Жас ұландар қияға қанат қақты

Әскери өмірдің алғашқы баспалдағынан өткен жас ұландар ересек өмірге қадам басты. Шымкентте Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін бітірген 168 ұланға аттестат тапсыру рәсімі болып өтті.

Салтанатты шараны ашқан «Жас ұлан» мектебінің бастығы полковник Ғазиз Төлеушев ұландарға жылы лебізін білдіріп, алдағы өмірлеріне сәт-сапар тіледі.

– Бүгінгі күн сіздердің өмірлеріңізде өзіндік ерекшелігімен есте қалмақ. Еліміздің болашақ Отан қорғаушысы болуға алғашқы қадам жасап, Қарулы күштеріміздің 30 жылдығында мектепті аяқтап отырсыздар. Болашақта әскери өмірді қалаған ұландар Тәуелсіздік туын жоғары ұстап, еліміздің әскері қуатты болу жолында аянбай қызмет етеді деп сенемін!, – деді мектеп басшысы Ғазиз Төлеушев құттықтау сөзінде.

Одан соң ата-аналар мен бітіруші түлектер сөз алып, қимастық сезімдерін жеткізіп, қуаныштарын бөлісті.

«Жас ұлан» мектебінің қабырғасында әскери істің негіздерін меңгердім, дене дайындығымен айналысып, көптеген олимпиадалар мен конкурстарға қатысуға мүмкіндік алдым. Еліміздің барлық өңірлерінен келген өзім секілді ұландармен достастым. Болашақта Отан қорғау жолында олардың кейбіреуімен бірге қызмет ететінімді мақтанышпен айта аламын.

Сондай-ақ мектеп қабырғасында тәлім-тәрбие берген барлық ұстаздарым мен командирлеріме алғысым шексіз!, – дейді мектептің үздік бітіруші ұланы Ернұр Асланбек.

Жас түлектердің құрметіне арналған кеш мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты.

Бүгінде Шымкенттегі республикалық «Жас ұлан» мектебінде 400-ге жуық ұлан білім алуда. Мектептің оқу-материалдық базасы қажетті жабдықтармен толықтай жарақтандырылған. Заманауи спорттық-сауықтыру базасы бар

Биыл республикалық мектепті ұландардың 36-шы легі бітіріп отырғанын айта кеткен жөн.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.