ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТШЫЛДЫҚ

Жуырда әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының арасында шағын сауалнама жүргіздім. Ұлтжандылық пен ұлтшылдық жайында. Нәтижесінде біздің жастар осы екі ұғымның аражігін ажыратып, астарына үңіле бермейтінін байқадым. Жалпы ұлтжандылық пен ұлтшылдық деген не? Тоқтала кетейік.

Ұлтжандылық – өз ұлтының ділін, тілін, дінін ұстану, салт-дәстүріне адал болу. Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Көк туды көргенде қанаттанып, бойыңда ыстық қан тулайды, мақтаныш кернейді, жүректе ұлтқа деген махаббат ән салады. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек.

Ұлтшылдық – өз ұлтының қамын жеу, оны басқа ұлт мүддесінен жоғары қою. Сонымен қатар, ұлтшылдық әр түрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды, қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық – «Халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» .

Белгілі блогер әрі қоғам белсендісі, Жапония мемлекетінде жиі болатын Сырымбек Тау  жапондардың ұлтжандылығы мен ұлтшылдығы жайында: «Кореядан Жанпонияға келдім. Кейде Жапониядан Кореяға өтіп кетемін. Екі елдің бір ұқсастығы – ұлтшылдығында. Ол бір тілде сөйлеп, бір ұлттық мүддені күйттегенінен, дәстүріне берік болмаса да адалдығын үнемі білдіруінен байқалады. Бізде екі қазақ орыс тілінде сөйлесіп бара жатса, таң қалмайсың. Құлдық сананың сарқыншағы ма, саңғырығы ма, бізден шықпай жатқанының көрінісі. Ал кәріс пен жапон елінде мұндай көріністі ешқашан көре алмай өтетін шығармын. Тақтайдан да тегіс еденде ұйықтауын да, бауы бар шалбар киюін де, баласын арқасына салып алып жүретінін де ақтап алады бұлар. Жапонның да, кәрістің де әлемде озық болуының басты қозғалтқышы – ұлтшылдығынан от алған намысында» дегенді айтқан болатын. Демек, бізді қазіргідей бәзбіреулердің туымызды қорлап, тұнығымызды лайлап жатқандығы біздің әлі де болса ұлт ретінде осал екенімізді білдіреді.

Ұлтты сүю – туа біткен қасиет, оған қарсы шығу – өз табиғатына қарсы шығу. Қазіргі қоғамымыздағы өз тілін білмейтін, қазақи діл мен салт-дәстүрлер бойларына сіңбеген мәңгүрттер саясаттың құрбандары болып, рухани мүгедек күйінде қалды. Арасында өзінің кемтарлығын түсінетіні де, түсінбетіні де бар. Түсінгеннен не пайда, өз  халқының қамын жеуге лайықтылары жоқ дерлік. Рухани азғындау, тілге байланысты, діни, саяси т.б. бөлініс жақсылыққа апармайтыны айдай анық. Тығырықтан шығатын жол бар ма деп ойланатын шақ келді. Ұлтыңды сүйсең, өзіңді қолына ал. Бос лозунг, өмірге мастықтан аулақ бол. Ұлтыңды тек жүрегіңмен сүйме, ісіңмен шың сүйетіндігіңді дәлелде. Жалған ойлардан, идеялардан санаңды тазарт. Сөзіміз түзелетін мезет келді, енді өзіміз де түзелерміз…

Ұ.ӨСКЕН.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.