Видео түсіру үшін жол қозғалысы ережесін бұзған шымкенттік жастар жауапқа тартылды
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Instagram-да жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жайты таспаланған бейнежазбаны анықтады. Аталған жайт бойынша Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жазбада көрсетілген жүргізушіні анықтады. Ол 24 жастағы қала тұрғыны болып шықты. «ВАЗ 2115» автокөлігінің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 593-бабының 1-бөлігімен «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау» жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқық бұзушылық 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы орайда, мегаполистің тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол жүру ережелерін бұзу сөзсіз қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін есте сақтауға шақырады және оны бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы еске салады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі