ЖҰРТ БІЛЕ БЕРМЕЙТІН ЖҮСІПБЕК
Кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – Алаш мұратына адал ұрпақтың перзенттік парызы. Қалай дегенде де Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың саяси репрессия құрбандарын толық ақтау туралы тапсырмасы отандық тарих ғылымына үлкен жауапкершілік жүктеп тұрған шақта қаралы тарихымыздың қатпарлы тұстары түгел ақтарылуы тиіс-ақ. Өйткені ұлтты нар тұлғаларынан айырған бұл нәубеттің салдары ауыр болғаны бүгінде ашық айтылуда. Шындығында тоталитарлық биліктің қанды шеңгеліне ілігіп, тәуменді жұрты үшін тар шеңберде тұяқ серпісе де, одақтас республикалардың бірде-бір байырғы халқы тап қазақтай апатқа ұшырап, тап қазақтай теперіш тартқан жоқ. Яғни, біз сол кезеңде текті тұлғаларымыздан түгелге жуық ажырап қалдық.
Мысал ретінде келтіре кетер болсақ, сол жиырмасыншы ғасырдың басындағы 6 млн. қазақтан 1939 жылы тарихи отанында 2,3 млн-ы ғана қалып, 1926 жылғы санақта бізден әлдеқайда аз болған өзбектер 4,8 миллионға жетіпті. Яғни, «жаптым жала, жақтым күйемен» жампоздарымды нақақ күйдірген жандайшаптардың жымысқы әрекеті, бірін-бірі ұстап берген «ұлылардың» ұсақтығы, «халық жауларының» көзін жою туралы жасырын жарлықтар мұрағаттардағы құпия құжаттарда сайрап тұр. Олай болса, тұлғатануға келгенде ой елегінен өткізер мәселенің аз еместігін де қаперде ұстағанымыз жөн. Басқасын айтпағанда, бір ғана Түркістан өлкесінің өзінде өмірі ғибратқа толы, рухани мұрасы әлі де толық зерделенбеген тұлғалар баршылық. Жүсіпбек Арыстанов та солардың санатындағы жампоз.
Сонау 1904 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы, Қараөзек темір жол стансасы маңында дүние есігін ашқан қаламгер 1918-1920 жылдардың бедерінде алдымен Қызылордадағы, кейіннен Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Сырдария облыстық кеңес, партия мектептерінде де білім алып, 1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетін бітірген алғыр Арыстанов Алаш зиялысы Төреқұлдың Нәзірінің назарына ілігіп, ұлт тұлғасының ұсынысымен осы оқып жүрген кезінің өзінде-ақ КСРО халықтары Орталық баспасының қазақ секциясында қызмет етеді. «Жас қайраттағы» жалынды жырлары алға қарай жетелеген Жүсіпбек «Ақ жол» газетіне ысылып жетті. Өндіре жазды. Ақиқатты да айыптының өңменінен өткізе айтты. Одан бөлек, Алаштың Арыстановының «Еңбекші қазақты» ел газеті етуге де сүбелі үлес қосқанын білеміз. Яғни, Шымкент қаласындағы губерниялық «Ақ жол» газеті редакторының орынбасары, Алматы қаласындағы губерниялық кеңес-партия мектебінің директоры болып істеп, Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетінде ұстаздық еткен, баспагерлікті де басыбүтін тастамаған тұлғаның біз білмейтін қырлары көп-ақ.
Сондай-ақ мұрағат құжаттарында оның 1929 жылы Алматыдағы педтехникум директоры, Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми қызметкер болғандығы да атап көрсетіліпті. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы В.Лазеревтің қолы қойылған 1934 жылға тиесілі құжатта өңір басшылығының Арыстановтың адал қызметін оң бағалап, обком мүшелігіне қабылданғаны жайында да жазылыпты. Ал Жүсіпбектің жеке карточкасында оның обкомға кандидат болғанға дейінгі қызмет баспалдағымен жүріп өткен жолы толық көрсетілген. Яғни, жоғарыдағы өмір белестерінен бөлек ол шаруашылық жұмыстарына да белсене араласып, 1933 жылы Әулиеатаның Майтөбе ұжымшарында саяси бөлім басшысы қызметін де абыроймен атқарған екен.
Жұртын сүйген Жүсіпбек 1937-1938 жылдары «Социалды Қазақстан» басылымында жауапты редактор бола жүріп жазалы болады. Тек 17 жыл өткен соң ғана елге оралып, «Қазақстан» баспасында зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеген Жүсіпбек Арыстановтың қаламынан туған туындылар да аз емес. Кезінде көптеген орден-медальдармен марапатталып, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет және қоғам қайраткері» атағы берілген Арыстановтың «Жалынды жүрек», «Сұңқар да жерді мекендейді», «Таң жұлдызы», «Естен кетпес есімдер» т.б. кітаптарымен оқырманға мәлім жазушы Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, 1993 жылы дүниеден озды.
