ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Жуырда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен және өңір ардагерлерімен бас қосып, соңғы кездері қоғамда орын алған келеңсіз оқиғаларды келешекте алдын алуға бір кісідей атсалысып, көмек қолын созуға шақырды.

Облыс басшысы, облыста өткен жылы атқарылған оңды істерге тоқталып, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қатысты әрбір саладағы жетістіктерді жіктеп берді. Сондай-ақ ол соңғы уақытта БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде шу тудырған жастар арасындағы әлімжеттік, бала тәрбиесіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.

– Қаймағы бұзылмаған, ұлттық салт-дәстүрімен барша Қазақстанға үлгі болған облысымызда соңғы уақыттарда зорлық-зомбылық пен қылмыстың жасарып бара жатқаны біздің өңіріміз үшін үлкен сын болып отыр. Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Міне, бүгін Сіздерді жинаған себебіміз де осы. Осындай жағдайларды жұмыла қолға алып, дер кезінде ауыздық салу – баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз. Сіздер өз ауылдарыңызда осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірігіп, жастарға ақыл айтып, тоқтау салып отырсаңыздар,- деді Ж.Түймебаев.

Жиында сөйлеген облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ө.Мелдеханов балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне тікелей ата-аналары атсалысып, олардың бос уақытында немен айналысатынын жіті бақылау керектігін айта келіп, БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділерінің жаманшылықты шақырып, қоғамда орын алып жатқан аздаған келеңсіздіктерді жарыса жазбай, керісінше, өңіріміздің жеткен жетістіктерін молынан насихаттау арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге болатынын жеткізді.

Ал, Түркістан облыстық ақсақалдар  алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенұлы жағымсыз жайттардың алдын алу мақсатында ата-аналарға өз жауапкершіліктерін түсіндіріп жүргендерін айтумен бірге, ата-аналар жауапкершілігін заңдық тұрғыдан күшейту қажеттігін де еске салды. Ақсақалдар алқасының жетекшісі Түркістанды тәртіпті әрі таза қалаға айналдыруда бұл жұмыстарды одан әрі қолға алатынына уәде етсе, жазушы М.Байғұт өңіріміздің әрбір тұрғыны “Мен Түркістан үшін не беремін, қандай үлес қосамын?” деген ниетпен еңбек етіп, бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қоюы тиіс деген ойын білдірді.

Облыс әкімі тек ақсақалдар жағы ғана емес, Түркістан облысындағы барлық қоғамдық ұйымдар, алқалар бір-бір бастама көтеріп, елді ұйыстыруда біріге жұмыс істеуі қажеттігін айтты.

“Қазақстан жолы” – ақпарат

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.