ҰЛТ.РУХ. Аманат.
Манаш Қозыбаев:
Қазақ жерінің иесі — болашақ ұрпақ
Қазақ жерінің иесі – болашақ ұрпақ. Біз болашаққа тек қана миллиардтаған қарыздарды ғана емес, тұтас қазақ жерін қалдыруға парыздармыз.Жерді сату заңын қабылдамас бұрын біз өзіміздің геополитикалық жағдайымызды да ескергеніміз жөн. Жерге мүдделі көршілес елдердің халықтарының қолына жеріміздің қалай өткенін білмей де қаламыз.Қазақстан азаматтары оянып, тіріліп, жанданып, жер байлығын ел кәдесіне жаратпай біз өркениетті елдер қатарына қосылуымыз қиын. Бұл ұлы тірлігіміздің негізі – жер. Қазақ елінің жерін қорғамай, елін де, ерін де қорғай алмаймыз. Жер мәселесін сөзі көп, берекесі жоқ, халық сеніміне ие бола алмаған парламенттің құзырынан шығарып, бүкіл халықтың (барша қазақстандықтардың) өз талқысына (референдумға) салу қажет деп санаймын.
Бүгінгі нарық заманында біз барша әлемдік тәжірибелерден үйренуіміз керек. Амал нешік, осы тұста «ұлттық» модель жасауға тырысушылық, көрші өзбектерден, қытайлықтардан үйренуге арланушылық тым қымбатқа түсіп отыр. Қытай ескіні қиратпай, кәдеге асырып, жаңаны қосып, үстемелей отырып ұлттың кедей, жарлы-жақыбайларына дейін күнкөріс тауып беріп отыр. Біз ауылды тобыр қылып тоздырып, ел байлығын талаған, шетелдік отаршыларды, ұлттық обырларды оздырып отырмыз.
Ұлттық идеологиясыз болмайды. Ұлттық идея, ұлттық мақсат, мүддеге қызмет етуге борышты. Дегенмен идеология–негізінен үстем таптың мүддесін қорғайды. Егер демократиялық, құқықтық, зиялы қауым құрғымыз келсе, мемлекет халықтың қалың тобының мүддесіне негізделген әлеуметтік саясат жүргізуі керек. Мемлекет идеологиясы демократияға (қалтасы қалыңдардың диктатурасы емес), құлдыққа қарсы (біріккен, ұйымдасқан жемқор, алаяқтарға қарсы), кең ауқымды әлеуметтік саясатқа бейімделуі абзал. Бізде кейбір сәтте тоталитарлық жүйе тұсындағы идеологияның сарқыншақтары (науқандық, жоғарыдан жоспарлау, табынушылық, жеке адамды орынсыз марапаттау т.б.) бой көрсетуде.
Біздің идеологияның басты, ең соңғы сөзі – тәуелсіздік, оны баянды ету.
Соңғы кезге дейін билігі бар адамдардың аузынан: «Біз халыққа жер бердік, кәсіпорындарын бердік, мал бердік, ерік бердік, енді не болсаңдар о болындар», — деген сөзді жиі еститін едік. Шын мәнінде мемлекет деген бүкіл өмірді үйлестіруші. Үкімет ең алдымен, Президент айтып отырғандай, «Халқымыздың ең кәдуілгі қажеттіліктерін өтеудің жауапкершілігін өз мойнына алып, сол үшін жауап беруі керек». Сонымен қатар мемлекет аранын ашқан, халық байлығына оп-оңай ие болып тасқан, шетелдік май шелпектерді көкірегіне басқандарды мемлекеттік мүдде тұрғысынан тоқтата алуы керек. Мемлекеттің, оның органы – үкіметтің болашақты болжайтын көрегендігі болуы керек. Мемлекеттің, оның органы – үкіметтің үйлестіруші ретінде мемлекеттік экспертиза жасар дәрмені болуы абзал.
Біздің бұл күнгі чиновниктік ақпарат коммунистік жүйенің ішінен шыққан. Сайлауды монополиялап, өз ойлағанындай өткізгісі келетіні құпия емес. Екіншіден, елді ортағасырлық рулық, тайпалық идеология жайлап барады, өткен парламент сайлауында осы бір індет бой көрсетті. Үшіншіден, билік жүйесі мен халық арасында кешегі шолақ, қызық белсенділердің мұрагерлері – неше түрлі жүйріктер мен сұмдықтар, келісімпаз саясаткерлер қаулап өсуде. Төртіншіден, сайлауды сатып алу деп түсінетін бір ұрты қан, бір ұрты май бай — саудагер топ науқанға екпінмен араласуда. Ел күйзеліп, болашаққа үміт артып телміріп отырған кезде байлар әулеті өз мүдделерін қорғау үшін билікке таласуда.
Еліміздің ертеңін ойлағанда біздің ел болашағы қандай болады, әлемдік қауымдастықтан қандай орын алады, бүгінгі күнгідей атағымыз ұрлық-қорлықпен, біріккен қылмыспен шығып, Сицилия мафиясы жайлаған мемлекет сияқты болып кетпейміз бе деген қорқыныштар көңілге ұялайды.
Тәуелсіз елдің тәуелсіз экономикасы болуы керек. Отанның қауіпсіздігі үшін стратегиялақ маңызы бар өндірістер мемлекет меншігінде болуы керек. Қазір біз алғашқы қызулық пен отынэнергетика саласын негізінен шетелдіктер билігіне бердік, қорғанысқа керек көптеген кәсіпорындарымыздың халі мүшкіл.
Мені толғандыратын келесі мәселе – ұлттық жұмысшы табының жайы. Бұл күнде бір кезде тап болып қалыптасқан жұмысшылар қатары қожырады, мамандар даярлау жүйесі әлсіреді, рухани салада жеке басты күйттейтін идеология дамуда, ұлттық идеал ақшалы мырзалар алдында тізе бүгіп, тоқырап барады. Ұлттық мүддені өз атасының сақалына айырбастаған қулар алдыңды кескестеп жүргізбейді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» деп бір заманда Абай атамыздың жүрегі қан жыласа, қазір «қайран менің пәленше жүзім» дейтін жүзі күйгірлер көбейді-ақ.
Ресей империясы тұсындағы тарихи проблемалар империяның, христиан дінінің, Ақ патша билігінің үстемдігіне қарай пайымдалды. Ал жаңа, тәуелсіз кезінде біз ұлтымыздың тарихи санасын ояту барысында, тәуелсіздікті баянды ету жолында қазақ тарихшылары тарихты бұрмалап, ата-бабасының әділ ісін асырып, зорлық-зомбылығын (мысалы, қарақалпақтарға, қырғыздарға, башқұрттарға) жасырып, беліне қару асынғанның бәрін батыр деп, қолына домбыра ұстағанның бәрін ақын деп жатқанымыз өтірік пе? Сондықтан негізгі міндет – тарихи, ғылыми объективтілік, диалектикалық принциптерді сақтап, жалпақ тарихтан жасанды тарих жасамай, ғылыми негізделген ата тарихын жазу міндеті тұр. Бұл болса бір ұмтылыста шешілер проблема емес. Өйткені ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи мифтер мен догмалардан өтіп, ақиқатқа жету оңай емес.
Бұл үшін біз, ең алдымен, халқымыздың әлемдік өркениеттегі орнын анықтауымыз керек. Қазақтың өркениетке қатысы қандай, ол әлемдік өркениетке нендей үлес қосты, одан не алды, өркениеттік байланыс дәрежесі қандай деген сауалдарға жауап беруі керек.