ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін, елдің ілгері өркендеп, дамуын тежейтін, халықаралық беделіне нұқсан келтіретін індет. Адамдардың қоғамның дамуына деген сеніміне кері әсер ететін бұл дертпен ымырасыз күрес жүргізу керек.
Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселеге айналды. Ал оның мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы елдің тұтастығына, түптеп келгенде, тәуелсіздігімізге де елеулі қатер төндіреді. Өкінішке орай, қызмет барысында сыбайластыққа жол беру, бармақ басты,көз қысты әрекет әлі де тыйылар емес.
Яғни, лауазымды тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы жемқорлыққа жол ашып беруі ықтимал.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер учаскесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты жат қылықтарға қатаң тыйым мен бақылау қажет-ақ.
Қазіргі таңда елімізде жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды.Осы заң аясында жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптері анықталып, оған байланысты жауапкершіліктің жүгі ауырлауда. Жаза да жылдан-жылға қатаңдатылып келеді.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық азамат заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру де, олардың алдын алу мен күрес жүргізу де – жалпыға ортақ міндет.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев та осы тарапта «Сыбай-лас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу – жалпыұлттық міндет», — деген болатын.
Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресте белсенді әрекет аса қажет.
Демек көп нәрсе бүкіл қоғамның бірлесе атсалысуына байланысты болып отыр. Сондықтан, әрбір отбасы осы мәселеге баса мән бергені абзал.
Қазақстан – көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр. Сол себепті, сын кезеңдерден табысты өту үшін бұл жаһандық індетке тиісінше тосқауыл қойып, жемқорлыққа қарсы күрес жандана түскені жөн.
Сержан Желдобай,
Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы.