ЖЕҢЕШЕМДІ САҒЫНДЫМ…

Біраз уақыт шетте болып, үйге асығып келгеніммен, өз үйімде өзімді жайсыз сезініп отырмын. Бәрі көңілсіз, әсіресе ағам. Бәрінен бұрын бұрынғыдай арсалаңдап қарсы алатын жеңешемнің болмағаны біртүрлі тиді. Түсінгенім, ағам ашу үстінде қаттырақ сөйлеп, сүйектен өткізіп жіберген көрінеді, содан жеңешем үйден кетіп қалыпты. Үйленіп, шаңырақ көтергендеріне жыл да болған жоқ…

Жалпы, ағамның мінезі мәз емес. Қатты кісі. Бір жағынан, жұмысы да жүйкесін жұқартқан болса керек. Тергеуші ғой. Соңғы кездері қағаздары көбейген, істері көбейген, жұмыстан үйіне түнде қайтады. Таңертең 8-де қайтадан жұмыста болуы керек. Бәлкім, ағам мінезді болмаса, бұл жұмысты жақсы атқара алмас па еді. Күн сайын ойран боп жатқан отбасылардың оқиғасы, неше түрлі толып жатқан қылмыстар кез-келген адамның санасына оңай бола қоймас.

Жеңешем үйде болмаған соң, шаңырақтың шырағы сөнген сияқты көрінді. Жәй ғана ағамның мінезінен шаршап, өз үйіне кетіп қалған екен. Бірақ ағамның мінезін о бастан білетін. Сабыры таусылған шығар. Бір жағынан, жүктілік кезінде әйел адам басқаша сезімде болады ғой. Алайда өз ұяңды қорғансыз далаға тастап кетуге болмайды ғой. Кеше ғана құрған шаңырақты оп-оңай шайқалтып кетіп, кейіннен қалайша еркін өмір сүруге болады?

Ағамның қателігі де бар. Ол жеңешемді соңғы кездері төркініне көбірек жіберді. Қондырды тіптен. Әлбетте, әйел адамның да әке-шешесі бар ғой. Баруы керек, сағынады. Енесімен сырласпайтын болса керек, шешесімен сырын бөліскен шығар. Ақылды біреуі табылып, отқа май құйған шығар. Жүйкесін жұқартып, данагөй біреуі «даналығымен» бөліскен шығар.

Жеңешемді кінәламаймын. Бұл мәселеге біржақты қарай алмаймын. Екеуі де бір-біріне бағынғысы келмейді. Отбасы, шаңырақ дегеннің қасиет-қадірін түсінбей отыр. Ендігі менің бар тілеуім, екеуі қайта тіл табысып, татуласса екен деймін. Ажырасып жатқандардың санын өсірмесе екен деймін.

Негізі, мен жеңешемді жақсы көремін. Онымен үнемі әзілдесіп жүретінмін. Пісірген тамағын тауыспай, дастархан басынан кетпейтінмін. Осы күнге дейін ағам екеуі егіз қозыдай болып бір-бірінің тілін тауып, жақсы өмір сүріп келіп еді. Енді не көрінгенін қайдам…

Дегенмен, жеңешем қайтып келер деп үміттенемін. Кімнің дұрыс болғаны, бұрыс болғаны маңызды емес, екеуінің татуласып, шаңырақтың шайқалмауы маңызды болып тұр ғой. Жеңешем де жақында дүниеге сәби әкеледі. Бәлкім, сол періште араға дәнекер болар…

Қоңырбай.

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.