ТАҒДЫРДЫҢ ТАҚЫМЫНДА ЖҮРГЕН ӘУЛЕТ

Қасиетті Созақ өңірінде киелі Таутары мекені бар. Таутары  тарихи құнды орындарға бай. Онда ғалымдар көне 27 нысанды тапқан. Оның 23-і қоршау, 3-еуі тас оба. Біреуі ескерткіш тастан жасалған дүние. Археологиялық қазба жұмысы барысында Таутарыдан өткен ғасырлардан қалған алтын сырға, қола сақиналар, шекелектер мен моншақтар шыққан. Киелі мекенде ХIV-XV ғасырларға тиесілі зираттар да жатыр.

Ертеде бұл өңірді Төре-Төлеңгіттер Үшбас өзенін бойлай қоныстанған. Қырғыз Төлеңгіттер аталмыш өзеннің сол жақ бетінде отырған. Таутарыдағы сай жанында ата-әжелерміз бен әке-шешелеріміз тұрған жиырма шақты үйдің орыны әлі күнге бар. Сайға қарай түскен үлкен жолдың бойында екі үйдің орыны тұр. Жер кепе етіп қазып, жұмбаз кесекпен қалаған. Сол екі үйдің үлкені біздің баспана болған. Қасындағысы Қуаныш Ақпанбетовтың үйі. Қуаныш көке бізге туыс болып келеді. Әрі әкеммен қатар кісі. Кезінде ол кісі өкіметтің жылқысын баққан болатын.  Бұл кісіні арнайы атап отырғанымның себебі бар. Менің Аманкелді Байтеміров деген досым болған. Бірнеше жыл жылқы баққан ол, кейін трактор жүргізді. Сол бір күні «Сенің ауылың Таутарыда екен, Қуаныш көке екеуміз сол жаққа жылқы іздеп барғанбыз. Сонда көке екі үйді көрсетіп, жолдың оң жағындағы бірінші үй – біздікі, екінші үй – Иманқұлдікі деген еді» деді. Мынаны естіген соң менің Таутары жаққа баруға аңсарым ауды. Аманкелдіге сол жаққа баруға өтініш жасадым. Ол келісімін берді. Бір күні екеуміз Беларусь тракторына отырып алып, Таутарыға қарай  тарттық. Тауда Тар қобы, Кең қобы дейтін жерлер бар. Солардан өтіп Таутарыға жеттік. Әке-шешеңнің табаны тиген жерді көрсең ерекше толқиды екенсің. Бұрынғы қонысты, үйді көріп терең ойға сүңгідім. Жер кепе үйдің ошақсыз-ақ жылы болғанын білдім. Себебі, баяғы үйлерде ошақ болмаған. Мұнда қоныстанғандардың кәсібі – мал бағу. Тауға жер жыртып, азын-аулақ бидай-тары еккен. Сауранбайдың Үшбасқа қуар тұсында Оразбайдың диірмені болған. Тұрғындар еккен егіннен алған бидайды сол диірменнен тарттырып алған. Сонда отырып маған: «Бұл ел суды қайдан алған?» деген ой келді. Өйткені, жұрт көктемде бірнеше ай таситын лай суды іше алмайды. Содан 25-30 метр тереңдіктегі сайға қарай түстім. Сонда бір бұлақты көрдім. Бұлақтан сәл әріректе қырға қарай қызыл қыштардан қалап тұрып істеген теппешек бар екен. Атам мен әжем, әке мен шешем мекен етіп ұрпақ сабақтастығын жалғастырған құтты жер. Кезінде бұл өңірде де тіршілік қыз-қыз қайнаған. Бүгінде мұнда өлі тыныштық. Оқасы жоқ. Әр ғасыр, әр уақыт  берекелі мекенді ауыстырып отырады. Кім біледі, келешекте Таутарыға қайтадан жұрт қоныстанып, тіршілік жанданар.

Атамның алтын бесігінде тұрып Төрелер мекендеген Әулие тоғайға барғым келді. Ойымды Аманкелдіге айтқанымда, ол баратын сыңай таныта қойған жоқ. Сондықтан бұл жолы рульге өзім ие болдым. Сөйттім де Әулие тоғайды бетке алдым. Ол жер үш ферманың (Қызылкөл) қойын қырқатын жер болған. Өткен ғасырдағы 60-70 жылдарға дейін қырқын баз болған. Ондағы үйлердің орыны тегістеліп кеткен. Өзеннің жағасы қалың сәмбі тал. Сай жағалай жүріп үш-төрт үйдің орынын көрдім. Бұл Үшбас өзенінің оң жақ жағалауы. Ал сол жақтағы таудың биік шыңында істік қара тас тұр. Істік қара тастың астына бүркіт ұялап балапан ашады. Баяғыда Урмуіз қарияның айтқаны бар еді. Сол шыңға шығып бүркіттің балапанын талай алған екен. Міне үлкен кісілер айтып жүретін қасиетті жерлерді асықпай әбден көріп мауқым басылды.

