Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы
Еліміздің ертеңін, болашағын терең ойлаған Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында жастар мәселесіне айрықша тоқталып: «Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» деген еді.
Дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп жалынды жастар мен болашағымызға үлкен үміт артып еді. Жақсылықтың жаршысы болған Елбасымыздың жастарды қолдауға бағытталған ұстанымы Мағжан ақынның ұлы ойын онан ары толықтырғандай. Жастарға ерекше көңіл бөлу жарқын болашағымыз жалынды жастардың қолында екендігін білдіреді.
Елбасымыздың игі бастамасын қолдаған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығы 14 ақпан күні №6 жатақханада тыңдаушылар мен студенттер арасында «Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы» атты кеш ұйымдастырды. Кеш қонақтары болып Тәрбие ісі және жастар саясаты департаменті директоры С.Мәжінбеков, университет аға тәлімгері С.Бейсенов және колледж директоры, тарих ғылымдарының докторы С.Әлібек қатысты. Кеште атажұртты аңсап келген тыңдаушылардың Қазақстанға деген жүрекжарды арнауымен қатар Дамубек Камалбекұлы мен Исламхан Мұхаметханұлының тартымды айтысы баршамызды тамаша көңіл-күйге бөледі. Дәстүрлі әндер әуелете шырқалып, Кафалов Бекмұраттың орындауындағы «Қазақ жастары» атты эстрадалық ән тыңдаушылардың отансүйгіштігін арттыра түсті.
Кеш соңында колледж директоры С.Әлібек сөз алып, Елбасымыздың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауының өзі жастарға деген зор сенімнің айғағы екенін айта келіп, оқу орнымыз үміт артқан қабілетті, өресі биік талантты жастарға өнер жолында сәттілік тіледі. Сондай-ақ тыңдаушылар мен студент жастарға жүйелі білім алып, болашақта сол ұлы өнерлерімен еліміздің сан алуан салаларына қызмет етіп, мемлекетіміздің абыройын асқақтататын тұлғалы азамат болуларына тілектестігін білдіріп, кешті қорытындылады.
Б.ИЗЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ-дың PhD докторы,
М.ИсмаЙлова,
колледждің
педагог-психологы.