ЖАСЫЛКЕНТТЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС КӨП

Еліміздің үшінші қаласы мәртебесін алғалы бері Шымкентте атқарылған жұмыс көлемі артып келеді. Өйтетіндей жөні бар, бұрын бір облыстың орталығы ретінде сол облыстың ортақ қазынасынан қаржыландырылатын болса, енді өз алдына дербес өңір ретінде өз алдына бөлек үлеске ие болып отыр. Нақтылап айтар болсақ, соңғы екі жылда Шымкент қаласының бюджеті екі есеге ұлғайды.  Осыдан үш жыл бұрын 244 миллиард 400 миллион теңге болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 495 миллиард 500 миллион  теңгеге жетті. Оның ішінде қала бюджетінің өзіндік кіріс көлемі 1,8 есеге ұлғайып, 98 миллиард 700 миллион теңгеден 174 миллиард 500 миллион теңгеге ұлғайды.

Білім саласында қандай жетістіктер бар?

Иә, қаржы болса жұмыстың да қарқынды жүретіні белгілі. Соңғы екі жылда Шымкентте құрылыс саласы да қарқынды жүргізіліп, қаншама мектеп, балабақша, аурухана, емхана сияқты әлеуметтік нысандар салынды. Қаншасы қайта жөнделіп, көптен бері күрделі жөндеу көрмеген ескі нысандар жаңарып қалды. Тек білім саласына қатысты отыздан астам мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде жиырма жекеменшік білім ордасының он екісі бюджет есебінен салынды. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептердің саны он тоғыздан тоғызға азайды. Бірақ, бұл осы саладағы мәселе толық шешілді деген сөз емес. Жыл өткен сайын жаңа шағынаудандар ашылып, іргесі ұлғайып жатқан Шымкент қаласының маңайында да көптеген үйлер салынып, халық саны айтарлықтай артып келеді. Халық көбейген жерде мектеп, медпункт, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар да ауадай қажет болатыны белгілі. Сол себепті, бұйыртса 2025 жылға дейін тағы 86 мың орынға арналған 101 мектеп салу жоспарда бар. Оның бүгінде жоспары бекітіліп, нақты құжаттары дайындалып жатыр. Айталық, жаңа мектептердің 58-і мемлекет, 4-еуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік, 39 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынбақ. Жоспар толық жүзеге асса Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі.

Бас жоспарға сәйкес, 2026-2030 жылдарға дейінгі жоспар да түзіліп жатқан көрінеді. Ол, әрине, алдағы күндердің еншісіндегі мәселе. Ал, қазіргі жағдайды айтар болса, өткен жылы Шымкент қалалық білім басқармасы жанынан «Дарын орталығы» ашылған. Сондай-ақ, цифрлық білім беру платформасына мектептер жүз пайыз енді. Инклюзивті білім беру сапасын арттыру мақсатында төрт педагогикалық- медициналық-психологиялық кеңес, екі педагогикалық- психологиялық түзеу кабинеті ашылды. Бүгінде жалпы бес педагогикалық- медициналық-психологиялық кеңес, жеті түзету кабинеті жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, салаға қатысты отыз екі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер цифрландыру қызметіне толық өткен. Өткен жылдан бастап сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін «hr-process.kz» платформасы құрылып, мектеп ұстаздары мен директорлары ашық әрі бәсекелестік ортада таңдала бастады. Мұның өзі бұл саладағы құптарлық істің бірі болды десек, асыра айтқандық емес. Өйткені, білім саласындағы сыбайластық пен жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан парақорлық, жасыратыны жоқ, бұған дейін ең өзекті мәселе ретінде жиі айтылып келді. Мектепке мұғалім болып жұмысқа тұру үшін миллион теңгеге дейін пара беріп, одан қалса сағаттардың да сатылатынын айтып, ашынып жүрген қызметкерлерді жиі еститін едік. Мәселенің бәрі бармақ басты, көз қыстылықпен бітіп жатқан соң, ол жерде әділдік, туралық, тазалық туралы айтудың өзі қиын шығар. Міне, қоғам діңіне түскен осынау жегі құрттың да желкесі қиылып, бірте-бірте жойылып келеді. Жаңа жоғарыда айтқан жұмыстардың бұл мәселені оңтайлы шешудегі рөлі зор.

Білім саласындағы игі істердің бірі – өткен жылы «Көшбасшылық академиясы» бағдарламасы іске асты. «Дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясы» және «Дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты», 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы ашылды. Әдістемелік орталық жанынан «Инклюзивті білім беру», «Халықаралық зерттеулер, талдау және сараптау» бөлімдері де ашылды. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Сайрам көмекші мектеп интернаты көмекші мектеп интернат-колледж болып қайта құрылды.

Шымкент қаласында  “Жас маман” жобасы аясында жеті мемлекеттік колледж заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталып, он үш мамандық бойынша құзыреттілік орталықтары ашылған. Заман талабына сай білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестен­дірілген бейнебақылау жүйелері жүз пайыз орнатылғанын да айта кетейік.

Басқарма тарапынан берілген мәліметтерге сүйенсек, білім беру ұйымдары ғимараттарының кіре берістері жүз пайыз турникетпен қамтылған екен. Осы орайда өз ойымызды айта кететін болсақ, жалпы қандай да қызмет түрлерінің қолжетімді болғаны жақсы. Қазір көптеген кеңселерге барсаң ұзын-сонар кезек күтіп, сарылып тұрған адамдарды көресің. Мемлекет басшысы да барынша халыққа жақын болуды, ел ешқандай кедергісіз өз қызметін алуы керек екенін айтып жүр. Қызметкерлердің алдына кіру неғұрлым қиын болса, сол саладағы мәселе де соғұрлым көбейе береді. Ал, көкейіндегісін айтуға мүмкіндігі болмаған көпшіліктің шыдамы сарқылып, оның соңы кешегідей наразылық шерулеріне, халықтың толқуына әкеліп соқтырады. Сол үшін мүмкіндігінше халыққа ыңғайлы, өз өтінішін кез-келген уақытта айтып кететіндей қолжетімді етіп қойған жөн.

Денсаулық саласы да игі істерден сырт қалған жоқ

Соңғы екі жылда Шымкентте денсаулық сақтау ұйымдарының материалды-техникалық базасын нығайтуға 12 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Техникалық база 78,4 пайызға жаңарды. Оның қалай жаңарып жатқанын қала халқы да күнделікті көріп жүр. Мәселен, Тәуке хан даңғылының бойындағы емхананың күрделі жөндеуден өтіп жатқанын өзіміз күнде көріп жүрдік. Сол сияқты басқа да нысандар біраздан бері жөндеуге жабылып, қайта құрылымдалды. Жаңа ғимараттың ішіндегі материалдық базасы да жаңа болғаны жөн. Осыны көздеген басшылар бұрын-соңды біздің өңірде болмаған жаңа қондырғыларды алдырып, оның игілігін бүгінде ел көре бастады. Мемлекет есебінен қаншама заманауи аппараттар алынса,

одан бөлек жеке инвестициялар есебінен медициналық орталықтарға бес компьютерлі томограф орнатылды. 2020 жылы қалалық перзентхана, №2 қалалық аурухана, «Ана мен бала» орталығы, №1, №9 емханалар ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. 200 орындық қалалық инфекциялық орталық ашылды. Жедел жәрдем автокөлік паркі 100 пайызға жаңарып, диспетчерлік орталық іске қосылды. Өткен жылы үш жекеменшік емхана мен бір оңалту орталығы ашылып, бүгінде толық жұмыс істеп тұр. Үш инсульт орталығы да елдің игілігі үшін қызмет етіп жатыр.