Енді шешемнен естіген жайтты баяндайын. Малын бағып жайбарақат күнін көріп отырған елде Кеңес Үкіметінің тәркілеуі басталады. Жазықсыз жандардың дүниесін тартып алу әрекеті жұртты шошындырады. Бұл тағылық науқанға бай болмаса да малы барлар да ілігеді. Ал дүниесінен айырылғандар ит-жеккенге айдалады. Солақай саясаттың әсері  әке-шешемнің отбасына да тиеді. Сондықтан үйдегілер Ташкентке көшуге бел буады. Өздері отбасында 5 жан болған. Олар әкем мен шешем, әкемнің туған інісі Раманқұл және Смат ағам мен 6 айлық әпкем бар. Смат негізі әкемнің немере інісі. Сәби кезінде жетім қалған оны әжем асырап алған. Енді осы бес жанның  көшуі үшін жүк көлігі керек болған. Әкемнің бір мініс аты бар екен. Қорадағы азын-аулақ малын екінші бір жылқыға айырбастап алған. Сол кезде әкемнің үлкен әпкесі інісінің көшкелі жатқанын естіген.  Күйеуі екеуі бір атқа мінгесіп Құмкенттен келеді. Інілеріне жолға деп бір қалта талқан, құрт пен ірімшік алып келіпті. Шешеме үлкен гүлі бар орамал жауыпты. Інілерін құшақтап қимастықпен әбден жылаған.

Сонымен, 1929 жылы тамыз айында 5 жан жолға шыққан. Бесеуі екі атқа кезек-кезек мініп отырып Шақпақ деген жерге аялдайды. Сонда жылқыларын жайып, өздері ұйықтап алып, ертеңінен қайта сапар шегеді.  Ұзақ жол жүріп екінші аялдаған жері  Қызылкөпір болады. Ол жерде бір күн түнеп жолға қайта шыққан.

Осы арада айта кетейін, негізі әке-шешемнің Өзбекстанды бетке алуының тағы бір себебі болады. Шамамен 1927 жылы анамның төркіні сол жаққа көшіп кеткен. Шешем жақындары кеткен соң  қатты қамыққан. Есіл-дерті жақындарынан ажырамау болған. Анамның арманын арқалаған көш кешке дейін жүре отырып Үржарға келген. Бүгінде Үржар Ұялыжар деп аталады.  Сол ауылдың шетіндегі бір үйге ат басын тіреген екен. Бұл жақта ел тыныш. Жұрт өз тірлігін істеп отыр. Сондағылар өздерінің мал бағып, егін егіп күндерін көріп отырғандарын айтады. Ауыл тұрғындары Сіргелі руының Жайдақ атасынан тараған жандар екен. Менің анамда Сіргелі ішіндегі Шалдар атадан тараған. Үржардағы Жайдақ ағайындар «Осында қалыңдар, егіс егесіңдер, су бар, жер бар, мал бақсаң жайылым жетеді» дейді. Сонда әкем келіссе де, шешем келіспепті. Сонымен қайтадан жолға шығуға бекінген. Үржарлықтар олардың жолына ішіп-жейтін азық-түлік беріп, шығарып салған. Балаларын ерткен әке-шешем тағы бір күн жүріп Қазығұрт ауданындағы Қаратасқа жетеді. Ол жердегі тұрғындар Қаңлы, Бақа  Қаңлы деген ру екен. Қаратаста қонған жақындарым ертеңінен кешке Зак арық деген жерге барады. Бұлар Зак арыққа барғанда қараңғы болып қалған. Алдарынан шыққан арықтың өтетін жерін таппай жүреді. Сәл арырақ кеткен ағам Раманқұл «Мұнда келіңдер, көпір таптым» деп айқайлайды. Раманқұл айтқан жерге барса, өткел бар екен. Ата-анам бала-шағамен бірге өтеді де кетеді. Өтеді де ар жағында тұрған үйдің есігін қағады. Көпке дейін ашылмаған есіктің іш жағынан бір әйелдің «Бу кімлә?» деген дауысы шыққан.  Артынша: «Құдайы қонақпыз» деген жауапты естіп, ешкімнің дыбысы шықпай қалған. Сәлден соң есікті ірі денелі кісі ашып, жай-жапсарды сұрайды. Әкем өздерінің қазақ екенін, басқа жақтан көшіп келе жатқанын айтқан. Мұны естіген қожайын жолаушыларды үйіне бастап кірген. Шай үстінде танысып, үй егесі өзінің есімі – Жаппарбек,  руы Қаңлы екенін жеткізген. Оның екі әйелі бар болып шыққан. Қос әйелдің бірі – қазақ, екіншісі – өзбек. Қожайын сырттан адам жұмсап, жылқы ұрлатады екен. Әкелінген жылқыларды базарға апарып сатуды кәсіп еткен. Өз ісін осылай таныстырған қожайын Смат пен Раманқұлды меңзеп: «Мына екі інің менің жігіттеріме қосылсын. Өзіңе үй тауып беремін. Ұсталығыңды жалғастырасың» деп әкеме қараған. Әйтсе де әкем: «Жо-жоқ, мен олай ете алмаймын, сен одан да маған мына екі атты сатып бер» дейді. Жаппарбек «Келіспесең өзің біл» деп ертеңінен екі атты сатып, ақшасын төртке бөліп төртеуінің беліне орап берген. Себебі, Ташкентте қалта ұрылары бар. Әрі «Ташкент үлкен қала. Бұлар ары өте алмайды» деп әкеме бір жігітті жол көрсетуге қосып жібереді. Ол жігіт  Қойлық деген жерге дейін ілесіп барып кері қайтады. Әкем Қойлықтағы базарды аралап жүріп бір керуеншімен жолыққан. Екеуінің әңгімесі жарасып, танысыпты. Керуенші өзіміздің қазақ,  Арқа жақтың найманы болып шыққан. Өкіметтің дүниені тәркілейтінін естіп, ерте бастан малдарын сатып, көшіп кеткен екен. Өзі отбасымен Тәжікстаннан тұрақ тауыпты. Жанұясын асырау үшін саудамен айналысады. Тәжікстаннан жеміс-жидек әкеліп, Ташкенттен киім-кешек апарып сатады. Әкем сонымен Тәжікстан жаққа кетуге бел буады. Әлбетте, жалғыз емес. Отбасын алып кетуді жөн санаған. Сонымен керуеншімен жолға шыққан. Бірнеше күн жол жүріп отырып Қауас деген жерге жеткен. Тура сол жерге барғанда түнекеш өзінің Ауғанстан асып кетуі мүмкін екенін айтқан. Оны естіген менің жақындарым Қауаста қалып қойған. Алғашқы күні бір тәжіктің үйінде түнеп шығады. Екінші күні жұмыс іздеп Ергешбай деген байдың үйіне барады. Сыртқа шыққан адам: «Ергешбай сенімен сөйлеспейді. Қожайынның ісін басқарушы адамы бар. Сен сонымен сөйлес» деп кеңес беріпті.  Көп уақыт өтпей әкем іс басқарушыны да тауып алады. Оған жағдайды айтса, іс басқарушы: «Екі ініңді мал бағуға аламын, өзің ұсталық жасайсың. Ертең үй тауып беремін» деген.

Осылай әкем мен екі ағам жұмысқа оңай орналасып алған. Өзге елде жаңа тыныс-тіршіліктің ырғағы  басталады. Күздің күрең күндері аяқталып, қыс келеді. Ол жақта қар жауғанымен анау айтқан аяз болмайды екен. Көктем шыға әлгі бай тауда бидай еккізеді. Егістік жұмыстарын менің екі ағам атқарады. Негізі Раманқұл ағам ерекше ірі денелі жан. Жұмысты ынта-шынтасымен істейді. Ерен еңбегінің сеп болуымен, Құдайдың қалауымен бидай бітік шығып, оруға дайын болады. Егінді орып, бидайды бастыру ісі де екі ағама жүктеледі. Раманқұл ағам  егінді тез-тез орып, бидайды сабағынан буып-буып, төмен қаратып қатарынан қойып кете беріпті. Біраз жұмыс істелген соң қаз-қатар тұрған буылған бидай көрінісі сырт көзге өте әдемі көрінеді. Осы кезде қызметшісін ерткен Ергешбай егістіктің бас жағына келеді. Келеді де егіндегі сұлу көріністі көріп риза болыпты. Әрі аз уақытта бидайдың көп бөлігінің орылғанына қайран қалып, ынта-шынтасымен жұмыс істеп жүрген Раманқұл ағама қатты таңданыпты. Қызметшісінен «бұл кім?» деп сұрайды. Қызметшісі «Иманқұлдың інісі» деген ғой. Ергешбай «зор денелі, пысық жан екен» деп қатты таңданған көрінеді.  Салдарынан сол күні кешке көкем үйге келе құлайды. Түнімен ыстығы көтеріліп ауырған. Бірақ, денесі қып-қызыл болып бөртіп кеткен. Таңертең әкем ары-бері жүгіріп әйтеуір бір тәуіп табады. Көкем барғанымен емші «Бұған көз тиген, енді кеш, шипа қонбайды» деп қайтарған. Ал Раманқұл ағам сол жатқаннан үш күн жатып, бұл дүниемен аянышты халде қоштасқан. Жалғыз інісі қайтыс болғанына қапаланған әкем елден тым алысқа кеткеніне өкінген. Ең болмаса елге жақындау үшін Ташкент жаққа баруды жөн санайды. Сол оймен Тойтөбе өңіріндегі Үштөбе деген жеріне көшіп келіп, тіршілік жасайды. Ал Смат көкем әкемнен рұқсат сұрап ауылға қайтқан. Осы арада бірден айта кетейін, Смат көкем Құмкентке келіп, үйлі-жайлы болып, немере-шөбере сүйіп, 90 жасында иті жоқ ауылға кеткен.

 

Ал 1939-40 жылдары Ташкент жақта Ташканал құрылысы басталады.  Ұжымдастыруды қолға алған билік егістік шаруашылығын өркендетуді көздейді.  Сол мақсатта Тойтөбе, Піскент,  Ақ-қорған, Бөке, аудандарына су жеткізуді қолға алған. Ол уақытта бүгінгідей қаптаған техника жоқ. Канал құрылысын қолмен қазу үшін көп адам жұмысқа тартылған. Менің әкем де сол жұмысқа тұрған. Сонда жұмыс істеп жүріп қайынағасымен жолыққан. Сөйтсе олар Бөке ауданында тұрады екен. Екі қолға бір күрек іздеген қайынағасы Ташканал құрылысына жұмыс іздеп келген. Осылай шешем бауырымен кездесіп арманы орындалады. Ағасынан әкесінің о дүниелік болып кеткенін естіп әбден жылайды. Сол жылы Сәрсенкүл есімді әпкем дүниеге келеді. Алайда,  арада алты ай өткенде шақалақ күйінде шетінеген.

Нағашы көкем Нұсқабай арабша да, орысша да жақсы сөйлеп,  хат таныған. Көзі ашық болған соң басшылардың да тілін таба білген. Сондықтан болса керек, түрлі тауар өндіретін «Разный промда»  жұмысқа тұрып алған. Сонда істеп жүріп Қызыл байрақ ұжымшарының басшысымен де сөйлеседі.   Одан үй салу үшін жер сұрайды. Нәтижесінде ұжымнан жер бөлініп, ол жер телімінен екі жаппалы, 8 отбасы тұратын үй салынады. Жұрт ол жерді Сегіз там атап кеткен. Қызылбайрақта тұратындардың кәсібі – қамыстан өнім өндіру. Жұмысшылар қамысты орып, одан ши дайындаған. Ол кендір жіппен тоқылған. Шидың ұзындығы — 5 метр,  ені — 3 метрді құраған. Одан бөлек,  маты пресс дайындаған. Станокпен дайындалатын маты пресстің ұзындығы — 3 метр,  ені — 1 метр болған. Ал мардан қамыстан кілем секілді төсеніш тоқылған.

Мұндай өнімнің бойра деген түрі бар.  Ол арнайы құралмен түйілген қамыстан тоқылған дүние.  Бұлар құрылыс материалы үшін керек болған. Өкімет дайындалуы оңай аталған өнімдерді өндіріп, халықтың әл-ауқатын тезірек түзеуді көздеген.

Қарапайым жұмысшы үшін бейнеті көп еңбекке қаржылай жалақы берілмеген. Еңбекақының орнына зығыр майы,  қант,  тақта шай (жалпақ шай)  және займ берілген. Сол займдарды талай ойнатып ақша алдық.

Бұл ауылға 1940 жылы көшіп келген едік. Нағашым екі бөлмелі үй алған. Өзі сол ауылды басқаратын бригадир. Өзі велосипедпен жүретін. Аудан орталығы Тойтөбе бізге алты шақырым жерде орналасқан. 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ол соғысқа әкем бармайды. Себебі нағашым оны брондап тастаған. Әйтсе де  1943 жылы әкемнің санына жара шығады. Сол жарасы асқынып кетіп, әкемнің жарық дүниемен қоштасуына сеп болған. Сөйтіп үйде төрт жан қалдық. Анам, ағам — Сәруар, әпкем — Әсемгүл және мен.

Қызылбайрақта негізінен кәрістер тұрады. Олар күріш егумен шұғылданады.

Нағашым Сегізтамда тұратындардың да күріш еккенін қалайды. Сөйтіп ұжымшар басшысымен сөйлесіп, 6 отбасыға күріш егетін жер алып береді. Бізге тигені 15 соттық жер. Соған егіс егіп 20-25 қап күріш алып жүрдік. Күріш егудің де машақаты көп. Арам шөп басып кетеді.  Әсіресе күрмек деген шөп диханды шаршатады. Өзі күрішке қатты ұқсайды. Тек сәл сарғыш болады. Кейде күрмекті жұламын деп күрішті жұлып жібересің. Осындай жұмыстарға мен 5-6 жасымнан кірістім.

