Жәннатқа жетелеген жомарттық
Өңірімізде қамшының сабындай қысқа өмірі адалдықпен өрілген өнегелі інілер аз емес. Шындығында әрбір әулеттің айтулы азаматтары, өзіне тән тектілері, мақтаулы да абыройлы адамдары болады. Осындай бір абзал жандардың бірі – жомарттығы жұрт жадында қалған Олжас Құрбанәліұлы еді.
1989 жылдың 10 маусымында жарық дүниеге келіп, 1995 жылы мектеп табалдырығын тұңғыш аттап, тоғызыншы сыныпқа дейін туған жердегі Шәмші Қалдаяқов атындағы мектепте оқып, білім алған Олжастың білім көкжиегін бағындырудағы бастапқы беталысы да бәрекелде дегізерліктей еді. Қысқасын айтқанда, оқуда озат, өзі ортасында сыйлы, қатарының алды болған зерделі де зерек інім орталықтағы Майлықожа атындағы он бір жылдық орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, тәлімі бөлек, тәртібі жақсы түлек атанып, бала шақтан болашаққа бет бұрып, арман сапарына қарай қанат қағады.
2010 жылы оңтүстік өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін жаны қалаған мамандық бойынша жақсы бітіргенімен, бұл салада еңбек ету еншісіне бұйырмай, біржолата саудаға бет бұрады. Анығын айтсақ, оқу бітіргеннен кейінгі үш жылда ол ауылға оралып, бау-бақшаға бас көз болып, туған шаңырақтағы төрт түлікті бағып, әке шаруасына хал-қадерінше қарайласады.
Еңбекқор да елгезек ұлының табандылығына тәнті болған әкесі, біз білетін Құрбан көкем баланың бетін қақпай, сол үш жылдан кейін қаладағы үйін сатып, қомақты қаражатқа алыс жолға айдайтын су жаңа автобус алып беріпті. Орны бөлек Олжастай оғланның түбінде туған елге тұтқа болар азаматқа айналарына да кәміл сенеді.
Содан сонау Өзбекстаннан жер түбіндегі Ресейге жүргізуші жалдап, әрі өзі басы-қасында болып, жұмыс іздеп жыраққа кеткен өзбектерді жеткізіп, екі жылдай еңбек етеді. Яғни, екі жыл бойы автобуспен нан тауып, қиырда болса да, қиындау болса да нар тәуекел деп нәпақасын айырып, тұрмыс- тіршілігін айтарлықтай түзеп алады.
Ал 2016-2018 жылдары сауда саласына түрен салған талапты жас Қорғас шекара бекетінен бері қарай әлгі автобуспен тауар тасып, шағын кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды. Алған затының бәрін Алматының алыпсатарларына таратып, базар бағасын да бірте-бірте бағамдап, бизнес жолындағы бастапқы қадамын да сәтті бастайды. Арада біршама уақыт өткен соң автобустарының саны үшеуге жетіп, кәдімгідей қоң жиып, ірі саудагер санатына ілгеді. Бірақ, бармақ астынан кір іздегендердің қысымынан соң бұл бизнесті біратала доғарып, аяқ асты банкротқа ұшыраса да он жеті миллион қарыздан қыбын тауып құтылып, енді Алматыдан Шымкентке тауар тасуға көшеді. Бастапқыда үш-төрт ай тауар болмай, көздегені жүзеге аспағанымен, жастайынан жігерін жанып өскен өрелі өрен бұл қысылтаяң шақтағы қиыншылықты уақытша құбылыс деп ұғып, алған бетінен қайтпай, қажырлы еңбегін қайта жалғай түседі.
Тірлігі тұсауланған кей күндерде бір құты сусын мен бір бөлке нанды талғажау етсе де табандылығынан танбай, араға ай, жылдарды сала жүріп тынбай тер төгіп, межелі мақсатына ақыры қол жеткізеді.
Сонау 2007 жылдың тамылжыған тамызында отау құрған Олжас інімнің тұңғышы 2008 жылы дүние есігін ашты. Одан кейін де Алла Тағалам ниет-пейіліне беріп, тағы үш қыз, бір ұл тәрбиелеген текті бауырымның бізге беймәлім игі істері аз еместігі де көпке аян.
«Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас» дегендей, титтейінен туған жердегі текті әулеттің тірегіне айналған Түзелбай қарияның тәлімін алып, Күмия апасының тәрбиесінде өскен, әкесі Құрбанәлі мен анасы Гүлжамалдың көз қуанышына айнала жүріп жетіліп, қанаты қатайып қатарға қосылып, жас та болса жұрт қадірлісі санатына енгені кеше ғана еді…
Анығын айтқанда, сыныптай сырғыған сынақ өмірінде «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген қағиданы бойтұмарындай тағынып, жүрегін кірілетпей өткен жомарт жанның жақсылығы да жұрт жадында деп ойлаймыз.
Сарыағаштай саялы ауданның, Жартытөбедей жер жәннатының, жұмақ мекеннің, Құрамадай құтты қоныстың құшағында өскен, жастайынан жақсылыққа үйір болған жақсы інімнің Елдос, Бейбітхан, Шерхан атты ақ сөйлеп, адал жүретін бауырлары да бар. Олардың баршасы да жастайынан дана бабаларымыздың «Көздің қарашығын кірпік сақтаса, жүректің тазалығын ұят сақтайды» деген тамаша тәмсілін терең түйсініп, «ұят боладыны» ұшқан ұясында ұғынып өскен ұлтжанды да ұжданды ұрпақ.
«Әсілі тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз мәйегі тегін айтылмаған болса керек. Сондай тектіліктің қайнар-бастауынан қана сусындап өскен, текті әулеттегі татулықтың тал бесігінде балалықтың бал күндерін өткеріп, әкеден өсиет, анадан қасиет алып ер жеткен есті бала — Олжас бауырымның құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан жасын- ғұмырындағы жұрт жадындағы жақсылықтары, ел есіндегі елеулі еңбектері, күллі толайым табыстары меніңше, Құрбан көкемнің жақсы тәрбиесінің жемісі. «Жақсы жар — жарты бақыт» дегендей, құдай қосқан қосағының қолдап-қуаттауы да Олжас інімнің оңды істерінің, ізгі амалдарының ілгері баса беруіне сеп болды десек, шындықтан шығандамайтын шығармыз.
Осы тұста Олжас інім туралы ой-толғауымды кілт үзе тұрып, жақсының асқар тауы турасында да айта отыратын болсақ, текті әулеттен тамыр тартқан Құрбанәлі көкем қатарластарынан ерте есейген есті қария. Бауырмал, талапшыл да қамқор – қысқасы, мінезге бай кісі. Яғни, көп сөйлемейтін, сөзден гөрі нақты істі ұнататын азамат. Оның қазақтың жалпақ тілімен жеткізген орынды пікір, орнықты ойынан адалдықтың лебі есіп, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезінен тазалықтың табы байқалып, сана түкпірінде досқа беріктіктің менмұндалап тұратынын айтып жүргендер де көп.
Халқымызда «Азамат – елдің ажары» деген дана сөз бар. Елдіктің еңсесін биіктетіп, ерінбей еткен еңбегінің арқасында еліне елеулі, халқына қалаулы, көпке танымал болған жандарды өз ортасы мақтаныш көріп, азамат деп ауыз толтыра айтып, ерекше құрмет тұтса керек. Осындай абзал азаматтарымыздың біріне айналған Олжас Құрбанәліұлы өзінің өмір-өзен толқынында тынымсыз әрекетшілдігімен, жомарттығымен жұрттың ықылас-ілтипатына бөленген, жас та болса жұрт жадында қалған жан болды десем, жалған болмас. Өйткені, үлкенге ізетті іні, кішіге абзал аға болған ол «Кең болсаң – кем болмайсың» деген атам қазақтың данышпандық қағидаларын нық есте ұстады. Жастық жігермен еңбек етіп, сенімнің үдесінен шығуға күш салды, істің көзін тапты. Жомарттықты көңілге тоқи біліп, бұл жұмысты да қолына түпкілікті алды. Мүгедек жандар мен әлеуеті аз, нашар тұратын отбасыларға үнемі қол ұшын созып, көмек беруден аянып көрген емес.
Жалпы жомарттық – Ислам дініндегі сауабы мол амалдың бірі болып саналады. «Жомарт – Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс» деген хадис барын да қаперде ұстасақ, Жүсіп Баласағұни бабамыздың «Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі» деген өсиет өлеңінің де мән-мағынасын түйсіне түсеміз.
Тағы бір тәмсіл, Алты Алашқа аты мәлім Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бір күні таныстары одан :
«Жомарт, құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа — тамақ, жалаңашқа — киім, үйсіздерге — үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?»- сұрағанда ол:
Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиіреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын.
Екіншісі: Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер ғибрат алсын деймін.
Үшіншісі: Күн сайын өз бейнетіммен таңнан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен.
Төртіншісі: Құдай тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын», – деп тіл қатқан екен. Сол айтпақшы,
бейтаныс жанның өзін бітеу жаңғақ санамай, кіммен де болсын етене араласып кететін көпшіл Олжастың қамқорлығын көргендердің де қатары қалың-тұғын. Жамандықтың пайда етпейтіндігін, жақсылықтың зая кетпейтіндігін зерделеп өскен ол өзінің кіндігінен тараған перзенттеріне де ерекше мейірімін төкті. Әкенің ыстық алақанының табын сезініп, ананың мейірімі шуағына бөленіп өсіп келе жатқан ұл-қызы да шетінен тәрбиелі, өнегелі отбасының жас өрендері. Міне, «Орнында бар оңалар» деген осы.
Біздіңше жақсылықтың һәм жомарттықтың жәннатқа жетелейтінін Олжас інім тіршілігінде жақсы білген сыңайлы. «Жомарт жоқты білмейді» дегендей, оның кезінде үш адамға көлік сыйлап, бір жалғызлікті әженің баспанасына үш-төрт миллион қаржы жұмсап, күрделі жөндеуден өткізіп беріп батасын алғанын да білеміз. Одан бөлек, тіршілік толқынында жүріп, татулығына сызат түсіріп алған туысқандарды жарастырудың да жолын тауып, жасы кіші болса да көптің көкейіндегісін дөп басып жүретіндігіне де дән риза болатынбыз.
Ең алдымен айтарымыз, оның досқа деген адалдығы, бауырмалдығы, таза ниетті азаматтығы. Сондықтан да төңірегінде жолдас-жорасы көп болды. Солардың барлығына қолынан келгенше көмектесті. Осындай ерекше қасиеттерді бойына сіңірген адаммен өмірде дос, үзеңгілес жолдас болғандар да оның азаматтығын ерекше бағалайтын.
Жалпы, ол қай жұмысты қолына алмасын, барлық іс шешімін тауып, дөңгеленіп жүре беретін. Айта берсек, өңірдің өнегелі перзенті туралы ел-жұрттың ықыласы бөлек. Өйткені, ол мұндай ілтипатқа оңай жеткен жоқ. Қаршадайынан қара жұмыстан бастап, өзінің еңбекқорлығы мен талмай ізденуінің нәтижесінде талай биіктерге шығып үлгерді. Алған асулары да көп еді. Алла ғұмырын аз етті, амал нешік?..
Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп өткен бауырымыздың рухышат болғай! Мәнді ғұмырдағы мәуелі жемісі – бауыр еті балаларының қызығын көруді ата-анасы мен жарына нәсіп етсін. Құрбан көкемізге де денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулетіне баянды бақыт тілей отырып, сөз соңын жүрекжарды жырмен түйіндейміз.
Кейбір жанның көрген кезде көз жасын,
Жан жүрегің сыздаушы еді Олжасым.
Жаратқанға басыңды иіп жалғанда,
Сауапты іске аянбай қол созғасың.
Тектілерден жалғанған соң тамырың,
Жақсылыққа толы болды әр ізің.
Енді білдік, жарияға салмастан,
Қанша жанның өтеп бердің қарызын.
Бұл қоғамда тәуелдіміз ақшаға,
Қамқорлық қып кәріге де, жасқа да.
Барар жер жоқ баласымен шұбырған,
Талай жанға бола білдің баспана.
Жамандыққа түк те қадам баспаған,
Екеніңді ел-жұрт білді жақсы адам.
Сен өмірден өткен кезде егіліп,
Туыс емес, қайманаң да жоқтаған.
Көңілі аппақ алтын бауыр сен едің,
Жүрегіңнің ауырғанын сеземін.
Жатқан жерің Жәннәт болсын, түсіндік,
Ол жаққа да жақсы адамның керегін.
Мұрат Төлентаев, әлеуметтанушы, қаламгер.