Жалпы Жүсіпбек Арыстанов шығармашылығын сөз еткенде біз оның «Ақ жолдағы» журналистік қызметін айтпай кете алмаймыз. Бұл басылымда кезінде оның «Флот», «Бұлақ», «Құтты болсын тойыңыз!» т.б. өлеңдері мен «Мәскеуде сауық кеші», «20 жылдық мүшеліне даяр болыңдар!» т.б. көптеген ақпараттық материалдары, мақалалары жарық көрді. Дегенмен «Баспасөз бен тілші» атты көлемді мақаласы газеттің бірнеше санына жарияланыпты. Әрине, мақала сол кезеңде жазылғандықтан, Қазан төңкерісінің қазақ газеттеріне де жаңа «леп» әкелгенін қуана жеткізген қаламгер тап тартысы мәселесіне тереңдей бойлап, баспасөзге «бостандық» берілген дәуірді біраз «жырлайды». Ал шын мәнінде солай болды ма?! Елдің сөзін сөйлейтін есті газеттің саусақпен санарлық екендігін былай қойғанда, орамды сөз айтып, орнықты пікір білдіру де екінің бірінің қолынан келмегені белгілі еді ғой. Сондықтан жазушының партияның баспасөзді үлде мен бүлдеге орап, бұқараны «бақытқа» бастағаны жайлы «толғауына» тоқталмастан, мақаланың кейбір елең еткізер тұстарын ғана сараптай кетелік. Мәселен, «Баспасөзге бостандық дегенді байлар өзінше түсінеді. Кімнің ақшасы көп, дәулеті мол болса, баспасөзді, жазушыны сатып алуға әркімнің-ақ еркі бар деп түсінетін» деген ойларынан бүгінгі заман табын да тап басып тануға болатын сияқты.
Ал, «Ақ жолдың» 1925 жылғы 11 тамызда шыққан №585 санында Жүсіпбек алдыңғы мақалада тарқата айтылған мәселеге одан әрі тереңдей бойлап, «Тілші деген кім? Ол қандай болуы керек?» деген сауалдарға жауап іздейді. Яғни, Жүсіпбектің пайымына сайсақ, ауылда болсын, қалада болсын, қалам ұстаған ағайын ең алдымен жұрттың жоғын жоғарыға жеткізетін жалғыз жанашырына айналып, ел қуанса бірге шаттанып, жұрт күйінсе бірге жабырқап, елмен етене араласумен бірге, не жазса да уақытын өткізбей, жаңалық атаулыны суытып алмай, оқырманға дер шағында жеткізгені жөн болады екен. Бұл пікірді «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналист қауымның жабыла қолдайтынына да күмәніміз жоқ.
Сондай-ақ қаламгердің: «…Тілшілер өздерінің тілші болған газетін мол таратып, ел ішіне жаюға кірісулері керек. Өз газетін ел ішіне көп тарату – тілшінің тілшілік борышының біреуі.
Газет неғұрлым солардың жырын жырлап, зарын айтып, мұңын шақса, солғұрлым газетті ел сүймек, газет көп таралмақ. Бұл қасиетті мойынға тұмар етіп тағу қажет.
Тілшілер жалғыз өздерінің жазғандарына мәз болмаулары керек. Тілшінің ең үлкен міндетінің бірі – өздеріндей жаңашыл жас талап, жас қаламгерлер даярлау.
Ел хабарын жазатын елден шыққан ел азаматтары керек дейміз.
Тілшілерін келген жерде демеп, сүйеп, ел адамдарына жаздырып, жазуға соларды тарту керек. Ел адамдарының өздері жұмыла кірісіп, қалам ұстап, жоғын жоқтап, барын барлап, баспаға араласқанда ғана елдің жақсылық, жамандық құлпырымдары жақсы көрінеді. Олардың түзу шарттары да табылып, жөнделу жолына түспек.
