ЗАМАН ТҮЗЕЛЕР, АДАМ ТҮЗЕЛСЕ

Шерхан МҰРТАЗА

Қазір дүние жүзі таныған, «демократияға бет бұрды»   деген Қазақстан атты беделді мемлекеттің Жоғарғы сотының төрағасы жемқор, парақор атанып, ақырын ғана орнынан алынады да, жым-жылас жоғалып кетеді. Оның алдында республиканың тәртіп тұтқасын ұстап тұрған министрліктің басшысы, яғни ішкі істер министрі Шумов, о да дүниеқоңыздық пен құлқынның құлы болып, қолы-басын былғап алып, қашып кетеді.

Ләм-мим деген ешкім жоқ. бұл нақты екі-ақ мысал. Бұлар едәуір. Ал, бірақ «неге, қалай?» деген Үкімет те жоқ, Заң да жоқ. Демократия дейміз, ұялмаймыз. Ал, шын демократияға бет алған Оңтүстік Корея өзінің бұрынғы екі бірдей ел басшысын ақша жеп қойдың деп сотқа тартты. Міне, демократия!

*   *   *

Әлихан Бөкейхан болса, сонау 1910 жылдың өзінде-ақ қазақ малдан айырылса, жерден айырылса, қалаға қарай ағылып, пролетариат қатарын көбейтетінін көрегендікпен жазып еді. Дәл соны қазір көріп отырмыз.

Тұрар Рысқұлұлы болса, ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын өркендету үшін үкімет тарапынан көп қолдау қажет екенін ұдайы айтты.

Ал, Смағұл Садуақасұлы Голощекиннің жағасын жырта, жағын айыра жүріп, елдің бай болуын көздейтінін, сондықтан өкіметтен қорықпай мал-мүлікті көбейту керектігін, қызметкерлерді қазақтан алу және кеңсені қазақтандыру қажеттігін… келім­сектер иеленген жерді қазақ халқына әперу үшін күресетінін айтады.

Ал, бүгінгі білгіштер жерді сату керек деді. Жер сатылса, сатылмаған не қылады? Сатылып жатыр. Зауыттар, фабриктер, кеніштер, шахталар… Қазақстан әуе жолы сатылды.

Мемлекет қазынасына одан не түсіп жатыр? Білмейміз.

*   *   *

Міне, мәселе қандай! Демек, алдымен қисық-қыңыр сананы түзетіп ал! Чиновниктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәре­жесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары осы. Қазақтан, қайран Қазақстан, Құдай тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті! Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады. Қазақстан байлығы қорқаулардың тонуына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой.

*   *   *

Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің үкімет шөп басын сындырған жоқ. ал, оның есесін теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқпарына айналды. Адамның адамгершілігін, пиғылын бұзатын аса қатерлі қару сол. Ұрлық пен қарлықты да, жауыздық пен жалмауыздықты да, арсыз, имансыз жәлептікті, адам өлтірудің нешеме түрлерін бесікте жатқан баладан бастап, бәрімізге үйретіп, санамызды улап жатыр, улап жатыр.

*   *   *

“Неге Ислам Каримовты мақтай бересіңдер?” — деп ұрсады бір жазғыш. Мақтаса несі бар? Өзбекстан жер байлығы Қазақстандікінен артық емес. Бірақ өзбектер ұқсата біледі, істің көзін табады. Қазір Өзбекстан ешкімге ешнәрсе қарыз емес, соған қызығып шетелдік капиталистер несие берейік, алыңдар дейді. Өзбектер алмайды. Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан ауыр нәрсе жоқ. Ал, біздің мойнымыздағы қарыз-несиенің есебін бір Құдайдың өзі біледі. Ала береміз, ала береміз. Одан өркендеп жатқан өндіріс шамалы. Күндердің күнінде қарыз-қарғыбау тартылып кеп қалса – тұншығу деген сонда болады.

*   *   *

Батыстың бүлдіргі мәдениеті қаптады. Бұрын Батыстан Бальзакты, Гюгоны, Драйзерді, Хемингуэйді, Шекспирді, Шиллерді, Гетені, Гейнені тауып едік. Енді олардан адасып, мұнар-мұнар арасынан кілең диюларды көретін болдық. Антикультура деген осы. Халықтың санасын улап, роботқа, мәңгүртке айналдыру – ежелден Әзәзілдің арманы. Жаратқан құдыреттің өзіне бағынбай, бақталасқан Әзәзіл дию мақсатына жететін сияқты.

