ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ШҰБАРСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапары барысында Шұбарсу ауылдық округінде болып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде ауыл тұрғындарымен келелі кездесу өткізді.
Жиын барысында Мирас Асқарбайұлы 2020 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қол қойған Заңға енгізілген жаңашылдықтармен таныстырып, пара алу, пара беру, делдал болу әрекеттеріне көрілетін жаза түрінің қатаңдатылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Агенттік тарапынан атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталып өтіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның жолын кесу — әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігін тілге тиек етті.
Кездесу соңында ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түріп, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.