Әлеуметтік салада да айтарлықтай жұмыс бар

Бұл саланың ел үшін қаншалықты маңызға ие екенін айтып жатудың өзі артық шығар. Кешегі қаңтар оқиғасы да негізінен осынау әлеуметтік мәселелерден туындап, саяси сипат алды емес пе?! Сол себепті бұл салаға қашан да сергек қарап, елдің жағдайымен санасып отыру керек. Рас, соңғы екі жылда әлеуметтік қамсыздандыру саласында да көп жұмыс атқарылды. Осыдан екі жыл бұрын қаланың төрт ауданында Халықты жұмыспен қамту орталығының филиалдары ашылғаны белгілі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты жұмыспен қамту шараларына  соңғы екі жылда жетпіс мыңнан астам адам қатысып, оның елу мыңнан астамы жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар, экономика салаларында елу мыңнан астам жұмыс орындары ашылды, оның ішінде жиырма тоғыз мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 5,0 пайызға төмендеді. Өткен жылы жүзеге асқан жобалардың бірі ретінде мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін «Ten Qogam» және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі қызметтер көрсетін «Бақытты жанұя» орталықтарының ашылғанын айта кетуге тиіспіз. Сонымен қатар «Аутизм және

басқа да менталды бұзушылық-тары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ашылды.

Спорт деген бір сиқыр…

Бұл салада да жетістіктер аз емес. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өткен жылы он мыңға жуық бала тегін спорттық секциялармен қамтамасыз етілсе, биыл 13,7 мың баланы қамтамасыз ету жоспарда бар. 2021 жылы қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында алғаш рет сегіз спорт түрінен “Жастар лигасы” өткізіліп, жеті мыңға жуық оқушы мен студент қатысқан. Нәтижесінде бұқаралық спортпен қамту деңгейі 32 пайызға артқан. Ал, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр Шымкент қаласы бойынша жергілікті және халықаралық жарыстардағы медаль иегерлері саны 616-дан 1571-ге дейін өсті. 2021 жылы Токио қаласында жазғы Олимпиадалық ойындарда қала спорт мектептерінің екі спортшысы қола жүлдеге қол жеткізді.

Жылу және электр  жүйелерінің жағдайы қандай?

Қала іргесі ұлғайған сайын оның мәселелері де көбейе түседі. Соның ішінде жылу, электр жүйелерін тарту мәселесі тұрғындар тарапынан жиі айтылады. Бұл сала бойынша айтар болсақ, соңғы екі жылда қала аумағындағы 68,2 шақырым жылу жүйелері жөнделіп, 15,4 шақырым қамтылған. Ал, отыз алты шақырымы күрделі жөнделіп, үш сорғы стансасы  жөндеуден өтті.  Нәтижесінде тозу деңгейі 42,7 пайыздан  37 пайызға дейін төмендеді. Өткен жылы қаладағы тозығы жеткен 35,8 шақырым электр желілері және 98 дана трансформаторларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ал, ауыз сумен қамту жұмыстары да қатар атқарылып, 25 миллиард 500 миллион теңгеге бес магистралдық жиырма бес елді мекенде құбыр құрылысы аяқталып, 59,6 мың халық таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Осылайша сумен қамту деңгейі 94,7 пайыздан 98 пайызға жетті. Осы тұста кәріз жүйесі бойынша да көптеген жұмыстар жүзеге асқанын айта кетейік. Яғни, 8 миллард 400 миллион теңгеге екі елді мекендегі магистралдық құбыр құрылысы аяқталып, 30 мыңға жуық халық қамтылды. Нәтижесінде, кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі 49,1 пайыздан 54 пайызға жеткенін де жетістік ретінде атап өткен жөн.

Электр энергиясымен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілген. Оған 18 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, жиырма елді мекенге тиесілі екі «подстанция» құрылысы аяқталып, 44,8 мыңға жуық халық қамтамасыз етілді. Оның ішінде ел “сақалды құрылыс” деп атап кеткен, яғни құрылысы 2015 жылдан бастау алған «Бозарық» 220 кВ және «1-М-1» 110 кВ «подстанциялары» да бар.  Осылайша, қаланың солтүстік бөлігін үздіксіз электрмен қамту мәселесі толық шешілді. Нәтижесінде, сапалы электрмен қамту деңгейі 93 пайыздан 97 пайызға жетті.

