ЖЕР-АНА ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАМАСЫН ДЕСЕК…

Ертеректе ен даланы жолаушылап шыққан адам қолындағы шыбығын жерге қадап кетіп, араға бірер ай салып қайтып келсе, әлгі таяқтың саялы бәйтерекке айналатындығы жайлы аңыз бар. Шыбық қадасаң шынар шығатын жерлер соңғы кезде неге тозып кетті?

Қазақ сахарасына көз жүгіртетін болсақ, шөлейт даланың бірнеше түрін көруге болады. Жортқан аңның табаны күйіп, ұшқан құстың қанаты талатын әйгілі Қарақұм 350 мың шаршы шақырымды алып жатса, одан кейінгі орында300 мың шаршы шақырым жерде жатқан Қызылқұм бар. Ал, Үстірт пен Маңғышлақтың арасы 200 мың шаршы метрді құрайды. Созақ пен Жезқазған арасын жалғап жатқан Бетпақдала да анау-мынаудан қалыспайды, ол екеуінің ара қашықтығы 75 мың шаршы метр. Атақты Аралқұмыңыз да алдыңғысынан кем түспейді, ұзын-ырғасы – 45 мың шарты метр!  Оған 40 мың шаршы шақырымға жететін Мойынқұмды қосыңыз.

Далалы жерлерде құм көшкінінің алдын алатын сексеуіл де сиреп кетті. Соған алаңдаған эколог мамандар Арал теңізінің айналасына сексеуіл дәнін себуді қолға алған. Соңғы мәлімет бойынша, бүкіләлемдік банктің қаржысына Арал теңізінің аумағындағы 25383 гектар жерге сексеуіл егілген екен. Демек, шекара таңдамайтын шөлейттілікпен күресу бүгінде жалпыхалықтық мәселеге айналып отыр.

Дүние жүзі ресурстар институты Қазақстан аумағының 99 пайызы құрғақшылыққа бейім екенін атап, бүгіннің өзінде жердің 66 пайызы түрлі деңгейдегі шөлейттенуге айналғанын мәлімдеді. Оның ішінде негізгі аймақтар ретінде Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірі, Балқаш көлінің маңы, Қызылорда облысы, Маңғыстау, Қарағанды облыстары аталады. Бұл аймақтардың бірінде топырақ тұзданып, сортаңға айналып жатса, бірінде экологиялық жағдайдың әсерінен жарамсыз болып жатқан жайы бар.

Астықтың мекені саналатын солтүстік өңірдің өзінде жердің

30 пайызы жарамсызданған екен. Ал Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кәсіпорындарының қалдықтары ауамен қатар топырақ қабатын да ластап, құнарсыз етуде.

Көлшікке айналған Аралдың қасіреті айтпаса да түсінікті.

Осы маңнан ұшқан тұздар алыс-жақын аймақтың экожүйесін орны толмас өзгеріске ұшыратып, салдарынан бұл өлкеде 2 млн. гектар жер шөлге айналып үлгерген.

Ал ғалымдардың зерттеуі бойынша, Мойынқұм, Балқаш, Алакөл аймағы судың тапшылығы салдарынан жердің тозуына әкеп соқтыратын құрғақ климатты зонаға айналып барады. Шығысқа ойысатын болсақ, мұндағы жағдай да мәз емес. Кенді Алтайдың кені өзге жұртты қуантып жатқанымен, жергілікті халықты уландырып, топырақ қабатын ластап жатыр. Экожүйесі ең көп зардап шеккен аймақ Семей өңірі екені жасырын болмай қалды. Жарты ғасырға жуық созылған ядролық сынақ радионуклеидтері ауа, су, топырақ құрамын ғана ластап қоймай, жерді бірнеше мыңдаған километр тереңдікке дейін айықпас дертке шалдықтырды. Ядролық сынақтардың кесірінен 20 миллион гектар жер жарамсыз болып қалды. Ел картасына үңілетін болсақ, елімізде құмды шөлдер алып жатқан аумақтың үлкендігіне көз жеткіземіз. Қызылқұм, Мойынқұм, Қарақұм, тағы басқа құмды аймақтар мыңдаған жыл бұрын болған өзен-көлдердің орны. Мұнымен қатар, Үстірт, Бетпақдала сынды сазды шөлдер, Сарыарқаның оңтүстігінде кішігірім тасты шөлдер де бар. Ал республикамыздағы орманның алатын аумағы бар-жоғы 4,6 пайызды құрайды. Бұл бұталы тоғайларды, сексеуілді жерлерді қоса есептегендегі көрсеткіш.

Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатыр. Бүгінде жасына жетпей жүрек талмасымен ауыратындар көбейген. Сондай-ақ, қан қысымы ауруы да жыл өткен сайын жасарып барады. Мұның бәрі сайып келгенде экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы салдарынан болады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің соңғы таратқан мәліметіне қарасақ, ел аумағының 70 пайызы шөлге айналып үлгеріпті. Құнарлы жердің құты қашып, шөлге айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген табиғат жанашырлары бұл мәселенің алдын алуға шақырады. Әрине, зардаптың алдын алу үшін үкімет тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Белгілі дәрежеде бюджеттен қаржы да қарастырылған. Бірақ бекітілген бағдарлама мен бөлінген қаржы әл-әзірге ажалға бастайтын аждаһаны ауыздықтауға әл беретін емес. Нәтижесінде, гүлстан шөлстанға айналып, бір кездері шыбық қадап шынар өсіретін құнарлы жерлер құрдымға кетіп барады.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.