Жоғары кернеулі адамдар

Жаз айларында бүкіл әлемде найзағай ұру деректері көбейе түседі. Соның ішінде, отты шарлар туралы әңгімелер таңқалдырмай қоймайды. Әдетте жаяу жүргіншінің жылдамдығымен қозғалып, 75 секундқа қана жарқ етіп өшетін отты шарлар тірі жанға кез болса, өшпес із қалдырып жатады. Статистика бойынша, жер бетіндегі әрбір жүзінші тұрғын осындай жасын отымен бетпе-бет келуі мүмкін екен. Оның ішінде кейбірі ажал құшуы да ықтимал, алайда осындай «отты кездесуден кейін» ішкі сезім мүшелері күшейгендер, денесінде суреттер пайда болғандар, адамның ішкі ағзасын рентгенсіз көру, пышақсыз-ақ ота жасау қабілеттеріне ие болғандар да бар.

Дәрігер Тампа Линар 1926 жылы Шри-Ланкада дүниеге келген. Кедей отбасында өсіп, несібесін кокос жаңғақтарын жинау арқылы тауып жүрген оның өмірі бір сәтте өзгерді. Қатты найзағай кезінде жиырма жасар жігіттің иығына отты шар түсіп, үш сағат бойы аяқ-қолы жансызданып қалады.

Оқиға будда ғибадатханасында болған еді. Найзағай түскен жігітке жақындауға қорыққан ауылдастары отты шарлардың ағаш тіреулерді күйдірмей жанап өтіп, мыстан құйылған қоңыраулар мен ондаған шағын Будда мүсіндерін ерітіп жатқанын еріксіз тамашалап қарап тұрудан басқа амалы қалмайды. Ең таңқаларлығы, мыс ерітінділері жан-жақтан ағып келіп, тырп ете алмай жатқан Тампаның аяқ астына жиналады да, оның аяқ-қолына жан біткенге дейін сол сұйық күйінде тұра береді.

Жас жігіт орнынан тұрып, ауруханаға барғанда, оны тексерген дәрігерлер арқасынан қызғылт күйіктен қалған сияқты жарақат орнын көреді. Жарақат мүлде ауырмайды, бірақ бір қызығы, оның пішіні еріген Будда мүсінін еске түсіреді. Мұны Жаратушының белгісі деп ұйғарған ауыл тұрғындары қайта қатып қалған мысты жергілікті шеберге беріп, үлкен Будда мүсінін құйдырады.

Ауылдастарының: «Үш сағат бойы қозғалыссыз жатқаныңда және иығыңда отты шарлар кетпей тұрып алғанда не сезіндің?» деген сұрағына Тампа: «Жаныма жай таптырған отты бағанада ұйықтадым. Ұйықтап жатып, Будданы көрдім», — деп жауап берген. Осы сөзден кейін ауылдастары ақша жинап, жас жігітті Коломбоға оқуға жібереді. Тампа университеттің медициналық факультетін тәмамдап, хирург дипломын алған соң, өз қыстағына оралады. Көп өтпей Тампа Линардың қатерлі ісіктер мен көздің шелін скальпельмен ғана емес, жалаң қолымен де алып тастау шеберлігін меңгерген ғажайып маман ретінде аты әлемге жайылады. Ол туралы кітаптар жазылып, фильмдер де түсіріледі.

Бірақ, Тампа Линарға қол тигізу үшін алдымен оның өзінен рұқсат алу керек. Сосын ол найзағай тартқыш темірді ұстап, өзін «жерге тұйықтауы» қажет. Әйтпесе оны жай ғана арқасынан қақпақ болған адамның өзі аса жоғары кернеулі тоқтың соққысына тап болуы мүмкін.

