«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы Түркітілдес елдер арасында насихатталады
Түркістан қаласына Сүлеймания қолжазбалар кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар басқармасының басшысы Хусейн Кутан, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA)өкілі, доцент Албина Тузлу және аталған агенттіктің Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек арнайы іссапармен келді.
Сапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлерінің екі жылдан бері Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи ізімен жасалып жатқан ғылыми-танымдық экспедиция жұмысының нәтижелерімен танысып, жуырда ғана қорық-музей мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі арасындағы меморандум аясында келісілген ауқымды істерді бастауға ниетті екендіктерін жеткізді.
-«Ең алдымен сіздерге Түркия елі атынан алғыс айтамын. Сіздер өте жоғары деңгейде жұмыс атқардыңыздар. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасын түгендеу мақсатында жасаған еңбектеріңіз Түркия Республикасының телеарналары мен баспасөз беттерінде кеңінен тарады.
Сіздер анықтаған қолжазбаларды заманауи үлгіде кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Жаңе бағытты қамтитын кітапты Түркі елдерінің тілдеріне аударып, кеңінен насихаттауға қолдау көрсетеміз»,-деді Сүлеймания қолжазбалар кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар басқармасының басшысы Хусейн Кутан мырза.
Осы орайда, түркиялық делегациясы өкілдері Қожа Ахмет Ясауидің жиені, шәкірті, әрі замандасы Ғашық Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақалдың шаңырағына барып, бірнеше ғасырдың көзін көрген қолжазбалармен танысты. Қожа Ахмет Ясауи мен Жүсіп атаның тарихына ортақ ортағасырлық шежіре шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы — 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. Жуырда ғана «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Күнсұлу Әсетова қолжазбаны қазақ тіліне аударып, бұған дейін есімі белгісіз болып келген Қожа Ахмет Ясауидің сүт бауыры, Жүсіп атаның анасы Бибі Хубра жайлы деректерді анықтады.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) өкілдері «Әзірет Сұлтан» қорық-музейімен бірлескен жобасын ең бірінші Жүсіп ата тарихына арналған қолжазбаны кітапқа айналдырудан бастауды көздеп отыр.
-«Алдағы уақытта «Ясауи ізімен» жобасы аясында Түркия Республикасына барып, Ясауидің шәкірттері жөнінде де деректер жинақтауды мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ, түркиялық делегациясы өкілдерімен қорық-музей базасында сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрация жасау үшін арнайы орталық ашу мәселесін де бүгінгі кездесу барысында талқыладық. Қорық-музейдегі мамандар Түркиядағы ең ірі тарихи-мәдени орталықтарда реставрация мамандарымен тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтеді. Көне қолжазбаларды күтіп-баптап, реставрация жасау бойынша мамандарға жан-жақты дәріс өткізуге оң ниеттерін білдіріп отыр»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы.
Айта кетсек, маусым айында Елордада «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасын кең ауқымда жүзеге асырып, түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақсатында меморандумға қол қойылған болатын.Екіжақты келісімдер барысында тарихи-мәдени мұра құндылықтарын сақтау, «Ясауи ізімен» ғылыми жобасы аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялауға ұсыну, түркі дүниесіне кеңінен тарату секілді жұмыстарды атқаруға, Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау мақсатында бірлескен ғылыми және мәдени экскурсиялық бағдарламалар іске асыруға, туристік имиджді қалыптастыруға, мәдениет саласы мамандарының тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, осыған байланысты салаларда үйлестіру іс-шараларын жасау келісілді.
Түркиядан келген ресми қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қорық-музейдің тыныс-тіршілігімен танысты.