Егінде еңбектенген жұрт қамысты да оратын. Алты отбасыға ортақ бір-ақ есек арба. Сол есек арбаны әрқайсымыз кезекпен бір күнге аламыз.

Біздің үйден қамысты анам мен әпкем орады. Орған қамысты  бір күнде маты басатын станокқа бастырып, оны анам, әпкем, ағам бәріміз жабылып артамыз. Өзгелер 100 шақты ши басса, біздікі 80 ши болады. Шешем қанағат тұтып: «Осыған да шүкір»,  дейтін.

Былайша әпкем басқа күндері 50 шақты бойра, шешем 60-70 ши тоқитын. Әпкем тағыда 30-40 шақты мардан тоқитын. Бойраны адамдар үйдің ішіне еденге төсеп қолданады. 1950 жылдары күріш егетін жерімізді колхоз алып қойды. 1951 жылы тоғайдың жерін өңдеп мақта егетін жерге айналдырды. Тоғайдың ортасынан канал қазды. Оны біз Шілік деп атайтынбыз. Мұндағы шаруашылық өзгерген соң басшылық бізді басқа жаққа көшіретін болды. Біз Ахан-гаран ауданына көшіп бардық. Сондағы Теляу ауылына үш шақырым жерде тұрдық. Теляудың қазақша мағынасы — Төлеу. Бізден екі шақырым жерде кәріс ауылы тұрады екен. Басшылық бізге қамыс матыдан екі бөлмелі үй соғып берді. Мұндағы шаруашылықты колхоз емес, артель дейтін.  Қатарынан бес үй көрші тұрдық.  Төлеуде өңшең өзбек ағайындар тұрады екен.  Мектептерінде тек өзбекше,  орысша оқытады. Бұрын қазақша оқыған мен 3 сыныптан бастап орыс сыныбында оқыдым. Жарты жолдан орысша оқу оңай емес. Сондықтан 7 сыныпқа дейін өйтіп-бүйтіп бітірдік. Арада көп уақыт өтпей бұрынғы Сегізтамға қайта көшіп бардық. Нағашым бұрынғы үйді колхоз басшылығына айтып жүріп жөндеу жұмыстарын жасатқызып алды.  Ал біз ұжымшарда келісім шарт арқылы қауын-қарбыз егеміз. Артелге жоспардағы өнімді өткізген соң қалғанын өзіміз сатамыз. Оны базарда сататын нағашым. Мен есек арбамен апарып берушімін.

1955 жылы нағашым, шешем, жездем үшеуі Созақ жаққа қыдырып келген. Бұл жақтағы жағдайды байқап көшіп келуге болатынын түсінген. Мұнан кейін ауыл жаққа көшуге аңсарлары арта берген.  Бірақ, нағашым көшуге әлі ертерек деп жүрген. Өзін әзірге артель басшысы жіберетініне сенбеген. Өйткені қауын-қарбыз егуге артель басшысымен  келісім шартқа отырып қойған. Арада жоспар бар дегендей. Алайда мен жүк көлігін өзім таптым. Қалай дейсіз ғой. Ол былай болды. Мен жаспын ғой. 1-мамыр күні аудан орталығына барғым келді. Аудан орталығында өтетін мерекелік шеруді көруге қызықтым.  Басқа түрлі ойындар бар.  Барып соларды тамашалап жаяу келе жатсам қарсы алдым да жүк көлігі келе жатыр. Дереу қол көтеріп тоқтаттым. Жүргізушісі орыс екен. Арада қысқаша сұрақ-жауап орысша өрбіді.

— Что надо?

— Нам надо уезжать.

— Куда?

— Шымкент, – дедім. Одан кейін «Где живеш?» деп көлігіне отырғызып алды. Зуылдап отырып үйге келдік. Нағашым жүргізушімен сөйлесті де көлігін сайдың ішіне қойғызып қойды. Түнде ешкімге көрінбей көшетін болдық.

