ЖЫНЫС АУЫСТЫРУДАН ҚАЗАҚСТАН ДА ҚАҒЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

Заманының заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасын оқымаған қазақ жоқ. Сол «Көксеректің» әңгімесінің негізгі концепциясы – жаратылысты сақтау, болмыс-ты сақтау. Жаратылысқа қарсы шығудың салдары қоғамға қандай зиян келтіретінін Әуезов әдемі жеткізді. Алла Тағала әуелде барлығымыз жан бітіріп, әр адамды ерекше қабілет қасиетпен жаратты. Алайда біз сол Алла берген қасиеттерді бағалап, адам болып бұл дүниеден өте аламыз ба?

Ата-баба дәстүрінен, діні мен ділінен алшақтай қоймаған қазақ үшін жаратылысына қарсылық білдіру – нағыз азғындық. Жыныс ауыстыру секілді жат қылықтарға біздің өмір сүріп отырған қоғамымыз үрейлене қарайды. Менталитетіміз де оған сай келмейді. Тіпті мұндай мәселе көп айтыла бермейді. Алайда соңғы жылдары елімізде көрініс тапқан бірнеше тосын оқиға Қазақстанның да одан қалыс қалмағанын меңзейді.

Ауыс-түйіс демекші, енді жетпегені адамның жыныс мүшесін ауыстыру еді. Оған да алғашқы қадам жасаппыз. Басында сенбегенмін. Әлеуметтік желі қауға тиген өрттей лапылдағасын ақ-қарасын анықтауға тырысқан едім. Жамандық жерде жата ма, рас болып шықты.

Енді біздің елде де кез келген адам жынысын ресми түрде өзгерте алады. Мұны Денсаулық сақтау министрі Цой растап, өзі қол қойыпты.

Неге осы заң Парламентке енгізілгенде халыққа ескертіліп, тіпті халықтың көзқарасы қандай деген сұрау жүргізілмеген? Ол жерде қазақтың қаншама марғасқасы отыр шіреніп, тым құрыса солардың біреуі «Біз мұсылман халықпыз ғой, елімізде бейресми мәліметке сенсек, тұрғындардың 80 пайызы мұсылман көрінеді. Бұл заң жобасы дініміз бен ділімізге, жалпы мұсылмандардың ар-ожданына нұқсан келтіріп, ата-баба ұстанымына қайшы әрекет болып жүрмесін» десе аузы қисайып қала ма? Әлде оны айту үшін де жоғарыдан пәрмен керек пе?

“Сынықтан басқаның бәрі жұғады” дейді қазақ. Өзге­лердің қаңсығы бізге қашанғы таңсық бола бермек? Ұлттық намыс қайда? Ұлттық рух қайда?

Алайда, адам жынысын ауыстыра алғанымен, генін ешқашан өзгерте алмайды. Жыныс жағынан әйел еркекке айналғанымен, бәрібір гені оның әу бастағы жаратылысы әйел екенін айғақтайды. Қанша дәрі ішкенімен трансгендерлердің бойында ескі гормондары сақталады. Ол ара-тұра бой көтерген кезде кейбір трансгендерлер ішіп жүрген гормондық дәрілерін шектен тыс көбейтіп жібереді екен. Бұл олардың психикасына да әсер етіп, түптің түбінде қайсыбіреулері өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады.

Ұ.Мұратқызы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.