ҰЛЫҚТАУҒА ЛАЙЫҚ ҰСТАЗ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесі жайлы аз айтылмайды. Тіпті, оқытушы-тәрбиешілердің былайғы ел алдындағы абыройын үстем ету үшін арнайы заң да қабылданды. Бірақ, мұның бәрі меніңше бос әурешілік. Ұзақ жыл осы салада жұмыс істеген маман ретінде айтайын, әркім өз абыройын өзі қалыптастырады. Оған ешқандай заң-зәкөннің де, арнайы бекітілген құжат-қаулының да қажеті жоқ.

Жә, жарайды, бұл талқылай берсең таусылмайтын тақырып. Одан да біз осы салада ұзақ жыл жұмыс істеп, елдің құрметіне бөленіп жүрген мұғалімдер жайлы айтайық. Соның бірі – біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Рүстем Ауданов. Ол бүгінгі таңда Жетісай ауданындағы №22 Қ.А.Яссауи мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келеді. Иә, онымен таныстығымыз да осыдан оншақты жыл бұрын басталды. Мен ол кезде аудандық білім бөлімінде әдіскермін. Күн сайын қаншама мектеп басшылары мен мұғалімдері келіп кететін  бөлімінің жұмысы да қыз-қыз қайнап жатады. Жасыратыны жоқ, кейбір мұғалімдердің жүріс тұрысынан, сөйлесе қалсаң сөз саптауынан-ақ олардың білім деңгейі білініп қалып жатады. Есесіне, қай тақырыпта сөз қозғасаң да өзін суда еркін жүзетін балықтай сезінетін, білім-білігі мол мамандар да бірден байқалады. Неге екенін, үстіндегі киімі ине-жіптен жаңа шыққандай ұқыпты, өзіне үйлесімді формасымен мәдениеттіліктің, білімділіктің үлгісін паш етіп жүргендей жылы жимиып жүретін осы бір жұқалау жігітті көргенде, өзіме бірден жақын тарттым. Кейіннен жұмыс бабымен жол түсіп мектебіне де бардым, ұжым алдындағы абыройына да тәнті болдым. Бір барғанымда мектеп директоры кезекті демалыста болып, ұжымды сүттей ұйытып сол басқарып отыр екен. Жасыратыны жоқ, қаншама білім ошақтарын аралап жүрміз ғой, мына мектепте бір жылылық бар сияқты сезілді. Содан бері ауданда мақтаулы мұғалімдер мен білікті басшылардан кімдер бар дегендей сұрақ туындай қалса, көз алдыма келетін он шақты маманның арасынан соны да көретін болдым. Білім саласында жұмыс істеп жүргеніммен, негізгі мамандығым журналист болғандықтан жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқымыз келетіні рас. Соның сәті бүгін түсіп отыр. Өйткені өзінің қырық жылға жуық жұмыс өтілін осы салаға арнап, қаншама мақтаулы шәкірттердің ұстазы болған ол қарашаның 21-і күні 63 жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шығады.

Иә, Рүстем Көләпұлы 1957 жылы Тәжікстанда дүниеге келді. 1975 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылы Душанбе мемлекеттік пединститутына оқуға түсіп, физика-математика мамандығы бойынша 1980 жылы диплом алды. 1980-1991 жылдары Тәжікстан Республикасындағы орта мектепте ұстаздық жұмысын бастады. 1991 жылы елге оралғаннан кейін осы мектепте физика пәнінің мұғалімі, 1995 жылдан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Нағыз мұғалімге тән барлық жақсы қасиеттер бір бойынан табылатын ол шебер суретші, білімді аудармашы ретінде де көзге түскен. Өзінің ана тілінен бастап, орыс, неміс, өзбек, тәжік, тіпті, түрікмен тілін де жетік меңгерген. Сондықтан ол Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрамындағы «Сомониен» ұлттық ассоциациясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Баспасөз беттерінде жарық көрген әдістемелік материалдарды жинақтап, сабақ барысында ұтымды пайдалана білетін ол облыстық семинарда «Көп тілді және билингвальды білім беруді жақсарту бойынша нақты ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасап, онысы көпшілік тарапынан қызу қолдауға ие болды. Керек кезінде қоғамды толғандыратын мәселелерді негізге алып мақала да жазады. 1995 жылдан сайлау учаскесінің хатшысы, кейіннен төрағасы болып, сайлау науқанына белсене атсалысып келеді.