Бізбен бірге Жайылған деген кісі де көшпекші болды. Оның да  түбі Қазақстаннан. Ауылы Бәйдібек ауданындағы – Майбұлақ. Руы – Ысты. Бұл жақта бізбен бірге жүріп, бірге тұрған. Әйелі мен екі қызы бар. Қысқасы, үш отбасы бірігіп Қазақстанға көштік. Таңға таяу  Шымкенттің Қызылжар бөліміне келдік. Осындағы нағашым Қожатайдың үйіне жүктерді түсіріп алдық. Ал енді Созаққа қарай еш көлік табылмай қинады. Бар болғанымен «Созақ жаққа жол нашар»  дейді жүргізушілер. Нағашым екеуміз жүк көліктері тұратын Қырғыбазар астындағы көл жаққа күнде барамыз. 6-мамыр күні кешке қарай гүрілдеп бір көлік келе қалды. Мен жүгіріп барып сөйлестім. Жүргізуші келісе кетті. Соған жүкті салдық та Созаққа тарттық. Ол кезде үлкен жол Шаяндағы Аппақ Ишан медресесінің жанымен өтетін. Сол арқылы Шаянның қақ ортасынан өтіп, Алғабас ауылына барып бір-ақ тірелдік. Аталған ауылда нағашымның бажасы тұратын. Сол жерде шай ішіп алдық. Қасымыздағы Жайылған аға жанұясымен қалатын болды. Майбұлаққа осы арадан баруға ыңғайлы еді. Шешем мен Жайылғанның әйелі Дінәпріз құшақтасып, жылап адамның көңілін босатып жіберді. Ұзақ қоштасты. Енді бір-бірін көрмейтінін сезді-ау. Әйтеуір қоштасу сәті де бітіп, қайта жолға шықтық. Одаманның асуына дейін жақсы келдік. Ары қарай жол батпақ. Жүргізушінің де боқтауы көбейіп кетті. Бізді боқтап жүр ме кім білсін? Үштөбе (бүгінгі Аққолтық), Бірінші мамыр  арқылы Шолаққорғанға жеттік-ау, әйтеуір. Жүргізуші ары қарай Құмкентке барудан бас тартты. Шолаққорғаннан қайтқанды жөн санады. Не дейміз, амалсыз Әлібек деген көкеміздің үйінде қалдық. Ертеңінен түс қайта ағаш кабиналы жүк көлігі табылды. Жүргізушісі Қали дейтін мұртты кісі екен. Сонымен Құмкентке де жеттік. Нағашым Төлен Танакөзов деген туысының үйіне түсті. Біз әкемнің әпкесі Ұлтуғанның үйіне бардық. Апамыз бізді құшақтап ұзақ жылады. Көңілінде екі бауырынан айырылғаны күйігі бар. Ертеңінен Қуаныш көкеміз бастаған ағайындар келді. Бәрі мәре-сәре болып табысып, дастархан басында әруақтарға дұға бағышталды. Анам баяғы шәлі орамалды Ұлтуған апамның басына жапты. Түсі аздап қана сарғайған. Шіркін уақыт-ай десеңші.

