ҰЛ-ҚЫЗЫМ ҮШІН ҰЯЛАМЫН

Мен де бір кездері жас болдым. Жастай сүйіп қосылған жан жарыммен бақыттың базарлы күндерін кешіп, бұл бақытым ешқашан таусылмайтындай көруші едім. Бірақ, соның бәрінен бір сәтте айырған тағдырым мені қартайғанда да мүсәпір етіп қойды…

 

Күйеуім құрылыста істейтін. Бір күні жұмысында биіктен құлап, қатты мертікті де, жансақтау бөлімінде екі күн жатып, есін жимаған күйі көз жұмды. Мен екі жасар қызым мен жасына толмаған ұлымды құшақтап, аңырап қала бердім. Өмір сүргім келмеді. Сүйген жарымның соңынан кеткім келіп, өзіме қол салмақ болғаным да есімде. Әйтеуір, жанымда туыстарым болып, аман алып қалды. Жылай-жылай көкірегімнің сүті де тартылып қалыпты. Емшектен шықпаған ұлым жасанды тағамды аузына алмай, екі күн бойы шырылдап жылай берген соң ғана есімді жидым. Сөйтіп, енді тек осы балаларым үшін ғана өмір сүремін деп өзіме серт бердім…

Мен сертімде тұрдым. Басқа еркек кіндіктінің бетіне қарамадым. Бар есіл-дертім осы екі құлынымды қайтіп аяқтан тұрғызып, адам қата­ры­на қосамын деумен орайы келген жұмыстың қайсысынан да бас тартпадым. Күндіз мектепте сабақ беріп, кешкісін сол мектептің еденін жудым. Бір үйдің қабырғасын әктедім, бір үйдің көрпе-төсегін тіктім. Сөйтіп жүріп, екеуін де өсіріп-жеткізіп, жоғары білім әпердім. Көке-жәкелеп, мамандықтарына сай жұмысқа орналастырдым. Қызымды құтты орнына қондырып, бар жоралғысын ешкімнен кем қылмай атқардым. Енді келін алсам, қолымды жылы суға малып отырармын деп едім. Қайдан?

Ұлым қызмет бабымен үлкен қалаға ауысты да, сол жақтан бір сылқымды алып келді. Онда да барымды да, жоғымды да шашып, көл-көсір тойын жасадым. Той өткен соң балам: «Біз мұнда көп бола алмаймыз, еңбек демалысымыз бітті, қайтуымыз керек», -деді. «Ау, балам-ау, енді үйлі-жайлы болдың. Не осында келіп, қолымда бол. Болмаса мен сендермен барайын, ертең балалы болсаңдар, немере қарасам да көмегім тиеді ғой», -дедім. Сөйтсем, балам күмілжіп: «Апа, сіз осында бола берсеңізші. Әлі зейнетке шыққан жоқсыз, қалада жасы келген адамды жұмысқа алмайды ғой. Оның үстіне пәтеріміз тар, өзіміз әрең сыямыз», -деді. Желдің қайдан тұрғанын түсіне қойдым. Бірақ, жас шаңырақты бұзбайын деп, үнсіз қала бердім. Әзірге аяқ-қолым сау, бірдеңе етіп жүре тұрармын. Кейін өзі есі кірген соң қайтып келер деп, іштен тындым.

Алайда уайымнан іштей мүжіліп, өз-өзімнен шөгіп бара жаттым. Содан ба, соңғы кездері басым айналып, көзім қарауыта берген соң, дәрігерге барып қаралғанмын. «Апа, сізге демалу керек. Қан қысымыңыз жоғары. Балаларыңызға түсіндіріп айтыңыз, сізге күтім керек», -деді дәрігер. Мен ұлым мен қызыма қоңырау шалып, «осылай да осылай» деп едім, екеуі де «жұмыстамыз, шыға алмаймыз» деп қысқа қайырды. Сосын салмағымды салмайын деп сүйретіліп жүре бердім. Бірақ, жалғыз өзіңнің не ұйқың келмейді, не ас батпайды. Оның үстіне жалғыз адамға ауыр ой да үйір.

Бір күні әдеттегідей түні бойы көз ілмей шықтым да, таң қылаң бере орнымнан тұрып, сыртқа шыққаным сол, дүние шыркөбелек айналып, аспан жерге құлап түскендей болды…

Есімді ауруханада жидым. Басымда ұлым мен қызым төніп отыр. Миыма қан құйылып, инсульт алыппын. Әйтеуір, мың болғыр көршім аулада сұлап жатқан жерімнен көріп қалып, жедел жәрдем шақырыпты. Менің телефонымнан балаларыма қоңырау шалған да сол екен…

Ажалдан аман қалғаныммен, бір қолым жансызданып, аяғым да дұрыс икемге келмей қалды. Біреудің сүйемелдеуінсіз сыртқа шығып-кіре алмаймын. Ұлым мен келінім тым болмаса енді жаныма келіп, маған күтім жасар деп күтім едім. Қайдағы? Ұлым: «Апа, кешір, мені жаңа қызмет күтіп тұр. Дәл қазір жұмысымды тастап кете алмаймын. Келініңіздің де аяғы ауыр, оның өзіне де күтім керек», -деп мәймөңкеледі. Ал қызым: «Мен енеме өзім зорға сыйып отырмын, сізді онда апара алмаймын. Ал мұнда көшіп келуге күйеу балаңыз өлсе де көнбейді» деп иығын қиқаң еткізді…

Осы сәтте менің ауруханадан шыққанымды естіп, баяғы жедел жәрдем шақырған көршім де үйге келе қалмасы бар ма? Мына әңгіменің үстінен түсіп, жағдайды бірден түсінді де:

– Сендер алаңдамаңдар, балалар. Аналарыңнан өз өмірлерің артық болса, бара беріңдер. Бұл кісіге өзім қараймын, — деді. Ұлым да, қызым да оның сөзінің артындағы зілді аңғармады ма, аңғарса да түсінгісі келмеді ме:

– Ой, жақсы болды ғой, апай, апамыз сізге аманат! -деді де, өз жөндерімен кете барды…

Енді, міне, қазір бар күнім көрші келіншекке қарап, мүсәпір болып отырмын. Байғұс, обалы не керек, өзінің шиеттей бала-шағасы болса да, маған жиі қарайласып, кір-қоңымды жуып, асымды беріп кетеді. Кейде бірге шай ішіп, ұзақ әңгімелесеміз. Құдайға еш өкпем жоқ. Бірақ, бар өмірімді сарп етіп, қанаттыға қақтырмай өсірген балаларымнан көрмеген жақсылықты жат адамнан көргенім жаныма батады. Жалғыз анасын тағдырдың талқысына тастап кетердей не жаздым екен? Қай жерде қателік жібердім? Әкесінің жоқтығын сезбесін деп тым еркелетіп жібердім бе? Мен осындай пәтуасыз ұл-қыз өсіргенім үшін, дұрыс тәрбие бере алмағаным үшін қатты ұяламын…

Меруерт.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.