Мұндай найзағай тартқыш темірлер дәрігердің үйіне де, жұмыс орнына да орнатылған. Бұл оның өз қауіпсіздігі үшін де қажет. Өйткені, найзағай ойнаған күні отты шарлар оған «қонақ» болмай кетпейді екен. Дәрігердің өзі  қан шығармай ота жасау қабілеті найзағай арқылы денесінің үнемі аспандағы электр қуатымен қуаттанып отыруының нәтижесі деп есептейді. Оның бұл сөзінің жаны бар сияқты. Өйткені, өзіне ешқандай наркозсыз от жасатқан науқастар хирург Тампа жұмыс істеп жатқанда ешқандай ауырсынуды сезінбегенін және дәрігердің саусағы мен иығынан ұшқын шашырап тұратынын айтқан…

***

Филиппиндік он бес жасар Ли Боши есімді қытайлық жасөспірім Миндана аралының Апо жанартауы етегіндегі сәмбі талдың саясына ұйықтап қалады. Ояна келгенде ол өзі саясында жатқан алып ағаштың қошқыл қызыл жарық шашып тұрғанын, ал аяқ-қолдарының саусақтарына жып-жылы отты шарлардың жабысып қалғанын көреді. Қанша тырысса да, бала олардан құтыла алмайды. Қорыққаннан үйіне жүгіріп жеткен Ли Боши ата-анасының кеңесімен қозғалмай бір орында ұзақ отырады. Нәтижесінде отты шарлар баланың денесінен ажырап, көзден ғайып болады. Бірақ, бір сәттік пәлекеттен құтылғанымен, алдағы өмірінде қиындықтан көз ашмайтынын ол әлі білмейтін еді…

Анығын айтқанда, сол күннен кейін Ли Боши ешқандай электр приборларын қолдана алмайтын болды, тіпті электр қондырғыларына қарыс қадам жақындауына да болмайды. Ол жүрген жерде электр лампалары не күйіп қалады, не жарылып кетеді, болмаса өз бетінше патроннан бұралып, шығып кетеді. Теледидар, радиоқабылдағыштардың бәрі көзді ашып-жұмғанша күлге айналады. Оның азық-түлік сатып алуына да болмайды. Ол барған дүкендегі кассалық аппараттар, рефрижераторлардың салқындатқыштары түгелдей істен шығып қалады. Көлікке де міне алмайды: электр тізбектері түгі қалмай жанып кетеді.

«Менің өмірім  мина көмілген далада көзі байлаулы күйінде адасып жүрген адамның өміріне ұқсайды. Қай күні өзім жарылатынымды не басқа біреуді жарып жіберетінімді білмеймін», – дейді бүгінде елуді еңсерген  Ли Боши.

Қазір басқа үйлерден оңаша, жалғыз тұрған ағаш үйде, ешқандай қуат көзінсіз, өркениет игіліктерін пайдалана алмай, жалғыз өмір сүріп жатқан Ли Бошидің ешқашан отбасы болған емес. Оның жағдайын білуге келген достары мен туыстары одан біршама қашықтықтықта алыс тұрып сөйлесуге мәжбүр. Егер Лиге абайсызда саусағының ұшы тиіп кетсе болды, аса қуатты тоқ ұрып, анадайға лақтырып жіберуі мүмкін.

Бірақ, қытайлықтың бұл ерекшелігінің бір жақсы жағы да бар. Бүгінде «Электрлі адам» деген атқа ие болған оның жақсы табыс табуға мүмкіндігі бар. Оған Филиппиннің ең мықты деген дәрігерлерінің өзі кеңес сұрауға жиі келеді. Себебі, Ли Боши ең күшті рентген аппаратының өзі көре алмайтын адамның ішкі органдарының жай-күйін анық көріп, дертін қолмен қойғандай айтып бере алады. Осыған дейін оның диагноз қоюында қателік болған емес. «Мен өзім емдемеймін, мен тек көмектесемін. Егер менің адамдарға бір пайдам тимегенде, әлдеқашан өліп, жоқ болар едім», — дейді «Электрлі адам».

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.