«Жас кәсіпкер» жобасы аясында 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

QAZYGURT.KZ:  Бүгін Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы мақұлданды.

«Осы құжатқа сәйкес жастарды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге, жас отбасыларды қолдауға  бағытталған бірқатар нақты шара  көзделген. Бұл өте маңызды қадам. Сонымен қатар бірнеше мәселеге назар аудару қажет. Біріншіден, әкімдіктер тиісті министрліктермен бірге жастарға жыл сайын кемінде 1 мың жалдамалы пәтер беру жөніндегі жұмысты күшейтуі керек.  Екіншіден, жастарды жұмыспен қамту мәселесін бақылауда ұстап, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл үшін жол картасында жұмыс істемейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға  «Жас кәсіпкер» жобасы аясында шағын несиелер мен гранттар беру жөнінде бірқатар шара  көзделген. Аталған жобаға 32  млрд теңгеден астам қаржы бөлінді»,  — деді Үкімет басшысы Асқар Мамин жол картасын талқылап боларда. Үшіншіден, Премьер-Министр аталған  жол картасында «Жас маман» жобасы аясында сұраныс бар 100 кәсіп бойынша 200 оқу орны, оның ішінде 180  колледж  бен 20 ЖОО-ны жаңартуға 57 млрд теңгеден астам қаражат көзделген айтты. «Сондықтан Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірге осы жобаға қатысатын оқу орындарын, кәсіптер тізбесін айқындау қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті меимлекеттік органдармен, және әкімдіктермен жол картасын сапалы  іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қолдансын», — деді Асқар Мамин. Ал Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі кезде Сенатта бюджетке өзгерістер қаралып жатқанын,  бюджетте 24,6  млрд теңге қосымша қаралып отырғанын айтты. «Ең басты мәселе  — қазір жастарды жұмысқа тарту, іс бастау үшін грант беру, көмектесу, жастар тәжірибесіне аса көңіл бөлу. Сондықтан бұл мәселелер тек әлеуметтік министрліктер ғана емес, барлық министрліктерге қатысты болып отыр. Сондықтан әріптестерді Жастар жылына байланысты жақсы қолдау көрсетуге шақырамын», — деді ол.   Осыдан кейін Премьер-Министр  Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын мақұлдау туралы қаулы жобасын дауыс беруге шығарып, оны Министрлер кабинетінің мүшелері бірауыздан қолдады.

 

АҚПАРАТ көзі: inform.kz 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.