ҰЛТ.РУХ.ҚАЙРАТКЕР

ДОС КӨШІМ

Біз әлі толыққанды қазақ бола алмай келеміз. Сондықтан жастарға жақсы нәрсені насихаттап, керек нәрсені үйрету керек. Тәрбие мен насихат дұрыс болса, жас ұрпақ та жас қайыңдай түзу өседі. Ең бастысы, желілердегі желөкпелерге тосқауыл керек. Дүбәра ұрпақ дүниеге келді. Оларға тыйым салмасақ, қоғамды жегі құрттай жейтін, аздыратындар көбейе береді.

*    *    *

Біздің билікте қазақ тілін білмейтін министрлер, шенеуніктер бар десем, шетелдік достарым сенбейді. Мұны менің басшылыққа ренішім деп қабылдайды. Сондайда мен: “Бізде қазақша білмейтін облыс басшылары да бар” деймін. Міне, біздегі жағдай осындай.

Қазақ тілінің жағдайын Назарбаев кез-келген ұлтжанды адамнан артық айтты. Осыдан 3-4 жыл бұрын Президент ассамблеяның жиынына қатысқанда, еліміздегі кәріс ұлтының өкілі Роман Ким қазақша сөйледі. Сол кезде Назарбаев: “Осы жерде жүз қазақ, бес орыс отырса, бәріміз орысша сөйлейміз. Міне, осындай сорлы халықпыз”,-деді. Осыдан артық қалай жеткізу керек сонда?

*    *    *

Реформалардың кейбіреуі өмір талабынан, саяси қажеттіліктен туса, енді біреулері жағымпаздықтан, Президенттің айтып қалған пікірін «Біз тез арада жүзеге асырып жатырмыз» деп көзге көрініп қалудан туған жаңсақ қадамдар. Латын әліпбиіне көшу – зорлап таңылған, сол арқылы ұлттық тілдік жүйемізге орны толмас нұқсан келтірген кириллицадан құтылып, өзіміздің төл дыбыстарымызға негізделген әліпбиге көшу болса, мектеп деңгейінде үштілділікке бас бұру бір ұрпақты сауатсыз ететін жаңсақ қадам деп білемін.

*    *    *

Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытатын 30 мың мұғалімді өтірік-шыны аралас «дайындап шығарармыз», бірақ солардың ағылшын тіліндегі түсіндіргендерін ұғатын 300 000 оқушыларды қайдан табамыз? 30 жылдың ішінде орыс мектептеріндегі оқушыларға қазақ тілін үйрете алмай жүрген білім министрлігі, шынында да, көтере алмайтын шоқпарды белдеріне қыстырған сияқты.

*    *    *

Бізде қазір үлкен ауру бар, әсіресе, қазақтарда. Мен ол аурудың атын әдетте «Онда тұрған не бар?» деп атаймын.  Өзекті өртер дүниені айтсаң, онда тұрған не бар дейді жұрт. Ойбай, тіл құрып барады десең, онда тұрған не бар дейді. Бізде баяғыдан жалғасқан кертартпалық  әлі үзілмей келеді. Қазақтардың саяси сауаты әлі ашылған жоқ. Ұлттың саяси санасы ашылмаса, оң мен солын танымаса, тек қана өз бастарын ойлап, «Онда тұрған не бар?» деп жүре береді. Менің ойымша, біздегі белсенділіктің жоқтығы осында.

*    *    *

Арсыздықпен «күрестің» бірнеше тәсілі бар. Біріншісі – заң арқылы жазалау. Кинодағы арсыз көріністер мен журнал беттеріндегі тыр жалаңаш суреттерге мемлекет тарапынан қатаң жаза беріледі. Әлеуметтік желіде араб тіліндегі әнді тыңдаған немесе көк шар алып шыққандарға, алаңға жиналып, аруақтарға құран оқуға ниет қылғандарға жауапкершілік белгіленген. Ал халықты моральдық тұрғыдан мазақ қылғандарға көңіл бөлмеу – таңқаларлық жағдай.

*    *    *

20 жасымызда, дайындық бөлімінде оқып жүргенде, орыс жігітімен жүрген қазақ қыздарына ауыр сөздер айтып, оның «кәпір» жігітін сабап, «біздің қыздардың қасына жолама!» деген кездеріміз болды. Өзімізше, ұлтымызды қорғаған түріміз.

Ал 80 жылдары орыс­танып кеткен қазақ қыздары африкалық студенттерден бала туып, 2000 жылдары түріктердің тоқалына айналды. Мен білетін қанша ұлтшыл азаматтардың балалары кәрістен, жапоннан келін алып, қаншаларының қыздары шетелдіктерге келін болып түсті десеңші! Қанша «әттеген-ай, жер қылды ғой» деп бармағыңды шайнағанмен, бұл үрдісті тоқтата алмайды екенсің.  Ол үшін қазақты қазақ етіп қалыптастырған, атадан балаға сол қалпында беріліп отыратын, қатаң ұстанатын  ұлттық тәрбиемізді қайта тірілту керек. 30 жыл бойы ана тілімізді тірілте алмай жүріп, ұлттық тәрбиеміздің өзегін сақтап қалу қолымыздан келеді ме екен, білмеймін…

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.