Табиғи газ тарту жұмыстары бойынша айтар болсақ, 13 миллиард 700 миллион теңгеге  5 елді мекендегі құбыр құрылысы аяқталып, 11 мыңға жуық халық табиғи газ тұтынатын болды. Оның ішінде, аса маңызды саналатын құны 9 миллиард 400 миллион теңгеге қуаттылығы 250 мың метр куб «№3 АГРС» пайдалануға тапсырылып, қаладағы газ қуаттылығы жетіспеушілігі толығымен шешілді.

Тұрғын үйге қол жеткізгендер көп

Шымкент қаласында өткен жылы алғаш рет бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бұрын- соңды болмаған көрсеткіш. Тұрғын үймен қамтуға қазынадан қаржы да аз бөлінген жоқ. Яғни, нақты айтар болсақ, бұл салаға 107 миллард 700 миллион теңге бағытталып,  5 мың 276 пәтерлі 81 тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары мен жұмысшы жастар 2 мың 133 пәтерлермен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, жұмысшы жастарға – 1 мың 200 пәтер, халықтың осал топтары мен аз қамтылған көп балалы отбасыларға – 933 пәтер тапсырылды. Сонымен қатар, «SHYMKENT» ӘКК арқылы 2 мың 229 пәтерлі 44 тұрғын үй пайдалануға берілгенін де айта кеткен жөн. 2020-2021 жылы әлеуметтік көмек ретінде көп балалы аналар, толық емес отбасы және мүгедек бала асыраушы отбасыларға «Тұрғын үй сертификаттарын беру» қағидасына сәйкес, миллион теңгеге дейін 517 отбасыға қайтарымсыз негізде әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үйлер берілді. Сондай-ақ, 106 көп қабатты тұрғын үйлердің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы назардан тыс қалған емес. Өйткені, тазалық денсаулық кепілі екенін екінің бірі біледі. Осы орайда 2020-2021 жылдары 487 балалар ойын және спорт алаңшалары орнатылды. Оның ішінде 350 балалар ойын алаңшалары, 137 спорт алаңшалары ашылса, оның 14-і демеушілер есебінен жүзеге асты.

Цифрландыру – заман талабы

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Өйткені, ол – заман талабы. Бұл мақсатқа орай осыдан екі жыл бұрын азаматтардың өмір сүру сапасы мен қызмет көрсету деңгейін арттыру, жүйелі проблемаларды шешу және жайлы тұруды қамтамасыз ету үшін «109» бірыңғай байланыс «I-Komek» орталығы ашылған болатын. Қазіргі таңда, осы орталыққа 188 мың 709 арыз-өтініш түсіп, оның 186 мың 100-іне жауап берілген, ал қалған 2 мың 609 өтініш бойынша тиісті мекемелермен жұмыстар атқарылуда. Соңғы екі жылда Шымкент қаласын сапалы мобильді интернетпен қамту үшін 25 базалық станция орнатылып, 200 мыңға жуық  қала тұрғыны интернетпен қамтылғанын тілге тиек етейік.

Бүгінгі таңда, қаладағы 8 қоғамдық орынға «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық кешені орнатылды. 2021 жылы қосымша 10 қоғамдық орындарда 30 тегін WI-FI нүктелері орнатылды.

Өнеркәсіпсіз өмір жоқ!

Тақырыпты дәл осылай төтесінен қоюдың да өз жөні бар. Өйткені, өнеркәсіп өмір сүрудің негізгі драйвері болып табылады. Яғни, онсыз болмайды. Ал, біз бүгін сөз етіп отырған үшінші мегаполисте бұл жағы да жаман емес. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылы 579 миллиард 600 миллион теңге болса, 2020-2021 жылдар аралығында 190 миллиард 400 миллион теңгеге артып, 770 миллиард теңгеге дейін жетті. Тиісінше, ауыл шаруашылығы 12 миллиард 900 миллион теңгеге, инвестиция 265 миллиард теңгеге, құрылыс көлемі 42 миллиард 400 миллион теңгеге артқан. Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.

Қала экономикасына 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 3,6 триллион теңгеге 328 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашу жоспарланған.

