Жауапсызда жан жоқ, жазасызға заң жоқ па?

Бұрынғы Мақтаарал және Сарыағаш аудандары білім бөлімдерінің «былықтары» облысты қойғанда республикаға белгілі болғаны баршамызға аян. Қарапайым халықтың, болса да мұғалімдердің «Жанайғайы» түрлі БАҚ беттерінен түспейтін болды. Бірақ, білім бөлімдерінен бастап, атқарушы және заң органдары ешнәрсеге «былқ» етпеуді ұстанатындарын көрсетіп алды.

Біз өзіміз Сарыағаш ауданы білім бөлімін басқарған Махановқа «Қорық Құдайдан, қайт райдан…» дегенді шынайы жанашырлықпен ашық айтып шырылдадық. Ал, білім бөлімін өзінің жекеменшік «фирмасындай» көрген Маханов темір тордың ар жағына өтіп бір-ақ тоқтады.

Мақтааралдың бұрынғы «заврайонасы» қиқудың астында қалған соң, журналистік зерттеудің барысындағы бетпе-бет жүздесуде, оның «басшылық бақылауды қолынан шығарғанын» дәйекті дәлелмен айтып, «аман-есенінде» жауапкершілігі ауыр қызметтен құтылуын ұсыныс етті. Жағдайды саралай білген ойлы азамат басшылық қызметтен өз еркімен кетті.

Енді дұрысталар дегенде сол кездегі аудан әкімі Ғ.Исмайылов басшылық жұмысын «не мяса, не рыбадан» асыра алмай жүрген «зам» — С.Туребековты білім бөлімі басшысының «креслосына» қонжита салды. Аудандағы жағдай бұрынғыдан да «бесбетер» «былығуға» жетті.

Енді бүгінде сол С.Туребеков кешегі жұмыстарын бір ой таразысынан өткізіп алуға уақыт таппай, жаңа құрылған Мақтаарал ауданы білім бөлімінің тізгінін ұстауды армандаумен күн өткізіп жүрген жайы бар көрінеді. Мақтааралдың жаңа әкімі Б.Асанов өзінің «замаким» кезінде С.Туребеков не тындырғанын білмейді емес, біледі. Біле тұрып «техасшалап» жіберуге барса, онда ауданға білім саласының жұмысында бір жаңашылдық леп келе қояды деп айта алмаспыз.

 Ә.Мұратбеков

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.