ҮКІМЕТТІК ЖҰМЫС ТОБЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЛДЫ

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша ҚР ПремьерМинистрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Түркістан облысында болып қайтты.

Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Мәдениет сарайында көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

«Бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы – халықтың лайықты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға барлық шығындардың 45%-ы бағытталды. Түрлі бағдарламалар аясында ауқымды әлеуметтік инвестициялар іске асырылуда. Ең бастысы, әлеуметтік саясат теңдестірілген және әлеуметтік асырауда болуға итермелемеуі керек»,-деді Г. Әбдіқалықова.

Сондай-ақ Г. Әбдіқалықова аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша азаматтардың жеке қабылдауын өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Күлтөбе қалашығындағы ғылыми-реставрациялық жұмыстармен танысты және мемлекеттік органдардың, ведомствоға бағынышты мекемелердің және ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларының өкілдерімен кездесу өткізді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексеріп, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету процесімен танысты.

Жұмыс тобы «Кентау транс­форматор зауыты» АҚ базасында аудандар, қалалар әкімдерімен, өнер­кәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен, бизнес құрылымдар, кәсіподақтық ұйымдар басшыларымен кеңес өткізді. Г.Әбдіқалықова өнеркәсіптік кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың басшыларын өздерінің табысы төмен қызметкерлерін қолдауға, тұрғын үй сатып алуға көмектесуге, оларды жөндеуге қаражат бөлуге, баспана несиелері бойынша бастапқы жарналарды төлеп беруге шақырды.

Бүгінде өңір кәсіпкерлері 11 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қазығұрт ауданының кәсіпкері С. Ертаев көп балалы Ержановтар отбасына үй сатып алып берді және Түркияда науқас баланың отбасына операция жасауға 4 млн. теңге бөлді.

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова Кентау қаласында, денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Түркістан қаласында болды.

Е.ТӘЖИЕВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.