*   *   *

Корейлердің еккен әрбір түйір пиязы мен сарымсағынан сыңғыр-сыңғыр теңге сауылдап жатқанын бәріміз де білеміз.

Қазақтың да сондай жері бар. Бірақ қысыр қалған. Пайда тұрмақ, өз үй-ішін асырарлық картоп, пияз, сәбіз егуге қазекем селқос. Әрине, бәрі бірдей емес, жер қадірін біліп, соның емшегін еметіндер де бар, бірақ аз-ау.

*   *   *

Ауыл ендігі үкімет үшін өгей бала сияқты. Өгей шеше өгей балаға қатыгез, жаны ашымайды, емшегі елжіремейді. Қарыз, кредит, несие беріп жатырмыз деп қояды ауыл шаруашылығының қам­қоршылары. Ал, елге барсаң, бұйырмасын, ойбай, көк тиын көрген жоқпыз дейді. Сонда кім кімді алдап жүр? Екі ортада ел қыспаққа түседі.

Егер үкімет ауылға шын жаны ашып, оң көзбен қараса, бес-он жылға несие қаржы берсе, оған шаруа адам мәстек трактор, тағы басқа шағын техника сатып алса… Әне, сонда дүние бір ыңғайға келер еді. Әне, сонда, жұмыс та табылады. Тұрмыс та оңалады.

Жанымыздағы Қытай мәстек трактордың түр-түрін шығарады. Оны сататын рынок іздеп шарқ   ұрып жүр. Ал Қазақстаннан сол қытайға прокат, темір дегеніміз күндіз-түні ағылып жатыр. Ауыл үшін, ел үшін осының қисынын тауып, шаруаны неге жарақтандырмаймыз? Күні кеше «битін сығып, қанын жалап» отырған сол Қытай шаруаға жер беріп, несие беріп, аз ғана жылдың ішінде тоғайып алды ғой. Өзіміз білмесек, өзгеден неге үйренбейміз?!

*   *   *

Заман түзелер, адам түзелсе. Тұрмысымыз оңа­лар, ақшамыз да орнығар. Үмітсіз шайтан деген.

Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркім атақ-дәреже, мансап дегенді өз бойына, талант-талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиетті ұғымды ұмытпаса деймін ғой. Әйтпесе, қазір көшеде келе жатып, абайламай біреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик, кіші де академик. Мейлі ғой, қызғанбайық. Бірақ, бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсінбейді «академикті» оңды-солды үлестірушілер? «Академик» деген атаққа шынымен лайықтымын ба?» деп бір сәт неге ойланбайды, атақ-дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты елестетпейді бір сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Біле білсе, оңай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да.

*   *   *

Баяғыда бір мұңлық: «Қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген  екен. Қарынның ашқанын жаза-жаза жұртты жалықтырып алуымыз да мүмкін. «Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар».

Ал, қадірің қашса қалыбына келе ме, келмей ме – беймәлім.

«Қадір» дегенді мен де бұл жерде ұлттық сана, ұлттық намыс деп түсінемін.

*   *   *

Ал енді осы сойқан саясат арқылы жас мемлекетіміздің жан-дүниесін рухани аурумен улап жатқаны адамға да, Аллаға да аян. Мейлі, тәуелсіз комерциялық арналар өмір сүре берсін, өркендей берсін. Бірақ республика халқын, әсіресе, жас буынды иман, адамгершілік, парасат жолынан тайдыратын, адамдарды қатыгездікке, қайырымсыздыққа, жауыздыққа, сайқалдыққа баулитын жымысқы әрекеттер жасамау керек қой. Мысалы, АҚШ-тың өзінде әлдеқашан тыйым салынған неше түрлі құбыжық, имансыз, арсыз фильмдер біздің әлгі тәуелсіз арналардан ағыл-тегін көрсетіліп жатады.

*   *   *

Қоғамдағы әділетсіздік көзге ұрып тұр. Бір бөлке   нан ұрласаң, түрмеде шірисің.    Тұтас бір кенішті ұрласаң, холдинг президенті болып кетуің мүмкін. Мысалы, Сосковецтер сондай. Қазақстан байлығын солқылдатып сорды да, Ресейге барып, патша емес, патшадан кем емес мансапқа ие болды. Қазір Ресей журналистері оның орасан жемқорлығын әшкерелеп жатыр.

Сонымен қазір кім қорқынышты?

Өз ішіміздегі ұлттық нигилистер қорқынышты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.