«Жігітті ел мақтаған – қыз жақтаған»

Шымкент қалалық «Шым­кент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің баси­есі, яғни, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры – бас редакторы болып елімізде ғана емес, алыс-жақын ел­дерге танымал қаламгер Бақ­тияр Тайжановтың тағайындалғанынан кейін осы бір орнықты ой ойға орала берді. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысында мен­шікті тілшісі болып жүрген Бақтияр Тайжановтың Шым­кентке жаңа қызметке келген күні еліміздегі әлеуметтік же­лінің беті Бақтиярдан бо­самай қалғанына көзі қа­рақты оқырманның өзі куә болды. Өйткені ол жұмыр жердің бетінде өткен соңғы олимпиадалардың бәріне мем­­­лекетіміздің атынан қатыс­қан қазақ журналисі ғана емес, спорт саласының сан түрлі додасының ортасында жүріп, төрелік сөзді терең біл­гірлікпен айта алатын ма­ман кадр екенін нақты ісі­мен көрсеткен ел перзенті болатын. Сол кездері күнде қолымызға тиетін “Егеменнің” барлық нөмірінің бірінші беті Б.Тайжановтың мақаласымен басталып, ішкі беттерінде бір күннің қым-қиғаш тартысы тұрақты берілумен болды. Ел намысын ойлаған оқырмандар оның ерен еңбекқорлығын еріксіз мойындады деген болар едік. Қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз журналисттің жазбаларын оқы­ғанда «осы жігіт қай кез­де ұйықтайды?» деген сауалды ойға алатынбыз. Тіпті, өзге тілде берілетін басылымдардың ақпараттық хабарламаларында Б.Тайжа­нов­тың ойлы пікірлері мен ақпараттық дәлелдемелері сөз­бе-сөз қайталанғанын көр­генімізге таңданбайтын бол­дық.
Бақтияр киелі қаламды қастерлей білген, оқырман алдындағы өзінің азаматтық жауапкершілігін тереңнен се­зінген, Құдірет иесі берген ерен қабілетті өлшеусіз еңбегі- мен нұрландырған барша әріптестерінің құрметіне ие бола білді.
Ол биліктің көңілінен шық­қан қаламгер болып ға­на қалмай, ұлттық құнды­лығымызды қастерлеген, қа­ра­пайым халқына шынайы жанашырлық көрсетуде әді­леттің туын имеген зор парасат иесі екендігімен танылған бо­латын.
Тәуелсіз еліміздің өркен­деуіндегі жетістіктермен бір­ге, қоғамда кездесетін келең­сіздіктерге да қалам тарта білді. Оңтүстікте «Шымкентшелеу» атағымен сіңісті болып кеткен жергілікті атқарушы орган бас­шылығындағы жершілдік, «көкемсіген көкелердің» көңілі үшін, қала берді «жең ұшымен жалғасу» сорақылықтармен кадр тағайындаудың зардабын сыни тұрғыдан республика- ның бас басылымы «Егеменде» жариялап, жұртшылықты дүр еткізген кезі де болды. Ол оңтүстікте кадрдан қадір кет­кенін ойға оралымды, көңілге қонарлық етіп қалың жұртшылықтың үнін жеткізе білді. Сондай-ақ, оңтүстік ауылшаруашылығын көтеріп тастауға кедергі болып отырған келеңсіз көріністерді жілікше шығып, Ақтас ауылындағы шаруа қожалығының аясында ауқымды етіп, сараптамалық материалды тағы да «Еге­менде» жариялады. Б.Тайжа­новтың өмір шындығын шы­найы берген материалы рес­публика жұртшылығының арасында үлкен қозғау салып, авторға қолдау білдірген қан­шама ой-пікірлер жарық көрді.
Ол он екі жылдың жүзінде «Егеменнің» біздің облыстағы меншікті тілшісі қызметін мінсіз атқарып жүріп, өзі де оңтүстіктің төл перзентіне ай­налып кеткенін сезбей қалған нағыз бауырмал, мемлекетшіл жанның бірі болып қалыптасты. Оның кісіні еріксіз баурайтын көркем мінезі, жақсылыққа жаны құмар адами адал бол­мысы ерекше танылып, өңір жұртшылығының құрметіне бө­ленді. Қарымды қаламгер Шымкет қаласының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететінін нық сеніммен айтуға болады.

Әділ МҰРАТБЕКОВ.

«Қазақстан жолы» газеті №31 (757) 17.08.2019

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.