Жас аналарға психологиялық кеңес
Қазіргі таңда жас жұбайлар арасында ажырасудың көбейіп кеткені жасырын емес. Отбасындағы тәрбие, өкпе-реніш, ер адамға деген өшпенділік қыздың болашақ жарын таңдауына тікелей әсер етеді. Осының салдарынан қыз бала тұрмыс құрған кезде түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Кез-келген бала ата-анасын мінсіз деп есептейді.
Есейген шақта бұл бала өзіне мінсіз жар іздейді. Сондықтан бала тәрбиесіне, қыз тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Әрине, жаңа отбасын құрған жастар бір-бірін толық білмейді. Тек жақсы жақтарын көрсетуге тырысады. Кейін уақыт өте келе олар бір-бірінің жаман қасиеттерін де көре бастайды. Ал шынайы махаббат еш уақытта сөнбейді. Одан бөлек олардың жан-дүниесі биологиялық жастарына лайық болмауы, екеуінің өскен ортасы мен мәдениеті басқа болуы мүмкін. Қалай дегенде де жас аналар отбасын сақтап қалуға тырысуы керек.
Өйткені ажырасу деген нәрсе оңай емес. Ажырасқан соң адам үш жылға дейін психологиялық тұрғыдан қатты қиналады. Сондықтан мұндайда ақыл таразысына салып, мүмкіндігінше асықпай ойланған дұрыс. Былайша айтқанда, жастарымыз отбасылық өмірдің қиындықтары көп болатынын түсінуі тиіс.
Өскен кезде әке-шешесіне мүлдем ұқсағысы келмейтін балалар болады. Яғни олар қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалып, балаларын бақытты етуге тырысады. Расымен де, белгілі бір уақытқа дейін отбасылық өмірдің бақытын сезінеді. Демек, отбасылық өмірге қадам басқан жас жұбайлар бір-бірін сыйлап, көңіл аударып, сезімдері туралы ашық айта білуі керек. Себебі бала ата-анасы бақытты болған кезде ғана шын қуанады.
«Жас отбасы» – күрделі жəне неке-отбасылық институтының тұрақсыз кезеңі болып табылады. Некеге тұрғаннан кейін, жас отбасында алғашқы тұрақтандыру процесі басталады яғни некенің алғашқы кезеңі отбасылық интеграциямен жəне адаптациямен сипатталады. Қалай дегенде де жас аналар жанұя жылуын сезініп, шаңырағын шаттыққа бөлей берсе екен дейміз.
А.Азимханова,
№2 қалалық аурухана психологы