Құмкентте менің ең бірінші танысқаным Берікбай есімді кісі болды. Сол көшеге ертіп шығып, ауыл ішін таныстырды. Ал өзім қайта мектепке барғым келмеді. Жұмысқа тұрғанды жөн санадым. Үйдегілер бұл жағын таныстарға ескертіп қойды. Мамыр айының 20-на таяу үйге Жапан дейтін бригадир кіріп келді. Келді де шешеме амандасып: «Осы үйде жұмыс істейтін адам бар екен» деді. Шешем мені көрсетіп еді, бригадир: «Ертеңнен бастап №4 фермада жұмысшы боласың. Өгіз арбаға шөп артасың. Өгіз арбаны Тәжен апаң айдайды. Қазір кеңсеге барып сенің атыңнан өзім арыз жазып қоямын, – деді. Ал Тәжен апам бізге алыс емес. Темірбек жездемнің бұрынғы әйеліннің қызы. Жетім қалған шағында Ұлтуған апам асырап алған. Сөйтіп Тәжен апам айдаған өгіз арбаға шөп арттым. Одан кейін шөп тырмалайтын трактордың қосымша агрегатында отырдым. Онда шөп тырмалағыштың тетігін тартып отырамын. Сол кездерде жауын-шашын көп болады-ау. 20-мамырда басталған шөп ору науқаны қара күзге дейін жалғасты. №4 ферма жанынан басталған шөп ору алға қарай жылжи отырып Тасарық, Қара қойын, ары қарай көлді жағалай кете береді.  Бабаата шаруашылығы Құмкентке қарайтын екі ферма еді. 1963 жылы Құмкенттен бөлініп Жартытөбе кеңшары құрылды. Жартытөбенің тізгіні Сыпабек Малдыбековке берілді. Ферма бөлініп, кеңшар болғанымен біз шөп дайындай бердік. Мұнда көл тартылған кезде қамыс орылады екен. Сол жылы көл тартылмай қойды. Әлде Талас өзенінен көлге су молынан құйылатын ба еді? Қамыс дайындау кезінде текке жатып қалдық. Қамыс оратын трактор келеді. Бірақ тракторшы: «Көл тартылмапты» деп қайтып кете береді. Бізді бригадир ауылға жібермеді. Не істейміз? Қасымдағы Өмірзақ екеуміз ақылдаса келе қашуға келістік. Ойымызды аспазшы Айнақыз апаға айттық. Айнақыз апа бір тапа нан мен брезент қалтаға айран құйып берді. Таңертең ерте жолға шығып, кең даланың төсімен ауылға тарттық. Айдала, айналада ештеңе жоқ, ауыл жақты жобалап тартып барамыз. Аяғымызды жылдамдатып басамыз. Ұзақ жүрдік. Қанша жүргенімізді білмейміз. Бір кезде алдымыздан үй шықты. Жүсіп деген шалдың үйі екен. Сол үйдегі апа кімнің баласы екенімді сұрады. Аршакүлдің баласы екенімді айтқанымда «Айналайын-ай» деп бетімнен сүйіп:  «Иманқұлдың баласы екенсің ғой, екі ұлы бар деуші еді» деп шай қойып, самаурында қалған еттен алдымызға қойып, әбден тойдырып, нан, құрттан жолымызға салып беріп шығарып салды. Сонда досым екеуміз бір күн, бір түн жол жүріп таңға таяу ауылға жеттік. Сілем қатып келіп төсекте жатсам, таң атқанда үйге біреу келді. Көзімді ашып қарасам баяғы Жапан бригадир. «Айналайын-ау, келгенің жақсы болды. Анау мақтаға кеткен балалардың жартысы қашып кетіпті. Солардың орнына қырық адам сұрап жатыр. Дайындал, азанда сол жаққа кетесің. Аванс ретіне 50 сомнан береді» деп шығып кетті. Сонымен ертеңінен 30 адамды мінгізген екі ағаш кабиналы жүк көлігі  мақталы өңірге қарай тартты. Жүргізушілері Орынбасар Өмірзақов пен Амантай Әлжанов дейтін кісілер. Мақтаны теріп қарық қылған жоқпыз. Күнде жауын-шашын. Текке жата бергенде неғыламыз? Қайту үшін сұрансақ жібермейді. Болмаған соң қапшығымызды арқалап жолға шықтық. Көргендер бастығымызға хабарлады-ау. Жұмысқа шыға алмай жүргенімізді өзі де көріп жүр. Артымыздан көлік жіберіпті. Жанымызға келіп тоқтаған көліктің жүргізушісі дәу қазақ екен. «Мініңдер, қашқындар» деп күліп қояды. Көлігіне отырғызған ол Сырдария станциясына әкеліп тастады. Ол жерден пойызға мініп, Ташкентке келдік. Вокзалда қапшығымызды сүйретіп шұбырып жүрміз. Сонда үш-төрт милиция бізді қоршай тоқтатты. Сөйтіп қасымдағылардан өзбекшелеп жөн сұрады. Мен екі ортада аудармашы болдым. Мақта теруге келгенімізді, Созаққа қайтып бара жатқанымызды айттым. Милиция бастығы Созақтың қай жақта екенін сұрағанда, Түркістан жақта екенін айттым. Неге екенін білмеймін милиция бастығы қуанып кетіп: «Болды, қазір жарты сағаттан соң Москваға баратын пойызға мінгізіп жіберемін. Тегін барасыздар» дейді. Солай етті де. Түнде Түркістаннан түсіп, екінші пойызға отырдық. Оның іші қап-қараңғы. Әр жеріне қол фонар іліп қойыпты. Бұл пойызбен Ащысайға жетіп алдық.  Жоғарыдан хабарлап қойған-ау. Түс қайта ауылдан екі жүк көлігі келіп алып кетті. Қыс ауасы суық. Көлік үстінде қатты жаурап қалдық. Онымен күн бата Шолаққорғанға әрең жеттік. Мен сонда көкемнің үйінде қалып қойдым. Осылай Мақтаралдан да қайттық-ау.

Үйге келген соң көп уақыт өтпей Ұласбек көке келді. Амандық-саулықтан соң біраз отырды да: «Гаражда тракторшы дайындайтын үш айлық курс ашылыпты. Сонда барып оқып ал» деді. Сөйтті де мені бас инженер Қалыбекке  ертіп барып, курсқа арызымды жаздыртты.  Осылай ойда-жоқта оқуға қабылданып, мамандық игердім. Бізді Көшінбай Исламбеков пен Сағат Атабеков оқытты. Үш айлық курстан соң маған шаруашылық «МТЗ-5» маркалы трактор берді. Кабинасы жоқ жайдақ трактор. Сонымен тауға егіске жіберді. Егісте мен тұқым тасимын. Егіс науқаны біткен соң шөп басталады. Жайдақ тракторды тырылдатып шөпке кірісемін. Күйбең тірліктің жазылмаған кестесі осылай айналып келе береді. Ал Сәруар ағам кесек құйып, үш бөлмелі үй салды. Оның бір бөлмесіне біз, екінші бөлмесіне нағашым кірді. Бұл тұшымды тұрмыстың басталғанының белгісі емес пе? Аяққа тұрды деген осы.

