Ынтымақ-бірлік
«Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты назарда ұстаған қазақ халқы ел арасындағы ынтымақ-бірлікті, татулықты ерекше бағалаған. «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады» дейді әлеумет.
Сондықтан қоғамдағы ынтымақты күшейтетін іс-шараларға қатты көңіл бөлген. Бір-бірінің жетпей жатқан жерлерін жалғап, қолынан келгенше жәрдем көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатын іс жүзіне асырған.
Қазақ қоғамындағы ынтымақтың көрінісін біз жәрдем шараларында көреміз. Мысалы, бұрынғы қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып кеңінен тараған. Онда қарызға, шығынға батқан, одан шығатын жағдайы болмаған жақын-жұрағатқа ағайындары, ауылдастары көмектесетін. Бұл жәрдем ағайындардың мәслихат-кеңесінен кейін жасалады.
Алла жолында жәрдемдесу үшін өз еріктерімен келеді. Мысалы, баспана салу, шөп ору, пісіп тұрған егінді дер кезінде жинап алу, құдық қазу сынды жұмыстарда көпшіліктің күші қажет болады. Сондай жағдайға тап болған кісілер ағайын-тума, көрші-көлемді жинап асар жасайды. Кей кездерде асарды үйінде ауыр жұмыс істей алмайтын ересек адамдары жоқ отбасылар үшін жанашыр жандар өздері ұйымдастырып, істерін атқарып береді.