ЖАС ЖЫРШЫЛАРДЫҢ БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Түркістанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жас жыршылардың алғырлығы мен білімділігін анықтайтын «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауы өтті. Өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарымен сусындатып, намысты, қайсар ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өткізіліп отырған дәстүрлі байқау Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен үшінші рет өтіп отыр. «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауының мақсаты – балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, балаларды қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысқой, қайсарлық қасиеттерге баулу.  Байқаудың алғашқы жылы «Қамбар батыр» жырын, одан кейін «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан сынға түссе, биылғы байқау «Қобыланды батыр» жырына арналды. Байқаудың алғашқы кезеңінде батырлар жырын жатқа айтудан сүрінбей өткен үміткерлер екінші кезеңде әдебиет, руханият тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынады. Екі кезеңде де ең жоғары ұпай жинаған таланттар шешуші сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашу бойынша қазылардың сұрақтарына жауап берді. Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов байқаудың руханият үшін аса маңызды жоба екендігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл күні Түркістан облысының 16 аудан, қаласынан іріктелген 47 жырсүйер бала «Қобыланды батыр» жырын бастан-аяқ, толық жатқа айтудан сайысқа түсті. Байқауда жеңіске жеткен Созақ ауданының тумасы Өсер Тұран бірінші орын алып 1 млн. теңге алса, оны дайындаған ұстазы Әметова Асылзатқа  2 млн. теңге қаржылай сыйлық берілді. Екінші орынды иеленген Созақ ауданының үміткері Шалтай Рәбияға 600 мың теңге, ұстазы Сәнкібаева Жазираға 1 млн.200 мың теңге берілді. Жүлделі үшінші орын иегері Төлеби ауданынан қатысқан Тұрмахан Нұрсұлтанға 300 мың теңге, ұстазы Сәндібаева Ләззатқа 600 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды. Аталмыш байқау ең алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылып, содан бері республика көлемінде кеңінен қолдау тауып, барлық өңірлерде өткізіліп келеді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.