Жастық пен сұлулық құпиялары

Бір қызығы, жас кезінде сұлулығымен онша табындыра қоймаған кейбір әйелдер жасы ұлғая келе жақсарып, келісті келіншекке айналып жатады. Бұл — негізінен, жылдар бойғы салауатты өмір салты мен жақсы әдеттердің жемісі. Ал кейде көнеден келе жатқан, көп сынақтан өткен сұлулық құпиялары да көмектеспей қалмайды.
* Зығыр дәні
Бет терісінің түсі мен жағдайы ең алдымен асқазанның жұмысына байланысты. Егер ас қорыту жүйесінің жұмысын ретке келтіріп, ұдайы ішекті тазартып отырса, беттегі ұсақ бөртпелер мен қара дақтар жоғалып, беттің  түсі жақсарады. Ол үшін күнде таңертең бір шай қасық зығыр дәнін жақсылап шайнап, артынан бір стақан су ішіп жіберіңіз. Зығыр дәні ішектегі улы қалдықтардың бәрін өзіне сіңіріп, тазартып шығады.
* Қызылша
Салмағыңызды бірқалыпты ұстап тұрғыңыз келсе, күн сайын суға піскен 100 г қызылша жеп тұрыңыз. Онда қанды тазартатын пайдалы заттар бар.
* Жаңғақ
Өзіңізге ұнайтын кез-келген жаңғақтың бір уысын жеп тұруды күнделікті әдетке айналдырыңыз. Ол  шаш, тері, тырнақтың жағдайын жақсартып, тіпті беттегі майлы бөртпелерді де кетіреді.
* Жұмыртқа мен бал маскасы
Бұл – бет терісін қоректендіріп, жасартатын ең жақсы маска. Оны дайындау оп-оңай: жұмыртқаны жарып, ағы мен сарысы әбден араласқанша жақсылап былғайсыз. Сосын бір шай қасық бал қосып, тағы араластырасыз. Осы қоспаны тазалап жуылған бетке жағып, 20 минут ұстайсыз да, сосын жылы сумен жуып тастайсыз.
Теріңіздің жағдайына қарай бұл маскаға әртүрлі заттарды қосуға болады:
— терінің қабынуын емдеу үшін – қырмызыгүл немесе түймедақ тұнбасы, алоэ сығындысы, шай ағашының майы;
— құрғақ теріге – зәйтүн не күнбағыс майы, қаймақ;
— майлы теріге – қияр не алма шырыны, түймедақ тұнбасы;
— теріні ағарту үшін – лимон шырыны, ақжелкен ботқасы;
Бірақ, бұл масканы балға не жұмыртқа ақуызына аллергиясы барлардың қолдануына болмайды.
* Сүт маскасы
3-4 ас қасық табиғи майлы сүтті 1 ас қасық ұнтақталған сұлы ұлпасымен араластырамыз (немесе орнына крахмал, бидай ұнын немесе қарабидай нанын қолдануға болады). Бұл маска бет терісін жақсы тазартып, ылғалдандырады және қоректендіреді. Оған, сондай-ақ, әртүрлі шөп тұнбалары мен шырындарды қосуға болады. Тек қышқыл жемістердің (мысалы, лимонның) әсерінен сүт іріп кетуі мүмкін. Бірақ, одан масканың пайдасы кемімейді.
* Ошаған майы
Ошаған майы – шаштың түсуі мен қайызғаққа қарсы қолданылатын ең тиімді құралдардың бірі. Одан бөлек, бұл май тырнақты қатайтып, аяқ пен қолдың терісін жұмсартады, кірпікті қатайтады және ұзартады. Ол үшін саусақтың ұшын ошаған майына салып отыру керек, ал шаштың түбі мен кірпікке ошаға майын жағады. Нәтижесінде шаш қалың және жылтыр болып, тез өсетін болады. Тіпті шашыңыз майлы болса да, оны жағудан қорықпаңыз, өйткені ол тері бездерінің жұмысын реттеуге көмектеседі.
* Шашқа арналған ысқы 
Күн сайын жатар алдында шашты арнайы ысқымен ең кемі 100 рет ысқылаңыз. Бұл бас терісінің қан айналымын жақсартып, тері бездерінің жұмысын реттейді. Егер ысқы болмаса, тарақ та жарай береді. Әрине, тұп-тура 100 рет демейміз, дегенмен қанша көп тарасаңыз, соншалықты жақсы.
* Кітап
Басыңызға кітап қойып алып, қарапайым үй шаруаларымен айналыса беріңіз: жүріңіз, отырыңыз, дастархан үстін жинаңыз, шай ішіңіз, кітап оқыңыз, т.с.с. Ең бастысы, басыңыздағы кітап түсіп қалмауы керек. Осылай етсеңіз, кеудеңізді көтеріп, тік жүруді және патшайымдарға тән паңдық пен кербездікті үйренесіз. Бұл жаттығу бұғақтан да құтқарып, мойын терісінің қатпарлануына да жол бермейді.
* Арқаны тік ұстау
Диванға екі бүктетіліп отыруды, бүкірейіп жүруді және орындыққа шынтақтауды қойыңыз. Тек сыртта ғана емес, үйде де денеңізді тік ұстаңыз, бұл арқаның бұлшықеттерін қатайтып, омыртқа ауруларына жол бермейді. Әрі қай жаста болсаңыз да, кез-келген киім денеңізге қонымды көрінеді. Егер денеңізді тік ұстау қиын болса, арқаңызды қабырғаға тақап, басыңызды да тигізіңіз. Енді осы қалпыңызда қабырғадан ажырап, отырсаңыз да, тұрсаңыз да, жүрсеңіз де, денеңізді босатпауға тырысыңыз. Көп өтпей бұл жүрісіңіз де қалып алып кетеді.
* Тез жүру
Күн сайын кез-келген ауа-райында далада жаяу жүру пайдалы екенін бәрі біледі. Бірақ, бұл дегеніміз ауыр сөмкелерді артып алып, митыңдап әрең жүру емес. Керісінше, жеңілдеу киініп, тез жүру керек. Әсіресе, аяқкиіміңіз ыңғайлы болсын. Бес әлде он шақырым ба, қанша жер жүретініңіз маңызды емес. Ең бастысы, мұндай серуенде таза ауа жұтып, көкірегіңіз ашылып қана қоймай, жүрекке де белгілі бір деңгейде күш түсуі керек. Ол күш ауыр сөмке түрінде емес, бұлшықеттердің қимылы арқылы келгені дұрыс. Ең бастысы, өз денеңіз бен сезім-күйіңіздің үйлесуін қадағалаңыз.
*Басты құпия
Сұлулықтың ең басты құпиясы – ең алдымен, өзіңізді жақсы көріңіз. Өзін жақсы көрген адам денесін де жақсы көріп, күтім жасауы керек. Тек бір іс-шараға орай не жазға қарай ғана емес, үнемі сымбатыңызды сақтаңыз.  Күн сайын шашты ысқымен ысқылап, айына 2-3 рет шашқа ошаған майын жағыңыз. Күн сайын бет терісін тазартып, ең кемі аптасына бір рет табиғи өнімдерден жасалған маскалармен қоректендіріңіз. Теріңізге сан қабат бояу жағып, шаршата бермей, оны сәбидей күтіңіз. Ең бағалы сұлулық – табиғилық екенін ұмытпаңыз!
Дайындаған Б.КЕМЕЛ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.