Иә, біздің қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген әдемі тәмсіл бар. Ұлағатты істерімен құрметке бөленіп жүрген Рүстем Аудановтың тәрбиесін көрген ұл-қыздары да бүгінде өз саласы бойынша жетістіктерге жетіп жүр. Өмірлік зайыбы Ғалия Қайроллақызы екеуі өмірге әкеліп, тәрбиелеген ұл-қыздарынан тұңғышы Бақтыгүл Ауданова жастайынан тума талантымен көзге түсіп, бүгінде жас жазушы ретінде танылып та қалды. Шымкент педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аудандық, облыстық әдеби байқаулардың жүлдегері атанды. Тырнақалды туындылары «Ақ шағала жырлар» атты ақын-жазушылардың топтама жинағына енсе, 2015 жылы Шымкенттегі «Алтын шаңырақ» баспасынан «Пейіштің самалы» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Ал, таяуда ғана Алматы қаласындағы «Елтаным» баспасынан жарық көрген «Ай толғатып жатқанда» атты екінші кітабы «Қаламгер» қоғамдық әдеби бірлестігінің қолдауымен жарық көрді. Проза жанрында өзіндік стилі бар ол бүгінде өз оқырмандарын қалыптастырып, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Сондай-ақ, тұңғыш кітабы үшін Ақын Әлібек Мейірбеков атындағы медальмен марапатталды.

Ұлы Икрам да жоғары білімді, бүгінде жеке шаруа қожалыққа басшылық етіп жүр. Қыздары Айнұр мен Гүлнұр да әке жолын қуып, білім саласын таңдады. Бірі Жамбыл облысында тұрса, екіншісы Алматы қаласында. Бір әттеген-айы, екінші ұлы Құрманғазы әке ізін қуып, ұстаздық тізгінін қолына алған шақта өмірден ерте кетті.

Рас, ол кісінің өмір жолындағы бұл жетістіктері жолында өмірлік жолдасы, балаларының анасы Ғалия Қайроллақызының да зор үлесі бар десек асыра айтқандық емес. Ол екеуі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңына таман Тәжікстан Республикасының астанасы – Душанбе қаласында танысқан екен. Бірі ауылдан оқу іздеп барса, екіншісі Қазақстанның шығыс өлкесі – Өскеменнен дәм тұз айдап, жұмыс істеуге барады. Ол кез жастардың комсомолдық тапсырмамен Кеңестер одағының түкпір-түкпіріне жолдамамен баратын кезі емес пе, мектеп бітірген Ғалия да өзінің құрбы-құрдастарымен арнайы курстан өтіп, қиян шеттегі тәжік елінің төріндегі тігін фабрикасына жұмысқа келеді. Қарға тамырлы қазақ қай жерде жүрсе де бір-бірін тауып, қолдап, қолпаштап жүреді емес пе, ондағы қазақ жастары да өзара танысып, жиі бас қосып жүреді. Сол таныстықтың ақыры махаббатқа ұласып, түкпірдегі Тәжікстанның жігіті Шығыс Қазақстанның қызына үйленеді. Мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жігіттің алғырлығы ғой, шәкіртақыдан жиналған тиын-тебеннің басын құрап, бір демалысында сүйген қызының ауылына барып қайтады. Болашақ қайын жұртымен танысып, үлкендердің батасын алады. Міне, мұның өзі «болайын деп жүрген бозбаланың» жиырманың о жақ, бұ жағындағы жасап жүрген әрекетінің өзі көп нәрсені аңғартады емес пе?!

Иә, мәселе мұғалімнің абырой-беделі жайлы басталып еді. Біз өз арамызда жүрген осындай кейіпкерлердің өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етуден жалықпауымыз керек. Сонда ғана жақсыға еліктеген жастар жаман болмайды.

 Жеңіс БАЙЖАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.