Тілшілер қимылын көркейтуге, тілшілердің өздері, олардың істері, жұрттың жәрдемі кепіл болмақ»,- деген батыл байламынан да баспасөзге бала шақтан аңсары ауып, қолындағы қауырсыны ысыла келе қаламға айналған кәнігі көсемсөзшінің өз қолтаңбасын көргендей боласыз. Біздіңше, бұл мақала кезінде қоғамда әжептәуір дүмпу тудырып, біраз пікірталасқа тұздық болған да сияқты. Себебі осы «Баспасөз бен тілші» мақаласының жалғасы газеттің 28 тамыздағы тағы бір нөмірінде жарыққа шығып, жазушының әдіпті әңгімесі «Қалай жазу керек?» деген сұрақтың төңірегінде өрбиді.
Автордың ойынша, ақиқатты сүйетін ардақты тілші болу тіпті қиын шаруа. Ең алдымен «Жазылатын мақала кім үшін? Жалпы жұрт, қоғам үшін бе? Жоқ, жеке біреудің жалмауыз мүддесі үшін бе?»-деп оқырманның ой тастауын күткен қаламгер ұсақ қаламгерді ұлт қаламгерінен айыруда олардың жазған-сызған азды-көпті дүниесіне байыппен үңілу керектігін де ескерте кетеді. Расында да ел қамы, ертеңгі күн үшін көп түнді көзбен атқызып, Алаш мұраты жолында аласұрып, жүректің қанын тамшылата жазған тұщымды дүниенің талай жылдарға дейін татымы кетпей, ел жаңаланса да ескірей, жұрт жадында қайта жаңғыра беретіні белгілі. Ал, қарақан бастың қамын күйттеген қысыр сөздің бас-аяғы бірер күнде-ақ ұмыт болатыны да анық. Журналист те жұрт үшін қызықты болған мақаланың жерде қалмайтынын жеткізе кетеді. «Мақала жақсы болса, жұрттың шөлде сусаған ынтасын қандырсын, күні өткен, жұртқа қызықсыз, суыған нәрседен көп пайда жоқ» дегендей, сөз ұстаған әрбір әріптестің не жазса да ақиқаттан алшақтамай, дәлелге сүйеніп, дерекке негіздеп жазғаны абзал. Өйткені, «сыпсыңдаған өсек, сүйреңдеген тіл ешқашан елдің ұзынқұлағы» бола алмайды. Одан бөлек, ойлы оқырман қашанда оқиғаның болған уақытын, шығу себебі мен салдарын ойша саралап, өздігінен бір байламға келуі мүмкін. Демек, тілшіге де бұл мәселеде де салақтық жараспайды. Өз пікірін көпке таңудың да көсемдікке бастамайтыны айқын.
Олай болса, Арыстановша айтқанда, анық тілші қандай күйіп тұрған тақырып болса да байбаламға салмай, бейтарап позиция ұстанып, қарсы екі жақтың да уәжіне газет бетінен орын беріп, шындыққа көз жеткізуді оқырманның өзіне қалдырса, басылымның да, басқаның да ұтары көп болмақ. Яғни, жазушы ұраннан ұятты биік қойып, «айғай мен аттан салуды» ақылға жеңдіргенде ғана еңбегі жемісті болатынын айта келе өз ойын былайша тұжырымдапты:
«… Тілшілер мақаланы жазған сайын негіздеген дәлелдерін сын-талқысына салып, өзі жақсы тексеріп қарауы керек. Газетте шыққан мақаланы тілшілер жазған, ол ескерусіз қалмайды. Ол тергеушінің алдына түскенде сөзі өтірік немесе «Пәленше айтқансын жазып едім» деп ұялып қалмауы керек. Мұнан сөзі олақ, дәлелсіз құрғақ списокты жазып, түймедейді түйедей еткен тілші болса, шын өсекші болмақ. Сондықтан мақаланы жазғанда дәлелді талқыға салып, ойланып, жақсы толғану керек. «Осының жөні қалай, бұл бұлай болуға тиісті ме еді?» деп тексеруі керек. Өзі сенбей, сол нәрсенің анықтығына көзі жетпей тұрып пәлен деу қате. Ондай нәрсе жақсы адамды жаман етіп, шын сөйлейтін адамды өсекшіл, өтірікші етеді. Сондықтан, мақала жазғанда қатты ескеретін нәрсе, оны жақсылап тексеру, оның анығына қану керек. Өзі сенбеген нәрсемен кісіні, жұртты сендіруіміз мүмкін емес. Тілшілер өтірік, өсек, жала, сыпсыңнан қашық болады. Тілшілер баспасөзінде мақтаншақ, өтірікші, оспадарсыз тілшілердің түбімен керегі жоқ. Біздің тілшілеріміз шыншыл, өтірік-өсекпен ісі жоқ, елге жәрдемші болулары керек.