Үйге кейде Сәруар ағаммен бірге Тайкешев деген кісі келіп тұратын. Оның жасы ағамнан үлкендеу. Басынан үнемі қара тақиясын тастамайтын. Көп уақыт өтпей Сәкең мен сол Байекешов көлік жүргізушісінің оқуын оқыды.

1961 жылы мені әскер қатарына шақырды. Әйткенмен, Шымкент қаласынан қайттым. Облыстық әскери комиссариатта денсаулығымды жарамайды деп тапты. Бірақ, артынша Сәруар ағайыма әскерге шақырту келді. Кешке дейін көлік айдап, әбден шаршап сона-аау құмнан келген бетте ауданға алып кетті. Қасында Айтуар, Сәруар және Тұрғанбайлар бар. Түнде алып кеткен оларды таңертең Свердловск деген жердің түбіне аттандырып жіберген. Түс көргендей болған ағам Нижний Тагилде үш жыл әскери борышын өтеп қайтты. Сәкеңнің  әскерге кеткеніне бір жыл толғанда әпкем жол апатынан қайтыс болды. Бұл хабар жеткен соң ағам шалғай жерден келіп кетті. 1964 жылы о дүниеге анам аттанды. Шешемнің қазасын ағама хабарламадық. Алыс жерден келіп-кету оңай емес. Осы жылы нағашым да көз жұмды. Өмір өзгерістің алаңы секілді. Бүгін жаныңда жүрген жандарды аз ғана уақыт ішінде қасыңнан таппай қаласың. Ағам әскерден келгенше жалғыздықтан жаным жабырқаған сәттер аз емес. Ал ағам келгенде де алғашында құлазыған көңіл көтеріле қоймады. Өйткені, төрт  қабырғаның ішінде екеуміз-ақ. Ананың орны әулиенің орны секілді. Дегенмен «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, біз де өз ісімізді жалғастырып жүрдік. Шолаққорғандағы автобаза жанынан автомектеп ашылыпты. Сонда оқып жүргізуші куәлігін алғым келді. Бұл жалғыз менің мақсатым еес. Жұмыстағы менен басқа төрт тракторшының ойы осыған ойысқан. Бесеуміз де сол автомектепке бардық. Бірақ, мұнымызбен кеңшар директоры Шырынбеков келіспеді. Өйткені, бірден 5 тракторшының кетіп қалуы оған оңай емес. Біз курсты бітіріп болған кезде кеңшарға шақырып «Егіске барыңдар, егінді егіп келсеңдер бесеуіңе де бір-бір жүк көлігін беремін» деп уәдесін берді. Көктемгі дала жұмыстарын аяқтап келгенімізде директор сөзінде тұрып, бесеумізге де «ГАЗ-51» көліктерін берді. Кабинасыз, селкілдеген тракторда отырып әбден ығырымыз шыққан біз «ГАЗ-51» көлігіне отырғанда «Волга» мінгендей сезіндік. Жұмысқа деген құлшынысымыз артты. Жастық жалынмен қажырлы еңбек етіп жүргенімде 1965 жылы Сәруар ағам өзінің сүйген жарына жолықты. Екеуі қол ұстасып шаңырақ көтерді. Өшкеніміз жанып, келешектің кемесіне мінгендей болдық. Жарты жылдай уақыт өткен соң мен қайтадан тракторға отырғанды дұрыс көрдім. Бір үйде екі адам бірдей машина айдамай-ақ қоялық деп шештім. Оның үстіне, тракторшының жалақысы көптеу. Кеңшар маған шынжыр табанды «ДТ-75» берді. Оны қараша айына дейін айдағанда әскер қатарына шақырту келсе бола ма? Жасым 23-ке келіп қалған. Амалсыз әскерге барып, 2 жылдан соң денсаулық сыр берді. Келген соң қайтадан тракторды тізгіндедім. Ауыл шаруашылығының шаңымен шаң, батпағымен батпақ болып жүрдім. Үйленерде қыз таңдап көп жүріп қалдым. Әйтеуір 1971 жылы үйдегі ханымға жолығып, 12-маусым күні қосылдық. Сонда мен 29 жаста едім. Дүниеге 7 бала келіп, 5-уі қалған. Сол бес баладан 15 немере, екі шөбере көріп отырмыз. Балалардың барлығы үйлі-жайлы. Құдайдың көрсеткеніне шүкір. 44 жыл еңбек етіп, 2005 жылы зейнетке шықтым. Қазір жасым 80-нен асып барады. «Бала батыр, қариялар азайып бара жатыр, бірі кетіп келместің кемесіне, бірі күтіп кемені жағада тұр» дегендей, біздің де сол кемені күтіп жағада тұрған жайымыз бар.

Қамбар ИМАНҚҰЛҰЛЫНЫҢ әңгімесін жазып алған

Төлебай ҚАРАМЕНОВ

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.