Жырларымда заман шындығы

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,

Жиреншені,

Алмаймыз Алдарды ойға.

Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,

Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

 

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған

Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?

Ажал жетсе арысқа –жоқтау айтып,

Жесір қайда –жұбанбай сұңқылдаған?!

 

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,

Тектілігі қанымен тұнып бойда,

Қарындастың басына күн туғанда

Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

 

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,

Бұрышында тұрмайтын әр көшенің

Ару қайда –ар, ұят, иманымен

Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

 

Қыздар қайда –Мәжнүннің ғашығындай,

Келін қайда – аспанның ашығындай

Омпысына қорғасын құйып қойған

Бала қайда –құлжаның асығындай?!

 

Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда

деп жүргенде, ағарып көз ақпай ма?

Алты алаштың арманын арқалаған

Асып туған атадан қазақ қайда?!

 

Бар азапты арқама тиегендей

Мен өлуім керек қой,Кием өлмей….

Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,

Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!

 

***

Шежірені шиырлап тарата алам,

Тусақ, туған шығармыз әр атадан.

Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,

Ей, қазақтың баласы қара табан!

 

Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,

Сол жүректен мен саған тілектеспін.

Алп-алп басқан аталар әулетіміз,

Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.

 

Көптен көмек күтпей-ақ,достан – қайыр,

Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.

Сен туғанда қуанған әке-шешең

Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.

 

 

 

Күнге қарап, қырандай қанатың кер,

Сені көріп серпілсін қара түндер.

Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ

Жүрсе екен деп әйтеуір санатында ер.

 

Жайсаңсың, сен,

Жарқылдап жүр ендеше,

Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,

Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,

Ешкімнен де именбе.  Жіберме есе!

 

Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,

Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.

Сен басқадан артықсың – анаң егер

Қуанғаны қалжа жеп рас болса!

 

Болу керек жігітте айла күшті,

Парасатпен пайымда пайдалы істі.

Барша қазақ елінің бақ-талайы

Тағдырыңа бір сенің байланысты.

 

Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,

Құз басынан құлжаңды құлатып ал.

Жарқ ететін сағатың соғады әлі,

Оқталмаған мылтық та бір атылар!

 

Өз жолыңды табатын жетті күнің,

Алғырлығың көрінсін, ептілігің.

Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып

Танылатын шақ осы тектілігің!

 

Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?

Тойдан қалсаң қамықпа.

Ойдан қамық.

Аламанға түскенде бәйгеңді алып

Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.

 

Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,

Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.

Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың

Жібереді мықты ғып.

Өзі-ақ, Күндеп!

 

***

Абай ағамыз!

«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:

Қатыгездікке келгенде қарайып әлі

Сабақ алатын жақсыны

Сабай аламыз.

 

Өтірік!

Жалған –аспанның астын кернеген

Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:

Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін

Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

 

 

 

Қанағат та жоқ,

Рахымның ізі қалмаған,

Қайырым  қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.

Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,

Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!

 

Адамгершілік  айырылды өз бағасынан,

Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.

Түндіктен түсіп,

Кіндіктен қылмыс жасайтын

Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

 

Мұсылман таппай –отырар тізгін басында,

Тұлпарға тоқпақ таққан соң,

Құзғынға –сырға,

Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі

Жылап көрісер, ей, аға, Сіздің ғасырға!

Жүрсін Ерман

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.