Журналисттің бұл жазбасынан да шындықтың лебі еседі. Себебі сол заманда, советтік дәуірде «орысшыл» болуға ұмтылып, қазақ тілін қойыртпаққа айналдыруға айтарлықтай үлес қосқан атқамінерлер де аз болмаған. Арыстанов та мұны аңдаған сияқты. Өйткені ол осы мақаласында тілші болғысы келген талапшыл жастың мақала жазғанда майын тамызбаса да, мағынасын шашыратып алмай, сөйлем түзгенде маржандай тізбесе де, елге түсінікті етуі керектігін қайта-қайта еске салады. Сондай-ақ шет елдердің сөзіне әуестіктің соңы тіл бұзарлыққа бастайтынын бүкпесіз айтып, «не өзің түсінбей, не жұрт түсінбейтін тілдің керегі жоқтығын» да байыппен жеткізеді.
Ең бастысы, жұртқа мәлім журналист қалам ұстап, қатарға енді ғана қосылғалы отырған жас тілшілерге ағалық ақыл-кеңесін айтып, әуелі тілдей дүниеден, титтей мақаладан бастаған дұрыс деген байламын алға тартады. Себебі әлі жетілмеген журналисттің сала құлаш мақала жазуы еш мәртебе емес. Мәнсіз сөзді шатып-бұтып, мәйексіз оймен бәрін былықтырғаннан ешкімнің өспейтіні тағы белгілі. Демек, демеу күткен талапкер тың тақырыпты қысқа қорытып, дәмін үйіріп алдыңа тартса, келе-келе адымы да ұзарып, құлашы да кеңіп, келешекте тіліп айтар тілші атанатыны айдан анық.
Осылайша жас тілшілерге тұлға болған Арыстанов «Ақ жолдың» таралымын арттыруға да белсене араласып, «Ақ жол» газетін ауылға жаздыруға шақырамын» атты мақаласында Ташкент үйезі атком бастығы Отарбайұлын, Жастар ұйымының және Қазкрайкомның жауапты хатшысы Әбікенұлын, Қызылорда жастар комитетінен Жүсіпұлы Шаһзаданы, Қызылорда ағарту бөлімінен Әбілқайыр Әшімұлын, Шымкент үйезі атқару комитетінен Медетұлы Досмұханбетті, Шымкент жастар губкомының жауапты хатшысы Мұса Баймұратұлын, Жетісу губкомы жастарының жауапты хатшысы Әбікейұлын, Шымкенттегі қазақ губкомынан Шынәлі Мұсаұлын, Шымкент қалалық жастар комитетінің жетекшісі Дәуқара Мырзалыұлын, Шымкент губерналық кәсіпшілер кеңесінен Жұмабайұлы Тұрсынды, Шымкент губерниялық сотынан Шойманұлын, Шымкент губерниялық прокурорының жәрдемшісі Әлібайұлы Серікбайды, Шымкент әйелдер бөлімінен Мариям Мұқышқызын, Шымкент Қазтехникумынан Әлішер Бейісұлын, «Лениншіл жас» журналының хатшысы Кенжебайұлы Бейсембайды т.б. баспасөзге жаздырудың науқанына атсалысып, қазақ газетін қолдауды өтініпті.
«Ақ жолда» ауыл қамын ойлап, «Социалды Қазақстанда» қазаққа бүйрегі бұрып тұрған Арыстановтың да басынан ауыр күндер өткен. Қалам ұстаған кешегі әріптесінің бәрі бірі «жауға», бірі «жапон тыңшысына» айналып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырап жатқан алмағайып шақта өзіне де тықыр таянғанын сезіп, «Социалды Қазақстанның» да бұл нәубеттен шет қалмағанын ол былайша білдіріпті: «…Маған дейін Ілияс Қабылов, Өтебай Тұрманжанов, Сұлтан Лепесов қамалған. Олар жан достарым еді. Менің қызмет орным желдің өтіндей жер-тін. «Халық жауларын» әшкерелеушілер көбейіп кетті. Газет қызметкерлерінің сәл кемшілігін жіпке тізетін әдет пайда болды. Материал бассаң – нақақтан кісі күйеді. «Неге бастым?»-деп жаның күйзеледі. Мақала баспайын десең, неше түрлі әңгіме туады. «Қамалғандармен ауыз жаласқан» дейтін болды. Екі оттың ортасында жүріп жаттым. Жалалы материалдар жақсы адамдар жайында. Жаным ашиды. Ондай дүниелерді баспауға тырыстым. Белсенді бәлеқорлардың тегеуріні шыдатпай барады. Енді материалдың бірін басып, бірін тығып қоятын болдым». Осылайша аға газетте отырса да отандасын жамандыққа қимаған Жүсіпбек араға бір жыл салып өзі де қамауға алынып, қасірет шегеді.
