ЖАТ АҒЫМ ИДЕОЛОГИЯСЫМЕН КҮРЕС – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Жат ағым идеологиясымен күрес – діни толеранттылықты ұстанған зайырлы мемлекетіміздің басты мақсаты. Бүгінде еліміз бұл бағытта аса ауқымды жүйелі жұмыстар мен бағдарламаларды қолға алып, ілкімді істерді жүзеге асырып жатыр. Өз қаламыз Шымкентте де мемлекетіміз қабылдаған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бағдарлама аясында көптеген игі шаралар ұйымдастырылып, жастарды жас ағымдардан сақтандыру жолында ақпараттық-насихаттық күрес күшейіп, мегаполис мекемелерінде кездесулер ұдайы өткізілуде. Әсіресе, ғаламторда өз насихатын жасырын жүргізіп отырған теріс ағым идеологиясына да лайықты тосқауыл қойылып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.
Жалпы ғаламторда діни ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Кейде осы ақпараттардың ақ-қарасын көп адамдар ажырата бермейді. Соның салдарынан кей адамдардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйткені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтастарының санын арттыруды қалайды. Бүгінгі таңда көптеген жастар ғаламторда ұзақ уақыт отырады. Соның салдарынан теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырап жатады. Интернеттегі терроризмге үндейтін ақпарат көздерінің салдарынан өзге мемлекеттен ілім іздеп, жалған шейхтардың, өтірік ғалымдардың уағызына уланған «ахилар» мен «ухтилардан», «брат», «сестралардан» жасақталған топтан қанша жас жапа шегіп, кейінгі буынның дәстүрімізден, ділімізден безінуі алаңдатады. Алайда екінші жағынан кейбір жат пиғылды діни ағым өкілдері Құран аяттарын теріс бұрмалап, жиһадқа шақырды. Олар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, санасы қалыптаспаған жастарға дәл осы ғаламтор арбауына сан алуан кітаптары арқылы, тіпті, бетпе-бет кездесіп, насихаттарын жүргізуде. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Қайбір халықтың діни топтарға бөлінуінің соңы біртұтас мемлекеттің шаңырағының шайқалуына әкеліп соққанын уақыт көрсеткен. Сондықтан бұл проблемаға селқос қарамай, шешу жолдарын іздеу уақыт талабы болып тұр.
Бүгінде әлем халқын үрейлендіретін, шынайы хақ Ислам дініне күйе жағатын теріс діни ағымдар баршылық. Олар санасы қалыптаспаған жастарға ғаламтор арқылы, соның ішінде көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники» т.б. осы тектес әлеуметтік желілерде Құран аяттарын теріс бұрмалап, Исламның қасиетті «жиһад», «тауһид» ұғымдарын қате түсіндіретін кітаптар мен еңбектерін салып, өзге елдерге жиһадқа шақыруда. Олар ғаламтор кеңістігін теріс жағынан тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды кезіп жүріп қателікке ұрынып қалуы әбден мүмкін. Жастардың ғаламтор, әлеуметтік желілердегі мұндай жалған ақпараттарына ұрынбауы және кез-келген ақпаратты сүзгіден өткізе білуі үшін жастардың бойына рухани, мәдени сананы қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін әрине жан-жақты болуды, ізденуді, сыни ойлауды және кітап оқуды әдетке айналдыруымыз керек. Жастардың діни көзқарасы мен алғашқы діни танымын қалыптастыруда ата-ананың міндеті мен маңызы зор. Себебі, бала өсе келе рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дінге жүгінері анық. Осы кезде балаға дұрыс дінді көрсету, оған дін мен дәстүрді ұштастыра жеткізу қажет. Ол үшін ата-ана балаларын мешіт имамдары арқылы немесе діни кітаптарды оқыту арқылы діни түсінікті қалыптастыруы тиіс. Сонымен қатар балаларының ғаламтордан, әлеуметтік желілерден қандай діни ақпарат алып жатқанын, қандай уағызшыларды тыңдайтынын мұқият қадағалауы керек.
Бұл мәселелердің алдын алу, болдырмау және бақылауда ұстау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары, АТТ мүшелері мектеп оқушыларымен, студенттермен, жалпы жастармен кездесулер өткізіп, ғаламторды дұрыс пайдалану, діни мәліметтер мен ақпараттарды алуда сақ болуға, діни уағызшыларды тыңдауда отандық ғалымдар мен имамдарды тыңдауға шақыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, «Жастардың діни көзқарасына интернеттің, әлеуметтік желілердің әсерін анықтау» деген тақырыпта жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, қорытындылары бойынша тиісті жұмыстар атқарылып отырады.
Қорыта келе, діни тақырыптардағы ақпараттарды ғаламтор арқылы алуда аса сақтық танытқан жөн. Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар да бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Azan.kz, Mazhab.kz, Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары.
Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытта әр өңірде жұмыс жасап тұрған “Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының” сайттарынан мәліметтер алуға болады.
Жоғарыда аталған ресми сайттардан туындаған діни мәселелерге қатысты сауалдар жолдау арқылы сұрақтарға жауаптар алуға мүмкіншілік бар. Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат берудің қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз. Түйіндей айтқанда, үшінші мегаполис – Шымкентте де діни экстемизм мен терроризм идеологиясына қарсы күрес барынша жанданып, өз жалғасын таба беруі тиіс. Өйткені ел болашағы – өскелең ұрпақтың санасында жат ағым насихатына қарсы иммунитет қалыптастыру, оларды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге үйрету – маңызды міндет.
А.Жолдасқызы,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы»
КММ маманы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.