Жол жүру ережесін өрескел бұзудың жауаптылығы
Жол жүру ережесін өрескел бұзудың аса қауіптілігі алкоголь немесе есірткінің әсерінен көлік құралын басқарып отырған жүргізушінің ағзасының маңызды функциялары бұзылып, орындылуы тиіс реакциялары жоғалуынан туындайды. Статистикалық мәліметтерден масаң күйде көлік құралын басқару көп жағдайда адам өліміне алып келетінін көреміз. Жүргізушіге масаң күйде және жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйдегі адамға көлік құралдарын басқаруға беруге тиым салынады. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабында жауапкершіліктер қарастырылған.
ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабы 1 бөлімінде жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін — көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғатыны қарастырылған.
ҚР ӘҚБтК-нің 596 бабы 1 бөлігінде көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру – он бес айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 610 бабы 1 бөлігінде көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Арыс аудандық сотының әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы Н.Атабеков