Ол тұста Арыстанов Алматы қаласындағы Лагерьная көшесінің №44 үйде тұрған екен. Яғни «Тройцкийшілермен, оңшылдармен байланысты болды. Ұлтшыл-фашистік ұйымның белсенді мүшесі екен» т.б. сияқты жар астынан жау іздеген жалақорлардың көрсетуімен тұтқындалып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 11-тармағы бойынша 1938 жылдың 11 тамызында істі болады. Ұзақ жылдар бойы айдауда жүріп, 1955 жылдың 10 маусымында Л.Брежневке жазған хатында ол былай деген екен:
«…Мен Арыстанов Жүсіпбек отан жауларының арандатушылығының құрбанымын. Ішкі түрмеде екі жыл отырып, зорлық-зомбылық пен азаптың неше атасын көрдім.
Менің «ісім» ұрып-соғумен басталды. 1938 жылдың 11 тамызында тұтқындалысыммен тұп-тура аға тергеушінің кабинетіне әкелді, ол болса маған ешқандай айып тақпай бірден ұрсып, боқтай бастады, айғайлады: «Арыстанов, сен фашиссің, сатқынсың, соны мойындап түсінік жаз, әйтпесе – атыласың!» — деді.
Тепкі-теперіш пен машақатқа шыдап бақтым, болмаған нәрсені қалай мойындайын?! Сосын тергеу басқа әдіске көшті: тамыздың 11 мен 16-сы аралығында дәм-су татырмады, демалыс бермеді, ұйықтатпады, қолымды төмен түсіріп, тік отырғызып қойды. Сұрақшылар кезек-кезек күзетіп, ұрсып: «Сен фашиссің, ұлтшылсың, соны мойында!» деумен болды.
Қол-аяғым, денем ісіп кетті, ұйқылы-ояу жағдайда орындықтан қисая бастасам, бүйірімнен не ішімнен ұра бастайды. Ес-түссіз құлап едім, үстіме суық су құйды, дәм татуға зауқым соқпады. Қалай келгенімді білмеймін. Бес тәуліктей ұйықтамағаныма қарамастан, шамасы бір-екі сағаттан кейін күзетшілердің айғай-шумен тепкілеп оятқаны есімде. «Күндіз ұйықтауға болмайды» дейді. Жан-жағыма қарасам, жанымда бұрынырақ ұсталған ЦК-ның бөлім меңгерушісінің орынбасары, әріптесім Д.Сидоров отыр. Ол әділдік іздеп, жалған жаланы мойындамағандықтан бұрынғы совхоз наркомы Дүйсеновтің ешқандай сотсыз Катков пен Оспановтың тепкісінен мерт болғанын айтып, жылап жіберді.
Содан соң 17 ай бойы жеке камерада, оның ішінде біраз үзіліспен екі айдай карцерде отырдым. Катков үш рет армансыз ұрды, оның біріншісі Павловқа жауапқа барғаннан кейін. «Сен, Арыстанов, егер алдағы уақытта осылай қасарыса берсең, теріңді бірнеше мәрте сыпыртамын», — деді Павлов. Оспановтан да көп таяқ жедім. Тәулігіне үш, төрт сағаттан артық ұйықтауға рұқсат бермайтін. Ұрып-соғудан, моральдық қорлықтан, ашу-ызадан жүйкем жұқарып, есімнен жаңылған кезім болды. Үстіме мұздай суық су құйғандықтан ауырып, тұмауға шалдықтым, басыма, желкеме шиқан қаптап кетті. Менің осындай жай-күйімді пайдаланып, Катков пен Оспанов ақыры айтқанын істетті: олардың ойдан шығарған қылмысы қағазға түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, қолдан жасалған құжат негізінде, тоғыз адамға, оның ішінде маған іс қозғалып, бәріміз сотталып кете бардық…». Яғни соқтықпалы-соқпақты өмір жолында талай сынақты бастан кешіріп, қиянаттан жүрегі қан жыласа да жасымаған Арыстановтың азаттық таңын көріп, тоқсаннан аса бере тәркі дүниесін тастап кеткенін де көзіқарақты оқырман білетін болар. Олай болса, «Ақ жолдың» Арыстановы жайлы арнайы зерттеу жүргізу де алдағы күннің еншісіндегі іс. Түйіндей айтқанда, Түркістандық тұлғаларды тану үдерісі еш тоқтамауы тиіс.
Ғалым Қасымхан,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі
дайындық орталығының аға оқытушысы.