Соңғы екі жылда құны 200 миллиард теңгені құрайтын 85 инвестициялық жоба іске асырылып, 4 мың 500 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 36 миллиард 800 миллион теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде 2020-2021 жылдар аралығында Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 53 миллард 800 миллион теңгеге 1,6 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарымен 37 жоба іске асырылды. Қалада 426 гектар аумақта «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары жұмыс істеуде. Соңғы екі жылда құны 230 миллард 900 миллион теңгені құрайтын 910 жұмыс орны құрылған 16 жоба іске асты. 225 гектар аумақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 14 миллиард 800 миллион теңгеге 9 жоба іске қосылып, 550 жұмыс орындары ашылды. Көліктік-логистикалық аймақта 1 инвестициялық жоба іске асырылса, оның құны – 2 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Осылайша елу адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын тілге тиек  еткен жөн.

Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында  19 миллиард 400 миллион теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылып,  576 жұмыс орындары құрылды. 2020-2021 жылдары  ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында 31,3 шақырым каналдардың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа қалада жаңадан екі индустриалды және 2 агроиндустриалды аймақтарды ашу жұмыстары басталды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69 мыңнан 75,5 мыңға өсті. Жұмыспен қамтылғандар 159 мыңнан 168 мыңға артты. Соңғы екі жылда бизнесті қолдау мен дамыту шеңберінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 мың 493  жобаға  12 миллард 700 миллион теңгеге қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында  162 жобаға  39 миллиард 800 миллион теңге қолдау көрсетілді.

Шағын және орта кәсіпкерлерді несиемен қамтамасыз ету мақсатында  “Shymkent”-Atameken” микро қаржы ұйымы” ЖШС құрылды. Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған “Мен кәсіпкер боламын” әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамыту аясында 10 миллион теңгеге дейін 8,5 пайызбен кредиттер беру және 7,5 пайыз мөлшерлемелерін субсидиялау ісі жүзеге асты.       Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған “Іскер қала” іс-шара жоспарына сәйкес, 50 миллион теңгеге дейін 8,5 пайызбен кредиттер беру және 6,5 пайыз мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстары жүргізілді.

Көлік инфрақұрылымы қандай?

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 55 миллиард 100 миллион теңге бағытталып, 407 шақырымнан астам жол орташа жөндеуден өтті.

Сонымен қатар, 327 шақырым топырақ жолдарға шағал тас төселіп, 21 шақырым веложол салынды. Одан бөлек, 520 аялдама жаңартылды.

Көлік кептелістерін болдырмау мақсатында аса маңызды жобалар Қонаев даңғылы, А-2 автожолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Арғынбеков жол айрықтары құрылыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 56,5 пайыздан 63,6 пайызға жетті.  Қоғамдық көлікті жаңарту бойынша қалада жолаушылар көлігін дамытудың кешендік схемасы бекітіліп, 590 автобустар алынып, қоғамдық көліктердің  90 пайызы жаңартылған. Әлеуметтік мәні бар 64 автобус бағыттары ашылып, тасымалдауды субсидиялауға 18 миллиард 500 миллион теңге бөлінді. Жеке инвестициялар есебінен электрондық төлем жүйесі енгізілді.

Қала тұрғындары мен қонақтарына қала ішінде жүруіне қолайлы жағдайлар жасау, қолжетімді көлік ретінде 40 дана станциясы бар 160 автоматтандырылған велопрокат орнатылған. Сонымен қатар, 60 станциясы бар 1000-ға жуық электросамокат орнатылды. Қала аумағындағы жолаушыларға жағдай жасау үшін 250 қоғамдық көлік аялдамалары жаңартылды.

Міне, осылайша еліміздегі үшінші мегаполиске бөлінген қыруар қаржы осындай істерге жұмсалды. Әрине, жасылкенттегі жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды, алдағы уақытта елдегі ең өзекті делінетін мәселелер анықталып, оның да оңтайлы шешілуі ертерек жүзеге асып жатса, «Шымкент – менің қалам!» деп мақтанышпен айтатындардың да қатары артқан болар еді.

 

Ерлан ТӘЖИЕВ,

«Қазақстан жолы» газеті бас редакторының орынбасары.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.