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі екі тергеушісі жұмыс істеді.  Олар іс жүзінде қылмыскерлердің осы қылмыстарға қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жинады. Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер куәгер ретінде 50-ден астам адамнан жауап алды. Олар өздерінің қылмыстық әрекеттеріне қашықтан ағылшын тілінен орыс тіліне аудармашы-операторларды тартқан. Өйткені, аталған веб-порно-студияның  аудиториясы негізінен шетел азаматтары болған және қызмет ақысын шетел валютасымен төлеген. 1998 жылы туған Қырғызстан азаматы Шаршеналиев Әлішер осы трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырды және басқарды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесінің міндетін өзі бөліп берген. Қылмыстық топтың барлық мүшелері белгілі бір тәртіпке сай әрекет еткен. Негізінен жоғары жалақыны уәде етіп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан келбеті сүйкімді қыздарды жұмысқа алған. Әрбір қыз белгілі бір қатаң ережелерге бағынған. Кез келген заңбұзушылық үшін үлкен айыппұлдар төлеген. Нәтижесінде тергеу тобы қылмыстық істің 167 томын жинап, әр томы 186 беттен тұрды. Яғни, көп томдық іс жалпы 31 мыңнан астам бетті құрады. Бұл осы ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесінің рөлі мен кінәсін дәлелдеу үшін тергеушілерге заттай дәлелдемелерді жинау бойынша тыңғылықты және орасан зор жұмыстарды атқаруға тура келгенін аңғартады – деп аяқтады полковник Әбуов Талғат.

2022 жылдың мамыр айында тергеушілер істі айыптау қорытындысымен бірге сотқа жіберді. Өз кезегінде, сот қылмыстық іс материалдарын зерделеп, 2023 жылдың сәуір айының соңында үкім шығарды: ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Шаршеналиев Әлішер қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды және оның қылмыстық тобының мүшелері 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.